103 жастағы Р.Исқақова Сырым ауданында тұрады - БҚО

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Бұл күндері Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында тұратын Рабиға Исқақова 103 жасқа келіп отыр.

103 жастағы Р.Исқақова Сырым ауданында тұрады - БҚО

Оның балалық бал дәурені Атырау облысының Индер ауданындағы балалар үйінде өтті. Жастайынан ата-анадан айырылған жас қыз осында тәрбиеленді, ер жетті. Бертін келе балалар үйіндегі он екі қызды Жымпитының «Абай» колхозына жұмысқа жібергенде жас бойжеткен Рабиға өмірлік қосағы Бақытпен танысып, осы өңірде біржола тұрақтап қалды.

Рабиға Исқақова жастайынан соқамен жер жыртты, мал бақты, сауыншы да болды. Аштықты да, соғысты да бастан өткерген әже малдың терісінен аяқ киім тігіп алып, соғыстағы солдаттарға биялай, шұлық та тоқушы еді.

Әженің қосағы Бақыт ата шахтада еңбек етіп, бір қолынан айырылып, елге оралып мал баққан жан.

Рабиға әже кезінде жеті құрсақ көтерсе, оның төртеуі жастай шетінеп кетті. Ал Бақыт пен Рабиғаның қызы Үнзира Атырауда тұрса, Самат пен Болат Жымпитыда, Аманбайы қайтыс болды.

Рабиға әженің қосағы Бақыт ата 1989 жылы 61 жасында өмірден озды.

2006 жылы Жетікөлдің Ағоба ауылынан Жымпитыға қоныс аударған Рабиға әже ұлы Болат пен келіні Жұмазияның қолында бақытты ғұмыр кешуде. Ұрпақтарынан он бір немере, төрт жиен, үш шөбере қызығын көріп отырған Рабиға әженің саулығы өте жақсы. Тек көзінің көруінің нашарлығы мен жүруінің аздап кінәраттығы болмаса сөйлегенде, әңгіме айтқанда Рабиға әже алдына жан баласын салмайды. Немере, шөберелерін түгендеп, айналып-отыратын Рабиға әже осы жасқа келгенше дәрігерге қаралып, денесіне ине шаншып көрмепті де.

«Жақында аудан әкімі Руслан Сапарғалиев үйімізде болып, әжені жаңа жылмен құттықтап, сыйлығын табыс етті. Бұған көңіліміз едәуір көтеріліп қалды. Біздер бір үйде, он жан, келін-бала, қызым балаларымен бірге тұрамыз. Осы пәтер жағы қиындық етуде. Жасы ұлғайған, 103 жастағы әжені күтетін, жуындыратын арнайы бөлек, қолайлы бөлме керек-ақ», - дейді Рабиға әжені бағып отырған келіні Жұмазия.