108 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр: Түркістан облысында қанша пәтер беріледі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында баспана кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

үй кезегі
Фото: ЖИ

Бүгінде Түркістан облысында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 108 540 азамат бар. Соңғы бес жылда 8939 адам жалдамалы пәтермен қамтылған.

2025 жылғы 25 мамырдан бастап тұрғын үй беру мәселесі «Отбасы банк» құзыретіне толықтай өткен. Осыған байланысты тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Бұрын әкімдік кезегінде болған 69 119 азаматтың 56 697-сі, яғни 82 пайызы түгендеуден өтті. Қалған 12 422 азамат бойынша жұмыс жалғасып жатыр, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев.

Қазір облыста дайын тұрған 1009 пәтердің 843-і бойынша жалдау шарттары әзірленіп, баспаналарды тұрғындарға үлестіру жұмыстары қолға алынған.

Ведомство мәліметінше, өңірде 519 жалдамалы пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылысы аяқталған жағдайда, аталған баспаналарды жыл соңына дейін тұрғындарға беру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек өңірде 2542 отбасы тұрғын үйді жалдау ақысына субсидия алып отыр. Бұл мақсатқа биыл бюджеттен 500 млн теңге қарастырылған.

Бұған дейін Түркістан облысында жер кезегіне тұрғандар саны 500 мыңнан асқанын жазған едік.