«100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасына бөлінген қаржы ысырап болуда - Қаржы полициясы

Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласы әкімшілігінің құрылыс бөлімінің бастығы осы қалада орта мектеп салуға бөлінген 13 миллион теңгені ұрлап, қамауда отыр. Ал Шымкент қалалық әкімшілігінің құрылыс бөлімінің бастығы осы қаладағы «Азат» шағын ауданында орта мектеп салуға бөлінген 51 миллион теңгені ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуда. Сондай-ақ Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының құрылыс бөлімінің бастығы жалған төлем құжаттарын қолдану арқылы «Айдарлы» ауылындағы мектеп құрылысына бөлінген 605 миллион теңгені жымқырған.