100 жыл бұрын балалар қандай кітаптар оқыған - фоторепортаж

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына барған әр адам шетел және қазақ классиктерінің таңдаулы туындыларымен таныса алады. Сонымен қатар, кітапхана қоры баспалардың, авторлардың өздерінің және кітап дүкендерінің кітаптарымен үнемі толықтырылып отырады. Кітапхана басшылығы жас оқырмандарға да жағдай жасауды ұмытпайды. Балаларға арналған залда ең жақсы деген балалар ертегілері, танымдық энциклопедиялар бар. Осы орайда, Ұлттық академиялық кітапханада атқарылып жатқан жұмыстарды көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

100 жыл бұрын балалар қандай кітаптар оқыған - фоторепортаж

Сирек кездесетін кітаптар қоры

Ұлттық академиялық кітапхананың ерекшелігіне тоқталсақ, атақты жазушылар, ақындар, ғалымдардың атаулы залдары бар. Мұқағали Мақатаев атындағы залда қазақ зиялылары өкілдерімен кездесулер, әдеби кештер тұрақты өтіп тұрады. Қабырғаға ілінген QR-код арқылы оның өлеңдерін электронды форматта оқи аласыз. Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Әбдіжамал Нұрпейісов, Кемел Тоқаев атындағы залдарда авторлардың жеке қорында болған кітаптар сақталған.

2017 жылы «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында жазушылар мен ақындардың балалары мен немерелері кітапханаға осы кітаптарды сыйға тартты. Сонымен қатар, олардың жеке заттары осы залдарда сақталып тұр.

Әсіресе, «Астана» залының құрылу тарихы қызықты. Кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қызметі жетекшісінің орынбасары Айман Құсайынованың айтуынша, зал елорданың 20 жылдығын атап өту кезінде ақын, жазушы Нұрғожа Ораздың құрметіне ашылған. Мұнда қаламгердің жеке кітапханасындағы 5 мыңға жуық кітабы сақталған.

Балалар әдебиеті бөлімі 6-дан 14 жасқа дейінгі жас оқырмандарға ашық. Мұнда қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі 13 мыңнан астам кітап сақталған.

Атап айтқанда, Ұлттық академиялық кітапхана заман ағымынан қалыспай, тың жобаларды енгізіп келеді. Құнды қолжазбалар мен кітаптар кітапхананың www.kazneb.kz электронды порталына орналастырылған.

Бұл жұмысты Электрондық ресурстарды басқару қызметі жүзеге асырады. Жүйеге білім беру салаларындағы 64 000 құжат жүктелді. Жүйеге100-ден астам елден кіретін оқырмандар порталды пайдаланып отыр. Осы орайда, контент 49 тілде орналастырылған. Сондай-ақ, порталда сирек құжаттарды және қолжазбаларды көруге болады. Сайтқа 8 948 сирек кітап пен қолжазба жүктелді.

Ұлттық академиялық кітапхананың қазынасы мен мақтанышы – кітап музейінде орналасқан сирек кітаптар қоры. Музей 2014 жылы кітапхананың 10 жылдығына орай ашылды. Кітапхана қоры 1,5 миллион болса, оның 13 мыңнан астамы сирек кездесетін кітап. Олардың барлығы кітап музейінде сақтаулы.


100 жыл бұрын балалар осы кітаптарды оқитын

Музейде шынымен де ең құнды заттар сақталған қазынаға ұқсайды. Осында парақтарына сурет салынған көне кітапты қызықтап көруге болады.

Музей жетекшісі Дариға Дәуренбекованың айтуынша, бұрын фотоаппараттар болмаған кезде, саяхатшылар мен тарихшылар суретшілерді өздерімен бірге сапарға алып шығатын.

«Бұл кітап репринт нұсқада қайта басылып шығарылған. Түпнұсқасы Париждегі Луврда сақтаулы. Кезінде саяхатшылар, тарихшылар суретшіні өздерімен бірге алып жүретін еді. Олар саяхатта көргендерін қағазға көшірді. Суретші Ле Дюк көптеген елге саяхаттаған. Ол осы елдердің бәрін аралап, көргендерін сурет етіп салған. Бұл жинақта сол кезеңнің суреттері бар. Осы суреттерден сол кездегі өмір сүру салтын елестетуге болады. Онда 1735 жылдағы көріністер бейнеленген. Ұлттық киімдер, адамдардың тұрмысы, өсімдік пен аң, еңбек құралдары анық және айқын көрінеді», - деді музей жетекшісі.

Қорда Құран Кәрімге түсінік беретін «Құран тәпсірі» қолжазбасы сақталған.

«Бұл жеке коллекционердің сыйы. Қолжазбаның ерекшелігі – оны бір әулеттің 7 буыны жазған. Кітап 990 беттен тұрады және әр бетте рудың жеке мөрі басылған. Әр парақтың шеттері алтын түспен бедерленген. Кейіннен қолжазбаны Иранда қалпына келтірдік», - деді Д. Дәуренбекова.

Жеке сөре ұлы ойшыл Абайдың шығармаларына арналған. Олардың бірегейі – Абайдың алғашқы басылымдары.

«Бізде Абайдың алғашқы кітабының көшірмесі бар. Түпнұсқалар Семейде, Алматыда, Санкт-Петербордың ірі кітапханаларында. Абайдың 1933 жылы басылған шығармалары да бізде сақталған», - деді музей жетекшісі.

Айта кетейік, «Бұл кітаптарды балалар 100 жыл бұрын оқыған» атты көрме көпшілік үшін өте қызықты. Композияция қазақ зиялыларының балаларға арнап дайындаған кітаптарды қамтыған. Соның бірі – қазақ ақыны, драматург, аудармашы Ілияс Жансүгіров дайындаған «Балаларға базарлық» кітабы.

«Ілияс Жансүгіров балаларға шағын кітаптар арнады. Ол кезде бояу мен қағазға қатысты қиындықтар болды, бірақ олар балаларға арналған түрлі-түсті кітаптарды шығаруға тырысты. Атап айтқанда, әр кітаптың өз тарихы бар. Қазақ жазушылары әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын аударып, олар да латын графикасында жарық көрді», - деді Д. Дәуренбекова.

Полиграфия тұрғысында ерекше және қызықты кітаптар бар. Мысалы, Омар Хайям рубаилары кітабы күміспен безендіріліп, таза былғарыдан жасалған. Ол - бірегей әрі шағын таралыммен шығарылған эксклюзивті басылым. Кітапханада өте кішкентай кітаптар жинағы да бар. Олар түрлі елдерден жеткізілген. Гоголь шығармаларының толық жинағы, яғни репринт нұсқадағы оның дәл көшірмесі бар. Табиғи жібектен жасалған қытай кітаптары көп.

«Көптеген кітапты бізге оқырмандар өздері сыйлады. Оларды бірегей олжа десек те болады. Бізге бейтаныс адам Құран кітабын сыйға тартты. Бұл кітаптың тарихы ерекше. Оның атасы ғалым болған, ол адамдарды емдеген, бірақ Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. Кейіннен ол кісі Ресейде қайтыс болды. Ескі үйі жөнделіп жатқанда, балалары осы кітапты тауып алыпты. Өздері қалпына келтіріп, бізге беруге шешім қабылдады», - дейді Дариға Дәуренбекова.


Ресейден құнды құжаттар жеткізіледі

2022 жылдың басындағы жағдай бойынша Ұлттық академиялық кітапханада 517 281 оқырман тіркелді, оның ішінде 475 720-сы қашықтан кітапхана қызметтерін пайдаланып отыр. Биылдың 9 айында оқырмандар саны 47 724 болса, оның 7 266-сы жаңадан қосылған.

Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиеваның айтуынша, электронды және қағаз кітаптар қатар жүруі керек. Сондықтан, ең алдымен кітапханаларда бай кітап қорын қалыптастыру керек. Баспагерлер кітаптардың бір данасын үнемі Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартып тұрады. Бағалы сыйлық жасап жатқан авторлар да бар. Кейбір кітапханалар мен кітап дүкендері де өз кітаптарын сыйға тартады.

«Жақында Минскіде өткен кітапханашылардың кеңесіне қатыстым. Біз пікір, ақпарат алмастық, өзара ынтымақтастық орнаттық. Кездесудің нәтижесінде Санкт-Петербордағы президенттік кітапхана бізге 76 құжатты тапсыратын болды. Ақмола, Торғай облыстарының карталары, басқа өңірлерімізге қатысты мәліметтер, хаттар, фото және бейне құжаттар бар. Президенттік кітапхананың басшылығы бұл құжаттарды бізге электронды форматқа көшіріп беруге келісті. Елімізге қатысты мәліметтер мен қолжазбаларды жинауымыз керек. Сирек кездесетін кітаптар қоры – кітапханамыздың асыл қазынасы», - дейді Ғазиза Нұрғалиева.

Ұлттық академиялық кітапхана директоры оқырманға қолайлы болуы үшін кітапхананың қызметіне, кітап қоры мен инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлу керек деп есептейді.

Сонымен қатар, Ұлттық кітапханада әдеби кештер, баспасөз конференциялары, авторлармен кездесулер өткізіліп тұрады.

«Біз кітап клубтарын ұйымдастырдық, оқырмандарды кітапхана өміріне тарту мақсатында іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Ұлттық академиялық кітапханамызда оқырмандар клубы жұмыс істейді. Тағы үш кітап оқу клубы ашылады. Бұл – жақсы үрдіс. Олар кітапты талқылайды, авторды кездесуге шақырады. Одан бөлек әдеби кештер, басқа да іс-шаралар өткіземіз. Осындай кездесулерге 50 адам келсе, қатарымыз тағы да 50 оқырманмен толығады деген сөз. Кітапханаға бару тегін екенін көбі біле бермейді. Кітапханашылармен мұндай сұхбаттар, фоторепортаждар да кітапхананың және осында қызмет ететіндердің имиджін көтеруге септігін тигізеді. Кітапханашы күніне орай олар түрлі кездесулерге, тікелей эфирге, сұхбаттарға шақырылды. Жұмысымызға осындай көңіл бөлініп жатқаны бізді қуантады», - деді Ғазиза Нұрғалиева.