11 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 11 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық фашистік концлагерьлер тұтқындарын босату күні
1945 жылғы 11 сәуірде Бухенвальд концлагерінің астыртын комитеті қарулы көтеріліс ұйымдастырып, тұтқындар босатылды. Сол кезден бастап барлық елде фашистік концлагерьлердегі тұтқындарды босатудық халықаралық күні атап өтіледі.
Паркинсон дертімен күресудің бүкіләлемдік күні
Бұл күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен аталып өтіледі. 1997 жылы ЦНС дертін клиникалық тұрғыда анықтаған дәрігер Джеймос Паркинсонның есіміне орай белгіленген. Паркинсон дерті - орталық жүйке жүйесінің ауруы.
Қазақстанда бұл ауруды емдеу 2013 жылы қолға алынған. Астанадағы Нейрохирургия орталығы мен Президенттік ауруханада науқастың миына электрод орнату арқылы операция жасалады. Паркинсон ауруымен әдетте 60 жастан асқан адамдар ауырады. Алайда, соңғы жылдары сырқаттанған жастар да анықтала бастады. Адам миына орнатылатын құрылғыны әр 5 жыл сайын ауыстырып отыруды қажет етеді. Бүгінгі күні Қазақстанда аталмыш сырқатпен ауыратын 20 мыңға жуық адам есепте тұр.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1937 жылы Балқаш қаласының негізі қаланды. Қарағанды облысындағы қала. 1937 жылдың 11 сәуірінде Қазақ КСР ОАК-нің шешімімен Прибалхашстрой кенті Балқаш қаласы болып өзгертілді.
1992 жылы Қарақалпақстанда «Достық туы» газеті қазақ тілінде жарық көрді.
1997 жылы Оралда «Жайық пен Оралдың қазақтары» атты қоғамдық бірлестік құрылды.
2006 жылы Орал қаласындағы № 26 орта мектепте Пушкин кабинеті ашылды. Қазақстандағы Пушкин жылына орай ашылған кең де жарық кабинетте ұлы ақынның туындылары, өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар, портреттер мен суреттер, түрлі деректер қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде мектеп оқушыларының күшімен концерт қойылып, қазақ және орыс тілдерінде әндер шырқалды, өлеңдер оқылды.
2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеевтің (1878-1956) таңдамалы шығармалары жарық көрді.
Жинақ орта мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне, жоғары оқу орындарының студенттері, аспиранттары, оқытушыларына арналған және кітапқа жазушының «Үлгілі тәржіма» және «Үлгілі бала» атты туындылары да енген.
2012 жылы Вашингтонда Қазақстан және АҚШ арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастық бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Тараптар ҚР мен АҚШ арасында ғылым мен технологиялар саласындағы ынтымақтастық аясындағы қазақстандық-американдық қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Инновациялық технологиялар саябағын одан әрі дамыту болашағы да ортаға салынды.
2014 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтын Астана қаласына орналастыру шешімі қабылданды
2014 жылы Өскемен қаласында танымал ағылшын композиторы Карл Джекинстің Абай және Шәкәрімнің шығармалары бойынша ішекті аспаптар оркестрі, аралас хор, соқпалы инструменттер, фольклорлық топ, соло-скрипка және соло-вокал үшін жазған «Абай-Шәкәрім» ораториясының әлемдік премьерасы өтті. Бұл үшін арнайы хор құрылды. Оны орындау Шығыс Қазақстан әкімінің Симфониялық оркестрінің әртістеріне сеніп тапсырылды.
2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада отандық кәсіпкерліктің маңызды мәселелері талқыланған Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді.
2016 жылы БҰҰ ғарыш зерттеушілерінің болашақ буынға арналған жолдау-альбомын жариялады. Оның ішінде қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің қолымен «Шекарасыз әлем!» деп жазылған қысқа жазба бар.
2017 жылы Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Азиз әл-Сауд Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қағба тасына жабатын дәстүрлі жібек матаның бөлшегін тапсырды. Қағбаны жабуға арналған мата қара жібектен жасалып, алтын түсті жіптермен өрнектеледі. Ол Қағба қабырғаларын жауып тұрады, ұзындығы 41 метр. Қазіргі таңда ол жылына бір рет ауыстырылады.
2017 жылы жас әнші Димаш Құдайбергеннің «Singer-2017» жобасына киіп шыққан сахналық киімі аукционда 158 890 юаньға сатылды (7,2 млн теңге)
2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Иранға келді. Сапар аясында Президент Х. Руханимен, рухани көшбасшы А. Хаменеимен, Иран холдингтері мен компаниялары өкілдерімен кездесу өтті.
ЕСІМДЕР
88 жыл бұрын (1930-1996) инженер-металлург, техника ғылымының докторы, профессор ФИАЛКОВ Борис Соломонович дүниеге келді.
Украинаның Харьков қаласында туған. Орал политехника институтын бітірген.
1952-1957 жылдары КСРО Қара металлургия министрлігінің «Оралэнергоқармет» мекемесінде инженер, аға инженер, 1957-1963 жылдары Орал политехника институтында аға инженер, кіші ғылыми қызметкер болған. 1963-1966 жылдары Қара металлургия орталық ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалында ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі. 1966-1975 жылдары Бүкілодақтық көмір институтының зертхана меңгерушісі. 1975-1989 жылдары Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының зертхана меңгерушісі. 1989-1992 жылдары осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1994 жылы ҚР Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі Ұлттық орталықтың бұйрығымен Химия-металлургия институтының директоры болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек етті.
Негізгі ғылыми еңбектері қара металдар металлургиясына арналған. 4 монографияның және 300-ден аса ғылыми мақаланың, 50 авторлық куәлік пен өнертапқыш патенттің авторы. 19 кандидаттық және 3 докторлық диссертацияның жетекшісі болған.
78 жыл бұрын (1940-2018) Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Америка геофизикалық одағының мүшесі, К.Э.Циолковский атындағы Халықаралық космонавтика академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік мекемесі, «Ионосфера институты» мемлекеттік еншілес кәсіпорнының директоры ДРОБЖЕВ Виктор Иванович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Томск мемлекеттік университетін бітірген.
В.И Дробжев - Қазақ КСР Ғылым академиясының Ионосфера секторының инженері (1962-1964), аспиранты (1964-1967), кіші ғылыми қызметкері (1967-1968), 14 Кеңес антарктикалық экспедициясының аға ғылыми қызметкері (1968-1970), аға ғылыми қызметкер (1970-1983), Физика-математика бөлімшесі академик-хатшысының орынбасары (1990-1994), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті - ғылым министрінің орынбасары (1996-1999), қызметтерін атқарған. Қазір Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік мекемесі «Ионосфера институты» мемлекеттік еншілес кәсіпорнының директоры (1983 жылдан) қызметін атқарады
Радио және геофизика саласының ірі маманы В.И.Дробжев ортаендік ионосферасының динамикалық процестерінің толқындық табиғатының тұжырымдамасын негіздеді, сонымен қатар олардың радио және геофизика болжамын жасады. Ол басқа бағытты дамытудың - жермаңы ғарыштық кеңістігіндегі табиғи және антропогенді құбылыстардың (жарылыстар, жер сілкіністері, ғарыш аппараттарын ұшыру, күннің жарқыл шығаруы) қарқынды кезінде болатын динамикалық процестерді зерттеуді дамытудың бастамашысы болды.
Ол Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының қолданбалы проблемалар секциясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнаулы кеңестің төрағасы, Институттың іргелі зерттеулер бағдарламасының және бірқатар қолданбалы жобалардың ғылыми жетекшісі болып табылады. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті - Ғылым министрінің орынбасары бола жүріп, қазақстандық ғылымды сақтап қалу мен дамытуда, атап айтқанда, республика ғылымының басқару жүйесін жетілдіруде, мақсатты ғылыми бағдарлама құруда, бағдарламалардың мемлекеттік тәуелсіз сараптамасын өткізуде, бірыңғай ақпараттық кеңістік құруда, мамандарды құрылымдық-балансталған түрде даярлауда көп еңбек етті. Үкіметтік жұмыс тобының мүшесі ретінде «Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті 2005-2007 жылдарда дамыту» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты, бұл құжат 2005 ж. 25 қаңтарында ел Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Ол Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген «Қазақстан ғылымы - өткен күннен болашаққа» атты көрмені әзірлеу барысында үлкен қажырлылық көрсетті. Көрме Парижде 1999 жылы 15-23 сәуір аралығында ЮНЕСКО шеңберінде өтті.
200-ден астам ғылыми жұмыс пен 2 монографияның, 11 өнертабыстың авторлық куәліктерінің иегері. Бір доктор және 12 ғылым кандидатын даярлады.
5 медальмен, «КСРО өнертапқышы» белгісімен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталған.
77 жыл бұрын (1941) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ТӘШЕНОВ Болат Төлешұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақ КСР Ғылым академиясы В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының аспирантурасын бітірген. 1964-1984 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1984-2004 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының директоры қызметтерін атқарған. 2004 жылы зейнет демалысына шыққан. Негізгі ғылыми еңбектері атмосфералық оптикаға арналған. 90-нан астам ғылыми жарияланымның авторы.
68 жыл бұрын (1950) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының актері СЕЙІТМАМЫТҰЛЫ Балтабай дүниеге келді.
Алматы облысында туған. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры жанындағы театр студиясын, Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. «Жүрегім ашық жақсыға» пьесасының, спектакльдерге жарияланған рецензиялардың авторы. 1974 жылдан С.Сейфуллин атындағы драма театрының актері. 1976 жылдан Г.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері. 1978 жылғы маусымнан - республикалық «Гүлдер» ансамблінің актері. 1978 жылғы қыркүйекиен М.Әуезов атында,ы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері.
61 жыл бұрын (1957) ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Әкімшілік департаментінің директоры БИСМИЛДИН Файзола Бөкейұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ульяновский кентінде дүниеге келді. Қарағанды мемлекеттік медицина университетін бітірді.
1981-1985 жылдар аралығында Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда дәрігер, кейіннен коммуналдық гигиена бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1985 жылдан бастап Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына инспектор-дәрігер болып ауыстырылды.
1991-1995 жылдар аралығында алқа хатшы және ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі болды.1995-2001 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас санитарлық-эпидемиологиялық басқармасында басшы орынбасары, басшысы болып жұмыс істеді.
2001-2005 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің аппаратында консультант, сектор меңгерушісі және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2005 жылғы қаңтардан бастап 2007 жылғы ақпанға дейін Астана қаласының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры, 2007-2009 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі, 2009-2013 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік департаментінің директоры болды.
2013 жылғы сәуірден бастап 2017 жылғы наурызға дейін Көліктегі ТҚҚ департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 2017 жылғы 1 наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Денсаулық сақтау министрінің Әкімшілік департаментінің директоры.
Қазақстанда, Ресейде, Арменияда, АҚШ, Германияда, Канада және Австралияда дәрігерлерді жетілдіру курстарында бірнеше рет біліктілігін арттырды және тағылымдамадан өткен.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен марапатталды.
Медицина ғылымдарының кандидаты (2002 ж.)
58 жыл бұрын (1960) Қарғанды облысынан сайланған Парламент Сенатының депутаты Ершов Сергей Михаилович дүниеге келді.
Өзбек КСР-да дүниеге келген. Алматы сәулет-құрылыс институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген.
Жұмыс тәжірибесі: «Қазақмыс» корпорациясының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі директоры (2014 ж.); Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі (2012-2014 жж.); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қарағанды облысы бойынша депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі (2014-2017 жж.).
Қазіргі лауазымында 2017 жылдың қыркүйегінен бастап.
57 жыл бұрын (1961) мемлекет қайраткері, дипломат МУСИНОВ Асқар Ахметұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Ливияда әскери аудармашы болып істеген. 1987-1991 жылдары - Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы. 1991-1992 жылдары - Ресей Федерациясының Сауд Арабиясындағы елшілігінің екінші хатшысы. 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты халықаралық бөлімінің аға референті, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің бастығы, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы - консулдық бөлімінің меңгерушісі. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Бас консулдық басқармасының бастығы, Консулдық қызмет департаментінің директоры. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бастығы. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Морокко, Тунис және Алжирдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі және Бахрейн Корольдігіндегі, Кувейт мемлекетіндегі, Оман Сұлтанатындағы, Катар мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2006-2008 жылдары - Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2008-2013 жылдары - Оңтүстік Африка Республикасындағы Қазақстан Елшісі. 2013-2014 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы. 2014-2016 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары.
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медальдарымен марапатталған. ҚР Үкіметі басшысының алғыс хатын (2012), І дәрежелі «БАӘ тәуелсіздігінің орденін алған.