11 қыркүйектегі терактіге 25 жыл: басты күдіктінің соты неге әлі басталған жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан дәл 25 жыл бұрын, 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы егіз мұнараға террорлық шабуыл жасалды. Алайда ширек ғасыр өтсе де, оны ұйымдастырды деп айыпталған Халид Шейх Мохаммедке қатысты негізгі сот процесі әлі басталған жоқ. Оның үстіне биыл тамызда сот тағы кейінге шегеріліп, 2028 жылға белгіленді.

АҚШ-тағы теракт
Фото: returntoorder.org

Халид Шейх Мохаммед 2003 жылы ұсталып, 2006 жылы Гуантанамоға жеткізілді. Содан бері оның ісі бірнеше құқықтық дауға ұласып, соттың басталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. 

Неліктен атышулы істі тергеу ширек ғасырға созылып отыр және негізгі сот процесі неге әлі басталған жоқ? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

2001 жылғы 11 қыркүйекте не болды

2001 жылғы 11 қыркүйек күні таңертең «Әл-Каида» террористік ұйымының 19 мүшесі АҚШ-та төрт жолаушылар ұшағын басып алды. Оның екеуі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының Солтүстік және Оңтүстік мұнараларына соғылды.

АҚШ-тағы теракт
Фото: Sean Adair / Reuters
Нью-Йорктегі теракт
Фото: globallookpress.com
АҚШ-тағы теракт
Фото: Richard Cohen / Reuters

Соққы мен одан кейінгі өрт салдарынан қос ғимарат та опырылып түсті.

АҚШ-тағы теракт
Фото: Reuters/Scanpix
АҚШ-тағы теракт
Фото: Steve Wood / Poperfoto
АҚШ-тағы теракт
Фото: Mario Tama / Getty Images

Үшінші ұшақ Вашингтон маңындағы Арлингтонда орналасқан АҚШ Қорғаныс министрлігінің ғимараты – Пентагонға соғылды. Ал төртінші ұшақтағы жолаушылар басқыншыларға қарсылық көрсеткеннен кейін әуе кемесі Пенсильвания штатындағы алқапқа құлады.

АҚШ-тағы теракт
Фото: Jose Jimenez / Primera Hora / Getty Images

Шабуылдардан 2 977 адам қаза тапты. Оның 2 753-і Нью-Йоркте, 184-і Пентагонда, тағы 40 адам төртінші ұшақта болған. Қаза тапқандар 90 елдің азаматы еді.

теракт құрбандары
Фото: 1tv.ge

Кейіннен бұл шабуылдарды «Әл-Каида» ұйымдастырғаны белгілі болды. Оның сол кездегі жетекшісі Усама бен Ладен АҚШ-тың басты нысанасына айналды. Сөйтіп, Усама бен Ладен 2011 жылғы 2 мамырда Пәкістанның Абботтабад қаласында АҚШ арнайы күштерінің операциясы кезінде өлтірілді. Ал 11 қыркүйек жоспарын тікелей әзірлеген басты тұлғалардың бірі ретінде тағы бір адамның – Халид Шейх Мохаммедтің аты аталды.

Халид Шейх Мұхаммед кім

Халид Шейх Мохаммедке 11 қыркүйек шабуылының жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруға қатысты деген айып тағылып отыр. Тергеу материалдары бойынша, ол шабуыл идеясын әзірлеп, оны «Әл-Каида» жетекшісі Усама бен Ладенге ұсынған. Кейін операцияны дайындауға тікелей қатысып, ұшақтарды басып алатын адамдарды іріктеу мен олардың АҚШ-қа баруын ұйымдастыруға атсалысқан.

Ол 2003 жылғы 1 наурызда Пәкістанда ұсталды. Бірақ бірден АҚШ-тың қалыпты қылмыстық-атқару жүйесіне жеткізілген жоқ. Алдымен бірнеше жыл бойы АҚШ Орталық барлау басқармасының, яғни ЦРУ-дың құпия мекемелерінде қамауда болды. Кейін оның осы кезеңде азапталғаны және қатаң жауап алу әдістеріне ұшырағаны белгілі болған. Осылайша, ол 2006 жылы Кубадағы Гуантанамо әскери базасына жеткізілді.

Оған және тағы төрт адамға 2012 жылы 11 қыркүйек шабуылдарына байланысты әскери комиссияда ресми айып тағылып, олар сот алдына шығарылды. Айыптардың қатарында қастандық жасау, бейбіт тұрғындарға шабуыл жасау, кісі өлтіру, ұшақты басып алу және терроризм бар.

Алайда кейіннен айыпталушылардың бірі Рамзи бин әл-Шибхтің ісі денсаулық жағдайына байланысты бөлек қаралатын болды. Қазір Халид Шейх Мохаммедпен бірге Валид бин Атташ, Али Абдул Азиз Али және Мустафа әл-Хавсавидің істері қаралып жатыр.

Демек, 11 қыркүйек шабуылынан бері 25 жыл, ал Халид Шейх Мохаммедтің ұсталғанына 23 жылдан астам уақыт өтсе де, іс әлі күнге негізгі сот талқылауына жеткен жоқ. Бұған не себеп?

теракт соты
Фото: Kazinform / ЖИ

Сот процесі неге ширек ғасырға созылып отыр

Соттың осынша ұзаққа созылуына бірнеше себеп бар. Соның ішіндегі ең күрделі мәселенің бірі – айыпталушылардан алынған жауаптарды сотта дәлел ретінде пайдалануға бола ма деген дау.

Халид Шейх Мохаммед ұсталғаннан кейін ЦРУ-дың құпия түрмелерінде болғанын жоғарыда атап өттік. Онда оған қатаң жауап алу әдістері, соның ішінде суда тұншықтыру әсерін туғызатын waterboarding әдісі (адамды шалқасынан жатқызып, бетіне су құю арқылы тұншықтыру) қолданылған. Сондықтан қорғаушылар азаптау жағдайында алынған мәліметтерді сотта пайдалануға болмайтынын айтып отыр.

Осылайша, қорғаушылар кейінірек алынған жауаптарға да бұрынғы азаптау мен қысымның әсері болғанын алға тартқан.

Бұл дау әлі аяқталған жоқ. 2026 жылғы 28 тамызда әскери судья Майкл Шрама Халид Шейх Мохаммедтің 2007 жылы Гуантанамода Федералдық тергеу бюросы (Federal Bureau of Investigation, FBI. Бұдан кейін – ФТБ – ред.) агенттеріне берген жауаптарын сотта дәлел ретінде пайдалануға тыйым салды. Судья прокуратура бұл жауаптардың ерікті түрде берілгенін дәлелдей алмады деген қорытындыға келді. БАҚ-тың жазуынша, бұл шешімнің маңызы зор. Өйткені ФТБ-ға берілген жауап Орталық барлау басқармасының (Central Intelligence Agency, CIA) құпия түрмелеріндегі тергеуден кейін алынған және прокуратура оны істегі маңызды дәлелдердің бірі ретінде қарастырған.

Сөйтіп, күдіктілерді тергеу кезінде қолданылған әдістер кейін олардың кінәсін сотта дәлелдеуді қиындатқан құқықтық мәселелердің біріне айналды.

Бірақ іс тек осы себептен созылып отырған жоқ.

Екінші мәселе – істің ауқымы. Негізгі сот басталғанға дейін тараптар қандай дәлелдерді пайдалануға болатынын, құпия материалдардың қай бөлігін қорғаушыларға беруге болатынын, қандай куәгерлер шақырылатынын және алқабилерге қандай ақпарат ұсынылатынын анықтауы керек. Әскери комиссияның 2026 жылы жарияланған құжаттарынан дәлелдер, куәгерлер, құпия ақпарат және тараптардың түрлі өтініштеріне байланысты процесс әлі жалғасып жатқанын көруге болады.

Бұл іс неге Гуантанамода қаралып жатыр

Халид Шейх Мохаммедтің ісі АҚШ-тың федералдық сотында емес, Гуантанамодағы әскери комиссияда қаралып жатыр. Әскери комиссия – соғыс заңдарын бұзды деп айыпталған белгілі бір санаттағы шетел азаматтарының ісін қарайтын арнайы сот тетігі. Мұндағы дәлелдерді қарау, құпия ақпаратпен жұмыс істеу және басқа да бірқатар процессуалдық ереже федералдық соттан өзгеше.

АҚШ билігі кезінде бұл істі азаматтық сотқа ауыстыруға да әрекет жасады. 2009 жылы сол кездегі бас прокурор Эрик Холдер Халид Шейх Мохаммед пен тағы төрт айыпталушыны Нью-Йорктің федералдық сотында соттау жоспарын жариялады.

Алайда бұл шешім саяси қарсылыққа тап болды. Айыпталушыларды АҚШ аумағына жеткізу, қауіпсіздік пен сот шығындарына қатысты пікірталас күшейді. Сөйтіп, жоспар жүзеге аспай қалды, ал 2011 жылы іс қайтадан әскери комиссияға берілді. 2012 жылы Мохаммед пен тағы төрт адамға Гуантанамода қайта айып тағылды.

Осылайша, істің созылуына айыпталушыларды қай сотта және қандай тәртіппен жауапқа тарту керек деген ұзаққа созылған дау да әсер еткенін көруге болады.

террорист
Фото: bbc.com

Кінәні мойындау туралы келісім неге жүзеге аспады

2024 жылы Халид Шейх Мохаммед және тағы екі айыпталушы прокуратурамен келісімге келді. Олар кінәсін мойындауға келісті, ал өз кезегінде прокуратура оларға өлім жазасын кеспейді деген шешім қабылданды. Бұл келісім жүзеге асқанда, БАҚ-тың жазуынша, іс толыққанды сот процесінсіз аяқталуы мүмкін еді.

Алайда келісім жарияланғаннан кейін АҚШ-тың сол кездегі қорғаныс министрі Ллойд Остин оның күшін жою туралы шешім қабылдаған. Осыдан кейін келісімнің заңдылығына қатысты дау басталып кетті.

2025 жылғы шілдеде федералдық апелляциялық сот Остиннің келісімді тоқтатуға өкілеттігі болған деген шешімге келді. Сөйтіп, кінәні мойындау туралы келісім жүзеге аспай қалып, іс бойынша сотқа дейінгі процес жалғасып жатыр.

сот
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Сот енді қашан басталады

2026 жылғы 26 тамызда АҚШ Әуе күштерінің подполковнигі, әскери судья Майкл Шрама көптен күткен сот процесінің жаңа мерзімін белгіледі.

Халид Шейх Мохаммед пен тағы үш айыпталушының негізгі соты 2028 жылғы 5 маусымда басталуға тиіс.

Прокурорлар процесті бұдан әлдеқайда ерте – 2027 жылғы қаңтарда бастауды ұсынған. Алайда судья келіскен жоқ, себебі оған дейін дәлелдердің жарамдылығы мен басқа да процессуалдық мәселелер бойынша дауларды шешу қажет. Сондықтан сот прокуратура ұсынған мерзімнен шамамен бір жарым жыл кейінге қалдырылды.

Сарапшылар 2028 жылғы 5 маусымды түпкілікті дата деуге әлі ерте екенін жазады. Соттың осы күні басталуы оған дейін белгіленген міндеттердің орындалуына байланысты. Егер жаңа құқықтық даулар немесе апелляциялар туындаса, процесс тағы кейінге қалуы мүмкін.

Осылайша, арада ширек ғасыр өтсе де, 11 қыркүйек оқиғасына қатысты ең маңызды істердің бірі әлі негізгі сот талқылауына жеткен жоқ. Енді 2028 жылға белгіленген сот бұл істі аяқтай ма, әлде процесс тағы да созыла ма, ол уақыттың еншісіндегі мәселе болмақ.