11 шілде. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
68 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Марат Қалиұлы ӘДІЛБАЙ дүниеге келді.
Ақтоғай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, заңгер.
Еңбек жолы: 1984-1986 жылдары әскер қатарында болды. 1992-1996 жылдары ҚР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, 1996-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Заңнама бөлімінің консультанты, бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Хатшылығының меңгерушісі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2004 жылғы желтоқсаннан бері атқарып келеді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен және бірқатар мерекелік медальдармен наградталған.
56 жыл бұрын (1968) Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы НҰРМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысы Қарасу ауданының Майский кентінде туды. 1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Торғай облысының Октябрь ауданы Вильямс атындағы кеңшарының бас агрономдығынан бастады. 1994-1996 жылдары Қостанай облысының Қостанай ауданы «Московский» кеңшарының бас агрономы, 1996-1997 жылдары Қостанай облысының Комсомол ауданы «Боскөл» өндірістік кооперативінің директоры, 1997-2002 жылдары Қостанай облысы Таран ауданының әкімі, 2002-2008 жылдары Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімі, 2008-2009 жылдары Қостанай облысы Қостанай қаласының әкімі, 2009-2011 жылдары «Содружество» СӨК» ЖШС директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2011-2012 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі, 2012-2014 жылдары Қостанай қаласының әкімі, 2014-2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2015-2023 жылдары Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
Қазіргі қызметінде 2023 жылдың қыркүйегінен бері.
«Парасат» орденімен (2011 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2004 ж.), «Астана» (1999 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Тыңға 50 жыл» (2005 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) мерекелік медальдарымен наградталған.
166 жыл бұрын (1858-1931 ескі күнтізбе бойынша 23 шілде) қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ дүниеге келді.

Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында туған.
Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абайдың қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман - Мамыр» дастанын жазды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген.