102 жастағы жапон азаматы Фудзи шыңына шығып, Гиннестің рекордтар кітабына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония азаматы Кокити Акудзава 102 жасында елдің ең биік нүктесі – 3 776 метрлік Фудзи тауының шыңына шығып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол бұл ерлігі арқылы Фудзиге шыққан ең қарт ер адам атанды.

102-летний японец попал в Книгу рекордов Гиннесса, покорив вершину горы Фудзи
Фото: Guinness World Records

Кокити бұған дейін де бірнеше рет Фудзи шыңын бағындырған, соңғысы — 96 жасында болған.

Гиннестің ресми мәліметі бойынша, 3 тамыз күні таңертең Кокити ең оңай (бірақ сонда да жеңіл емес) саналатын Ёсида бағытымен көтеріле бастаған. Шыңға көтерілу әдетте шамамен 6 сағатқа созылады, бірақ Кокити жолды жеңілдету үшін оны үш күнге созып, екі рет тау баспаналарында түнеген. Жолда ол суық пен қатты желге төтеп беріп, атмосфералық қысым мен оттегі деңгейінің төмендеуін бастан өткерді – бұл жағдайлар тіпті жас адамдар үшін де ауыр сынақ.

Алғашқы екі күн сәтті өтті, бірақ үшінші күні Кокити өзін нашар сезініп, тоғызыншы аялдама маңында жолды жалғастырудан бас тартқысы келді.

Жолдастары оны тоқтатуға қарсы болмады, себебі соңғы бір жылда ол ауыр кезеңдерді бастан өткерген: қыста тауға шыққан кезде сүрініп құлаған, кейін белдеулік теміреткімен ауырған, жүрек жеткіліксіздігін бастан өткерген. Соған қарамастан, күн сайын таңертең ерте тұрып, бір сағат серуендеп, аптасына бірнеше рет тауға шыққан.

Оны жалғастыруға көндірген жалғыз адам — 70 жастағы қызы болды. Ол әкесіне: «Бір қадамнан бастайық. Жалғастыра бер!» — деп жігер берді.

Ақыры 5 тамыз күні Кокити Фудзи тауының шыңына аман-есен жетті.

Одан тағы да тауға шығу ойы бар-жоғын сұрағанда, ол әзілмен:  — «Енді ешқашан!» — деп жауап берді.

— Келесі жылы сұрасаңыз, мүмкін, ойым өзгерер. Қазірше осы жетістікке қуаныштымын, — деді бірақ артынша.

Бұдан бұрын Өзбекстанда бір күнде 1 900-ден астам робот құрастырылып, ел Гиннес рекордтар кітабына енгенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар