100 жас сержант Қарулы күштер қатарына қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігінің Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінде оқуды аяқтауға арналған салтанатты рәсімі өтті.
Биыл әскери оқу орнын 100 кадет тәмамдап, кәсіби сержанттар корпусының қатарына қосылды.
Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Дәстүрге сай оқу бітірушілер Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт мақтанышына тағзым етті.
Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков жас түлектерді құттықтап, Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.
— Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы білім ордасы үшін — бүгін ерекше күн. Бұл жаңа буынның сапқа қосылу күні. Бүгін түлектеріміздің ішінен оқуда, әскери-тәртіпте және қоғамдық өмірде ерекше көзге түсіп, колледжді үздік дипломмен аяқтап отырған сегіз оқу озаты бар. Үздік дипломдар болашақ мінсіз офицерлік және сержанттық мансаптарыңыздың берік іргетасы. Енді осы биіктен түспеңіздер. Сіздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Әскери серт бердіңіздер, енді Отанға деген адалдық өмірлік бағдарларыңыз болуы тиіс, — генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Салтанатты рәсім аясында жас сержанттар Қазақстан Республикасы Қарулы күштері сержантының ар-намыс кодексін қабылдап, сержанттар корпусына қабылдау рәсімінен өтті. Бұл — әскери қызметке адалдықты, жоғары жауапкершілік пен кәсіби міндетке беріктікті айқындайтын маңызды әскери дәстүр.
— Осы айтулы күнде бізге сапалы білім, темірдей тәртіп және отанға деген шексіз махаббатты бойымызға сіңірген колледждің басшылығына, ұстаздарымызға, командирлерге барлық түлек атынан алғысымды айтамын. Сіздер бізді заманауи әскери біліммен сусындатып қана қоймай, Бауыржан Момышұлының тактикалык көрегенділігі мен Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың мемлекетшілдік ұлы қасиетін бойымызға сіңірдіңіздер. Біз Қарулы күштердің жаңа буынымыз, Отан алдында берген әскери антымызға өмір бойы адал болуға уәде береміз, — деді оқу үздігі сержант Өміржан Тасболатов.
Бұл күні жас сержанттардың ата-аналары да толқыныстарын жасыра алмай, перзенттерінің жетістігіне шын қуанды.
— Бауыр еті балаларымыз бүгін сержант атанып жатыр. Үлкен жолға қадам басқан барлық түлекке сәттілік серік болсын. Отан қорғау сәтінде абыройлары биік болсын, — деді ата-ана Нұрсұлу Өтеуліқызы.
Саптық дефиле көрсету барысында әскери қызметшілер қимылдарының дәлдігімен және қаруды мінсіз меңгеруімен көрермендерді тәнті етті.
Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары деңгейде өтті. Мерекенің шырайын дәстүрлі мерекелік вальс аша түсті. Жас сержанттар бал көйлектерін киген арулармен вальс билеп, гүл шоқтарын тарту етті.
Іс-шара Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының орындауындағы әсерлі әнмен және суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.
Айта кетелік Қорғаныс министрлігі әскерде намаз оқуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.