1000-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ерте қаржыландыруға өтінім берді

АСТАНА.KAZINFORM - Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1 қазанда басталды. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 149,6 млрд теңге болатын 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің тізімі жасақталды.

Жақында қайтарымсыз грант бөлу бойынша өтінімдер қабылдаудың 2-ші кезеңі басталады
Фото: Pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, ерте қаржыландыру аграрлық сала өкілдеріне келер жылғы ауыл шаруашылығы маусымына тиімді дайындалуға, жанар-жағармайды тиімді бағамен алуға, тыңайтқыш сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы кезеңде қаржылық ресурстарға қолжетімділік – егіс науқанын табысты өткізудің негізгі шарттарының бірі.

Бағдарлама бойынша жылдық 5%-бен жеңілдікпен сыйақы мөлшерлемесі көзделген. Бөлінген қаражатты егіс жұмыстарына дайындыққа, жинау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ маусымдық шығындарды өтеуге бағыттауға болады. Кепілмен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтары бар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған: қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» қорының кепілдігімен қамтамасыз етіледі. 

Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі және еліміздегі серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады.
Аграрлық несие корпорациясы іске асырып отырған кешенді тәсіл аймақтарға қарамастан фермерлерге қолдаудың қолжетімділігін және жеделдігін қамтамасыз етеді.
Бұл аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға және маусымдық дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге ықпал етеді.

Бағдарлама жөніндегі толық ақпарат Agrocredit.kz сайтында орналастырылған. Сондай-ақ кеңес алу үшін Call-орталық нөмірлері: 5353 (Kcell, Activ, Beeline) және +7 775 007 68 07 (Tele2, Altel) арқылы хабарласуға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қаржы институттарының алдына көктемгі егіс жұмыстарын уақытында қолға алу туралы міндет қойған болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыру және қолдау шараларын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар аясында биыл «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылғы 1 қазаннан басталды.

Соңғы жаңалықтар