10 жыл күткен алтын медаль – Астаналықтар Михаил Шайдоровты күтіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәнерлеп сырғанаудан Сеулде өткен төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы Михаил Шайдоров елге оралды. Спортшыны Астана әуежайында жанкүйерлері сән-салтанатпен күтіп алды.

10 жыл күткен алтын медаль – Астаналықтар Михаил Шайдоровты күтіп алды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Отандасымыз қоссайыста 285.10 ұпай жинап, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея спортшыларын айқын басымдықпен жеңді. 

10 жыл күткен алтын медаль – Астаналықтар Михаил Шайдоровты күтіп алды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Ал жақында Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында Михаил Шайдоров қола жүлде жеңіп алған еді.

− Бұл жарыс өте ауыр өтті. Өйткені төрт құрлық чемпионаты бірден Азия ойындарынан кейін өтті. Шын мәнінде түрлі күйді бастан өткердім, біріншіден, қысқа бағдарламадан кейін көшбасшы боп шығатыныма сенбедім, еркін бағдарламаға шығу өте қиын болды. Жалпы спорттық мансабымда алғаш рет менің музыкам емес, басқа әуен қосылып кетті. Бірақ бұл мені мүлде шатастырмады, барынша таза сырғанадым. Бұл мен үшін нағыз ғажайып сәт болды, өйткені осыдан 10 жыл бұрын дәл осы аренада Денис Тен дәл осындай ұпаймен бірінші орын иеленген еді, − деді М. Шайдоров агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

10 жыл күткен алтын медаль – Астаналықтар Михаил Шайдоровты күтіп алды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Спортшы жеңіске жетемін деп ойламағанын, бірақ жүлделі орындардың біріне үміттенгенін жасырмады.

− Қысқа бағдарламада да, еркін бағдарламада да үздік шығып, төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы боламын деп ойламадым. Әлі күнге дейін толық сезіне алмай жүрмін. Ұйымдастырушылар менің музыкамды қате қосқаны үшін кешірім сұрады. Үш күн бойы қайта-қайта кешірім сұрап жүрді. Бірақ бұл қателік мені мүлде ойымнан жаңылдырмады, керісінше, маған көмектескен де шығар. Қазір аздап демалғым келеді, себебі жарыстар мен старттар бірінен соң бірі өтті. Ең бастысы — қалпыма келу, содан кейін Әлем чемпионатына бұдан да мықты дайындықпен бару, − дейді төрт құрлық чемпионы.

Сонымен бірге, М. Шайдоров Денис Тенмен кездескен сәттерін есіне алды.

− Алматыда Денис өткізген шеберлік сабақтарына бірнеше рет қатысу мүмкіндігі туды. Тіпті бір рет «Халық Арена» кіреберісінде Денисті танып, қол созып амандастым. Ол мені танымаса да, жылы шырай танытып, амандасты. Осы сәттің өзі мен үшін сөзбен айтып жеткізе алмайтын ғажап сезім болды, қаһарманыңмен қол алысудың өзі — ұмытылмайтын сәт, − деп еске алды М. Шайдоров.

Айта кетейік, осыдан 10 жыл бұрын марқұм Денис Тен де Сеул төрінде чемпион атанған еді. Михаил Шайдоров та Денис Тен мемориалында алтын медаль алған болатын.

Бұған дейін Астана жұрты әуежайдан қысқы Азия ойындарында ел қоржынына бір алтын, бір күміс медаль салған биатлоншы Владислав Киреевті қарсы алған еді.

 

Соңғы жаңалықтар