10 желтоқсан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 10 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

1 шілде. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

Дүниежүзілік футбол күні

БҰҰ-ның шешімімен бекітілген. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған спорттың бұл түріне халықаралық қоғамдастық ерекше құрмет көрсетеді. Футбол ойыны туралы алғашқы деректерді тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы Қытай жылнамасынан тапқан. Ол Цу Чю деп аталған. Футбол ойыны қытай жауынгерлерін бабында сақтауға септігін тигізген деседі. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп VIII ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың «жабайы ойынын» атайды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Футболды біздің заманымызға дейінгі екі жарым мыңжылдықта Ежелгі Грекияда, Римде де ойнаған.

Халықаралық адам құқықтары күні

1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдады. Барлық елде 1950 жылдан бастап аталып өтеді.

Жануарлар құқығын қорғау күні

Бұл күн 1998 жылы Адам құқығы декларациясына қол қоюдың 50 жылдығында мақұлданды.

Нобель сыйлығын тапсыру күні

Жыл сайын Норвегия королінің қатысуымен Осло университетінің үлкен залында және Швецияның Стокгольм қаласында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтеді. 1900 жылы құрылған Нобель қорының бастапқы капиталы 31 миллион швед кронасы болды. Алғашқы Нобель сыйлығы 1901 жылғы 10 желтоқсанда табыс етілді. Физика, химия, физиология және медицина бойынша сыйлықтар Стокгольмде, ал бейбітшілік сыйлығы Осло қаласында беріледі. 2004 және 2005 жылдардағы ақшалай сыйлықтың көлемі 10 миллион швед кронасын құрады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы Алматыда тұңғыш Қазақ мемлекеттік медицина институты ашылды (ҚазММИ). Оның ректоры болып Ленинград әскери-медициналық академиясының түлегі Санжар Асфендияров тағайындалды. 1963 жылы жоғары оқу орны Алматы мемлекеттік медициналық институты (АММИ) болып өзгертілді. 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен С. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетіне «Ұлттық университет» мәртебесі берілді.

1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Президиумы өз жарлығымен Ақтау қалалық кентін өлкеге бағынышты қалалар санатына жатқызу туралы қаулы шығарып, оған Ақтау атауын берді.

1991 жылы Алматыда ашылған Жоғарғы кеңестің жетінші сессиясында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атауға шешім қабылдады.

1991 жылы Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ант беру рәсімі өтті. Осыдан кейін Қазақстан Жоғарғы кеңесінің қаулысымен Президент өз қызметіне кірісті.

1991 жылы ҚР Президентінің «Алмас» қорын құру туралы Жарлығы шықты.

1996 жылы Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 2011 жылы Астанада Сербия Республикасының Елшілігі ашылды. 2019 жылы Сербия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды, бұл Қазақстан мен Сербия арасындағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.

1997 жылы Ақмола қаласы (қазіргі Астана қаласы) Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.

2010 жылы Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа ескерткіштің ашылуына даңқты жауынгер-жазушының ұрпақтары, замандастары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан соғылған. Бұл – батырдың сом тұлғасын айшықтайтын қаладағы алғашқы естелік. Авторлары – Нұрбол Далбай мен Расул Сатыбалдиев.

2013 жылы Конакриде Ислам Ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлер Кеңесінде (ИЫҰ СІМК) штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымын құру туралы шешім қабылданды. Жаңа ұйымның жарғысына 19 мемлекет қол қойды.

2014 жылы Италиядағы ірі баспалардың бірі «Сандро Тети Эдиторда» итальян тілінде «Қазақстан – Еуразия орталығы» кітабы басып шығарылды. Оның авторы – геосаясат саласындағы итальян сарапшысы Фабио Индео.

2016 жылы «Астана Балет» театры салтанатты түрде ашылды. Қазақ ұлттық хореография академиясының жанында орналасқан. Көрермен залының сыйымдылығы – 783 орын, соның ішінде партер – 609 орын, балконның екінші ярусы – 104 орын, балконның үшінші ярусы – 70 орын. Дизайнерлердің ұсынған жобасы бойынша, алтын-қоңыр түсті шымылдық ілініп, орындықтар жауқазын түстес материалмен қапталған, ал еден қоңыр түсті. Сахнаның ауданы – 536 м². Сахнаны трансформациялау үшін қозғалмалы және көтеру-түсіру механикасының ең озық технологиялары пайдаланылды.

2018 жылы ел астанасының Алматыдан Ақмолаға ауысу құрметіне Астанада тұңғыш рет «Елорда жұлдызы» сыйлығын бекітті. Алғашқы марапатты Astana Ballet театры, «ЭКСПО-2017» компаниясы, «Спарта-Номад Астана» КВН командасы және «Жастар» театры иеленді. Елорда Алматыдан Ақмолаға ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанында ауысты.

2019 жылы Шымкент қаласында Семей ядролық сынақ полигонының құрбандары мен ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Ескерткіш тақта Ж. Тәшенов және Бекет батыр көшелерінің қиылысына орнатылды.

2021 жылы Брюссель қаласында (Бельгия) «Тарих ағымындағы Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігі. Қазақ мемлекеті XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарда» кітабы жарыққа шықты.

2023 жылы жеңіліс көрмеген Жанқош Тұраров (28-0, 21 КО) IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап, WBA Gold титулын жеңіп алды. Алматыда өткен бокс кешінде Тұраров жапондық Акихтро Кондоны (37-11-3, 21 КО) бірауыздан ұтты. Кондо үшін бұл оның Жапониядан тыс жерде өткізген мансабындағы екінші жекпе-жек болды.

2023 жылы Қазақстан алғаш рет практикалық мылтық атудан әлем чемпионатында алтын жеңіп алды. Наталья Местоева екі медаль жеңіп алды: алтын және дуэльде бірінші орын, сондай-ақ жеке сында қола және үшінші орын. Қазақстан әйелдер құрамасы командалық есепте екінші орын алды.

Соңғы жаңалықтар