106 жастағы қария ұзақ өмір сүруінің себебін атады
АСТАНА. KAZINFORM – Ғасыр жасаған ұлыбританиялық әйел ұзақ өмір сүруінің себебін жалғыздық және әзіл-қалжыңмен байланыстырып отыр.

Мэри Спирс өзінің кезекті туған күнін қарттар үйінде атап өтті. Бұл туралы Daily Record басылымы жазды.
Ол 1918 жылы тамызда Манчестерде дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери авиацияда қызмет еткен азаматқа ғашық болды. Көп ұзамай ғашығы өмірден өтеді. Мэри оған мәңгілік адал болуға өз-өзіне уәде етіп, ешқашан тұрмысқа шықпапты.
Мэри екі әпкесімен бірге өмірдің қызығы мен шыжығын бір кешкен. Бір қызығы, олар да соғыс кезінде ғашықтарынан айырылып, содан бері жігіт атаулыдан аулақ жүрген.
Мэри Спирс ұзақ өмір сүруінің себебі ретінде жалғыздық, байсалдылық және әзілге жақын болуды атап өтті.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Астанада жасы 100-ден асқан 21 қария тұратынын жазған едік.