105 млн теңге: Қостанайда алаяқтыққа қатысты іс бойынша кәсіпкерге үкім шығарылды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай қалалық соты шаруа қожалығының кәсіпкер әйелге қарсы берген талап-арызына қатысты істі қарады. Шаруа қожалығы 105 миллион теңгеден астам сомаға бидай жеткізіп берген, алайда ақысын ала алмаған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Шартқа сәйкес, төлем 20 күндік мерзімге кейінге қалдырылып төленуі тиіс болған. Алайда ЖШС басшысы ретінде әрекет еткен әйел өз міндеттемелерін орындамаған. Амалы таусылған фермерлер сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Бұған дейін кәсіпкер әйел аса ірі көлемде мүлікті ұрлағаны үшін сотталған екен. Сот барысында оның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бидайды төлем жасау ниетінсіз қабылдағаны анықталды.
Іс материалдарына сәйкес, шаруашылыққа келтірілген залал көлемі шамамен 100 миллион теңгені құраған. 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде жауапкер бар болғаны 21,5 миллион теңге ғана қайтарған. Қалған қаражаттың төленгенін дәлелдейтін құжаттар сотқа ұсынылмаған.
Сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, кәсіпкерді материалдық залалды өтеуге және сот шығындарын төлеуге міндеттеді. Қазіргі уақытта бұл шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, Қостанай облысында кәсіпорын өз қызметкерлеріне 56 миллион теңге шамасында еңбекақы төлемегенін жаздық.