17:13, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асырудағы кемшіліктер анықталды ? прокурорлық тексеру
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елбасы міндеттеген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын қанағаттанарлық деп бағалауға болады.
Алайда осы бағыттағы жұмыстарға жүргізілген тексерулер бағдарламаны іске асыруда біршама кемшіліктердің орын алғандығын көрсетті. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтері бойынша, бағдарлама талаптары бойынша елімізде 103 аурухана салынуы қажет болатын. Оның 4-еуі республикалық маңыздағы нысандар. Сондай-ақ барлығы 86,3 мың орындық 106 мектеп салыну қажет еді. «Бүгінде еліміз бойынша 7 денсаулық сақтау нысаны мен 46 мектептің құрылысы аяқталды. Алайда прокурорлық тексерулер осы жұмыстар барысында біршама кемшіліктердің жіберілгендігін анықтады. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік сатып алулар туралы, техникалық реттеу мен жемқорлықпен күрес сияқты салалардағы заңнамаларды бұзу болып отыр. Сонымен қатар құрылыс нормаларын сақтамау, құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалау шараларының тиісті деңгейде атқарылмауы сияқты кемшіліктер де бар», дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, еліміздің бірқатар аймақтарында сатып алулар туралы заңнамалар өрескел бұзылған. Кей жағдайда тіпті қаржылық мүмкіндіктері күмәнді деген компаниялардың өзі байқаудан сүрінбей өткен. «Алматыда осындай құрылысты салмақ болған 3 компанияның қаржылық мүмкіндіктері талапқа сай болмай шықты. Ал Қостанайда облыстық қан орталығын салуға арнайы құрылыс техникасы бар екендігін растайтын құжаттары жоқ компания тартылған. Осы фактінің барлығы да конкурстық комиссия өкілдерінің заңды тұлғаларға заңнан тыс басымдықтар бергендігін көрсетеді», дейді С.Нұрпейісов.