11 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 8 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1883 жылы Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі – Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музейдің қалыптасуы мен дамуына ұлы ақын Абай, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы және көрнекті жазуші Мұхтар Әуезов айрықша үлес қосты. Бүгінде музей қорында 107 мыңнан астам жәдігер сақталған. Музей жанындағы ғылыми кітапханада 30 мыңға жуық кітап бар. Олардың қатарында сирек кездесетін құнды басылымдар да кездеседі.
1931 жылы Қарағандыда «Большевистская кочегарка» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде басылым «Индустриальная Караганда» атауымен шығады. Газетке қазіргі атауы 1963 жылғы 1 мамырда берілді. Редакцияның 50 жылдығы аталып өткен жылы газет ұжымы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
1991 жылы Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды. Ол ҚР Қорғаныс министрлігіне қарайтын, мәртебесі бойынша жетекші дербес мемлекеттік жоғары әскери оқу орны саналады.
2007 жылы «Шоқан Уәлиханов» атты желкенді кеме Ақтау қаласынан дүниежүзілік саяхатқа аттанды. Экспедиция экипажына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы табысталып, яхтада Мемлекеттік әнұранның әуенімен салтанатты түрде көтерілді.
2006 жылы Шалдай орманында алапат өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қаза тапты. Кейін осы қайғылы оқиғаға байланысты ашылған ескерткіштің мәрмәр тақтасына қаза тапқан орман инспекторларының есімі мен портреті қашалып жазылды.
2007 жылы Павлодар облысының Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза тапқан «Ертіс орманы» табиғи резерватының қызметкерлеріне арналған ескерткіш ашылды.
2010 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентіндегі № 250 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Айжан Қыдырбек Италияның Римини қаласында өткен «Римини фест» фестивалінде Бас жүлде жеңіп алды. 9 бен 25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысқан байқауда Айжан қазақ, орыс және итальян тілдерінде ән айтып, үздік атанды.
2013 жылы отандық ғалымдар Қытайдан қазақ тарихына қатысты Цин империясының мұрағат құжаттарын елге жеткізді.
283 томнан тұратын құжаттар жинағы 1730 жылдың соңынан 1911 жылдың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Онда қазақ-қытай арасындағы саяси, дипломатиялық және экономикалық байланыстар туралы маңызды деректер бар. Сондай-ақ отандық ғалымдар Түрік қағанатының тарихына қатысты көне түркі жазбалары мен қолжазба деректерін анықтап, цифрлық көшірмелерін жасады.
2014 жылы Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 148 шақырым жерде «Союз ТМА-12М» ғарыш кемесінің аппараты сәтті қонды. Ол ғарышта 170 тәулік болған Халықаралық ғарыш станциясының 40-шы экспедициясы экипажын – ресейлік ғарышкерлер Александр Скворцов пен Олег Артемьевті және NASA астронавты Стивен Свонсонды Жерге жеткізді. Экипаж өзімен бірге Жер орбитасында болған Қарағанды қаласының елтаңбасын да алып қайтты.
2015 жылы Грузияның Батуми қаласында Еуропалық конституциялық соттар конференциясының отырысы өтті. Жиында Қазақстан Конституциялық Кеңесін ұйымға бақылаушы мәртебесінде қабылдау туралы шешім қабылданды.
Бұл Қазақстанның конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудегі жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетті.
2018 жылы Минскіде өткен Ғарышқа ұшушылар қауымдастығының 31-халықаралық конгресіне қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов қатысты. Әлемнің 17 елінен 80-нен астам ғарышкер қатысқан форумда «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетов шетелдік әріптестерімен және Беларусь Ұлттық ғылым академиясының өкілдерімен пікір алмасты. Негізгі назар ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамытуға аударылды.
2019 жылы Бибісара Асаубаева «Алтын мангуст» орденіне ие болды. Қазақстандық шахматшы бұл марапатты иеленген ең жас спортшы ретінде тарихқа енді. «Спорттық Оскар» атанған орден спорттағы үздіктерге және саланың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларға табысталады.
2019 жылы «Ұлы Жібек жолы – диалог жолы» халықаралық экспедициясы өз жұмысын қорытындылады. Сапар барысында экспедиция мүшелері Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумағын қамтыған 4 мың шақырымнан астам жолды еңсерді. Бағыт Алматыдан басталып, Үлкен Алматы көлі, Есік, Шарын, Көлсай, Қаракөл, Кәжі-Сай, Токмок, Суусамыр, Талас, Тараз, Ақмешіт үңгірі, Сауран, Түркістан, Арыстанбаб, Отырар, Шымкент, Ташкент, Самарқанд, Қазығұрт, Меркі және Таңбалы арқылы қайтадан Алматыда аяқталды.
Экспедиция қорытындысында туризмді дамытуға қолайлы әрі тартымды орындар мен бағыттар айқындалды. Нысандардың нақты координаттары белгіленіп, фото және бейнематериалдар әзірленді. Сонымен қатар әрбір бағыт бойынша толық сипаттамалар жинақталды.
2020 жылы Бухаресте Абай мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – Қазақстан мен Румыния халқының өзара сыйластығының, екі ел тарихын танып өсетін жаңа ұрпақтың тәрбиеленуінің жарқын үлгісі. Еуропа мәдениетіне қосылу қазақ мәдениетінің реформаторы Абай ұмтылыстарының бірі болды. Оның бай мұрасы Шығыс пен Батыс мәдениеттерін тоғыстырып, өркениеттер арасындағы рухани байланысты нығайтты.
2021 жылы елордада Қазақстан-Германия орталығы салтанатты түрде ашылды. Оны құру туралы келісімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға алғашқы ресми сапары кезінде, 2019 жылғы желтоқсанда Берлинде қол қойылды.
Орталықтың басты мақсаты – Қазақстандағы немістердің этникалық болмысын, мәдениеті мен ана тілін сақтау. Сонымен қатар ол екі елдің іскерлік қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған диалог алаңы ретінде қызмет етеді.
2021 жылы Бухарестте «Қазақстан» саябағы ашылды. Ал елордадағы «Бухарест» скверінде румынның ұлы ақыны Михай Эминескудің бюсті орнатылды. Румынияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мадалина Лупу бұл бастаманы екі халықтың мәдени байланысын нығайтатын маңызды қадам деп бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан – Румынияның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Эминеску бюстінің ашылуы екі ел халықтарының бір-бірін жақынырақ танып, дипломатиялық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруіне ықпал етеді.
2021 жылы режиссер Фархат Шәріповтің «18 килогерц» фильмі XVII Қазан халықаралық мұсылман кинофестивалінде бас жүлде – Гран-приге ие болды. Сонымен қатар кинокартина операторлық жұмысы үшін де марапатталды. Бұл жүлде фильм операторы Александр Плотниковке табысталды.
«18 килогерц» – 1990-жылдардың соңындағы жасөспірімдер өмірін арқау еткен көше хикаясы.
2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады. Мемлекет басшысы оны жаңа қызметіне тағайындалуымен құттықтап, қазақ-түрік қатынастарын одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Кездесуде Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуы аталды. Осы айтулы мерейтойға орай Президент Астана көшелерінің біріне «Анадолы» атауын беруді тапсырды.
2024 жылы Бакуде Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өтті. Халықаралық Түркі академиясы мен Түрік тілі институты ұйымдастырған жиында латын графикасына негізделген ортақ түркі әліпбиінің жобасы талқыланды. Отырыста түркі тілдеріне тән дыбыстарды қамтитын 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жобасы мақұлданды.
2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші күнінде қазақстандық спортшы Батыр Бексеуіт жамбы атудан күміс медаль иеленді.
2025 жылы Астанада «Құқық арқылы бейбітшілік пен болашаққа» атты Конституциялық әділет жөніндегі халықаралық форум өтті. Қазақстан Конституциялық Соты ұйымдастырған іс-шара Конституцияның 30 жылдығына арналды. Форумға Еуропа, Азия және Африканың 15 елінен өкілдер қатысып, барлығы 150-ден астам адам бас қосты. Қатысушылар конституциялық құқық пен адам құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.
2025 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс МС-32» жүк кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран-тасығышы ұшырылды. Ғарыш кемесі Жерді 34 рет айналып, Халықаралық ғарыш станциясымен түйісті. Бұл «Прогресс» сериясындағы 185-ші ғарыш кемесінің ұшырылымы болды.
Аударған: Нұрлан Тұяқов