11 жетім баланы мейіріміне бөлеп отырған Алтын жүректі ана...
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпановалардың көп балалы отбасында бүгінде 11 жетім бала әке жылуын сезініп, ана мейіріміне бөленіп, тәлім-тәрбие алуда. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз осы жүрегі махаббатқа толы ана жайында сөз қозғамақпыз.
Жатырдан шықпаса да жат емес
Таяуда ғана Ақтөбе қаласының мейрамханаларының бірінде Жетесовтер отбасының балаларына арналған салтанатты шара өткізілген болатын. Оның жөні де бар. Дәл осы отбасының үш жеткіншегі мүшел жасына толды. Ақ көңілден жайылған дастарханға туған-туыстан бөлек, отбасылық жұптың әріптестері, асырап алған балалары тәрбиеленген «Алға» балалар үйінің педагогтері, мәдениет қызметкерлері, мектеп ұстаздарымен қатар әр уақытта сүрінгенде сүйеу болуға дайын достары шақырылған-ды.
«Өткен жылы біз 8 баланы балалар үйінен әкелгенімізде егер тату-тәтті отбасыға айнала алсақ, той жасап береміз деп уәде бергенбіз. Осы уақыт аралығында бірде-бір жанжал болған емес, бірде-бір бала балалар үйіне қайтып оралам деп шағынданбады. Біз өзімізді олардың туғанындай сезіне алдық, балалар да бізді әке мен шеше деп таныды. Сондықтан үлкен отбасымыздың бір жылдығын, балаларымыздың туған күнін атап өтейік деп шештік. Балалардың барлық жетістіктерін көрсету үшін мереке жасадық», - дейді Халық шығармашылығы үйінің қызметкері әрі отбасылық «Шашу» ансамблінің жетекшісі Амангүл.
Дәл осы кеште салтанатты шараның басты кейіпкерлері ән салып, би биледі, қазақтың халық аспаптарында ойнады. Ал үлкендер болса, олардың өнерлеріне шынайы қошемет көрсетіп, өздерінің 3 баласы мен 2 немересіне қоса, 11 жетім баланы бауырларына басқан Өмірхан мен Амангүлдің ерліктеріне таңданыстарын жасыра алмады. Бұл күнгі ізгі-тілектердің басым бөлігі жабығуды білмейтін, қайырымды, қамқор әрі кез келген жанмен тіл табысқыш әйелге арналуы да түсінікті жайт. Өйткені, Амангүлдің өзі кішкентайынан әке-шешесінен айырылып, атасы мен әжесінің қолында өскен еді. Ол жалғыздықтың не екендігін біреуден естімей, өз басынан өткерген жайы бар. Ал ендігі уақытта ол шаңырағы баланың шат-шадыман күлкісіне толуы үшін жан-тәнімен беріле ұмтылуда.
Ән салу, тоқыма, жүзу, емдеу
14 баланың анасы жиі сұхбат береді. Бірақ ол алғаш рет бастан кешкен қиындықтары жайында сыр бөлісті.
- Әкем көлік апатынан қаза тапқан кезде менің жасым не бәрі 1,5-да ғана еді. Сол уақыттарда әлі жас атам мен әжем мені бауырына басты.
- Анаңыз ше?
- Анам біраз уақыт өткеннен кейін әйелінен айырылған еркектің етегін ұстап кете барды. Ал мені өзімен бірге алып кетуге мүмкіндік бермепті. Ол көрші ауылда тұрған екен, бірақ, 20 жасыма дейін мен анам туралы мүлдем естіген емеспін.
Амангүл өз әжесін «апа», ал атасын «әке» деп өсті, көптеген жыл бұрын жол апатынан қаза тапқан ағасының болғанын ғана білетін. Ол отбасында жалғыз өсті, ештеңеден тарықпай, ерке болып бой жетті. Әкесінің туған-туыстарының көпшілігі домбырада, қобызда ойнайтын өнерге жақын жандар еді. Ешкім де шынашақтай қызға музыка әліппесін үйреткен емес. Бірақ ол қанында бар өнерге деген құлшыныстың арқасында кішкентайынан домбыра шертіп, өзінің ерекше дауысымен төңірегінділерді тәнті етті.
- Ауылдағы партиялық жиындар әдетте менің концертіммен аяқталатын. Шамамен 4-сыныпта баянның сүйемелдеуімен ән айта бастадым. Ал 8-сыныпта оқытушыларым мәдени-ағарту училищесіне түсуіме көмектесті, одан кейін институт бітірдім. Мамандығым - домбыра шертуді үйрету. Бүгінде өз балаларымды ән айтумен қатар, домбыра, қобыз, сазсырнай сынды қазақтың халық аспаптарында ойнауға да үйретемін, - деп әңгімесін жалғады Амангүл.
8-сыныпта оқып жүргенінде атасы өмірден озды. Осыдан кейін қатал болса да, жанындай жақсы көретін әжесі қасынан тастамай, ертіп жүретін. Әжесі жалғызынан ештеңені де аяған емес. Өзі білетін киім тігу, тоқу, тамақ пісірудің қыр-сырын үйретті.
- Тіпті суға жүзуді де әжем үйреткен еді, - деп еске алады Амангүл.
- Біз өзенге жиі баратын едік, мен су астында дем алмастан ұзаққа шыдайтынмын. Әдетте біз балалармен бүкіл жазды өзен маңында өткіземіз. Елестетіп көріңізші, бала суда жүзіп жүр, оған өзге балалар келіп қосылғанда бәрін назарыңда ұстау өте қиын. Күйеуім менсіз балаларды өзенге апармайды, бәріне бірдей қарай алмаймын деп қорқады. Суға шомылу - ол жыл бойына шынығуыңа септігін тигізеді, балаларымыз аз ауыратын болады. Айтпақшы шөппен емдеуді де әжем үйреткен еді.
Бүгінде Амангүл дәрігердің көмегіне сирек жүгінеді. Ол күйеуін де, балалары мен немерелерін де өзі емдейді. Дәрі-дәрмектен түрлі өсімдіктердің қайнатпасын, тұнбасын пайдаланғанды жөн көреді.
Туған-туыс болғанымен жат
Амангүлге әжесіз өмір сүру мүмкін еместей көрінетін. Өйткені әжесі жер-жаһандағы жалғыз жақыны болатын. Амангүл 20-ға, әжесі 70-ке толғанда бойжеткен ақ сүт берген анасының бар екендігін алғаш рет естіді.
Біз көрші ауылда тұратын, сол кезде екінші күйеуімен 5 баланың анасы атанған шешеме бардық. Анаммен алғаш кездескенімде қуаныш сезімін бастан кешірдім деп айта алмаймын. Өйткені, ол мен үшін мүлде жат адам еді. Иә, анам да күйеуіне жалтақтай қарап, бетімнен салқын сүйгені есімде. «Сен әжеңнің қызысың», - деді ол. Бет-бейнемізде ұқсастық болғанымен, біздің жан-жүректеріміз бір-бірінен алшақ-тын. Шындығында да адам туғандарымен бірге тұрмаса, олардан алшақтай береді екен, - деп жалғады сөзін Амангүл ақырын ғана.
Ана мен бала кездесуі өткен 1 жылдан соң немересін ұзатқан әжей бақилыққа аттанды. Осылайша, Амангүлдің өз отбасы, сүйікті жары пайда болды. Мұнан бөлек, туыстық ақыл-кеңесін беріп, қолтығынан демеу болатын ешкімі де жоқ. Қарайласар не ата-анасы, не іні-сіңлісі көрінбейді. Иә, өгей бауырлары бар екендігі рас, бірақ оларда ортақ аналарын мұнан қызғанғандай теріс айналады.
- Қызым дүниеге келгеннен кейін күйеуім ішкілікке салына түсті. Басыма ауыр күндер туды. Бірақ, қайғымды бөлісер ешкімім де болмады. Міне, дәл сол кезде мен жалғыздықтың, жетімдіктің не екенін жақсы түсіндім.
Пешенесіне жазғанына көнді, күйеуімен ажырасты. Сырғып өткен жылдар сағын сындырмады, екінші мәрте бақыт құшағына ену мүмкіндігін берді. Жолдасы Өмірханмен махаббат пен өнерден тамыр алған мығым, тату үлкен отбасын құрды.
- Әрине, маған ана махаббаты жетіспеді. Мен анама барып тұрамын, таяуда ғана бүкіл отбасымызбен барып қайттық. Балаларым оны қаумалай құшақтап, бетінен сүйді, әже деді. Ол біздің сүйкімді балаларымызға, тату-тәтті отбасымызға қатты қуанды. Бірақ, меніңше, күйеуімен, балаларымен арадағы қарым-қатынас мені туған қызы ретінде қабылдауға мүмкіндік бермейтіндей. Маған анамнан ештеңенің де қажеті жоқ, керісінше, менің оған көмек қолын созғым келеді. Оның отбасына барған сайын азық-түлік апарып, ақша да тастап кетемін. Маған керегі анамның үйіме келіп, немерелерімен уақыт өткізіп, үйдің күнделікті күйбең тіршілігінен бір сәт болса демалуы ғана. Мен оны үнемі үйіме қонаққа шақырамын. Алайда, ол бірде-бір рет үйіме бас сұққан емес.
Кең жүректі ана
Есесіне, Амангүлдің аналық мейірімінде шек жоқ десек те болады. Жолдасының айтуынша, ол көмекке мұқтаж жанның барлығына да шынайы жан-жүрегі елжірей қарайды. Көшеде иесіз қалған ит пен мысыққа да қамқорлық жасайды.
- Қаусаған қарт әкем біздің үйге қонаққа келгенде ол оған барынша қамқорлық танытады, алдына дәмді асын тосып, тіпті шомылдырып та жібереді. Ал бұл да біздің балаларымыз үшін үлгі-өнеге болып қалыптасуда», - дейді Өмірхан.
Қаладағы танымал домбырашы, жыршы әрі асаба болашақ жарының ең алдымен әдемі дауысына ғашық болғанын да жасырмайды. Ал одан кейін Амангүлдің байсалды мінезі, шыдамдылығы, әйелге тән даналығы асабаның жан-жүрегін жаулап алады.
Амангүлдің әріптестері де ол жайында жылы лебіздерін білдіреді. Халық шығармашылығы үйінің әдіскері Гүлнәр Сейталина Жетесовтердің үйінен қонақ үзілмейтіндігін айтады. Амангүл - үй шаруасына пысық, жақсы құрбы.
- Ал ана ретінде оған тең келер жан жоқ. Өйткені, ол балаларға тәлім-тәрбие ғана беріп қоймай, оларды музыкаға, спортқа бейімдеуімен қатар аналық қамқорлығын көрсетуде. Амангүл балалары жайында сөз қозғағанда көздері жайнап кетеді. Көп балалы ана болу - күнделікті еңбек. Бірақ, Амангүл басынан кешетін түрлі қиындықтарға шағым айтып, шаршайтындығын мұң қылған емес. Шындығына келгенде ол - кең жүректі ана. Мен мұның дәл осылай екендігіне еш шүбә келтіре алмаймын. Өйткені, оған дейін балалар үйінде тәрбиеленген үш жастағы Әлиханның тойда ата-анасының қасынан бір елі ажырамағанына куә болған едім. Оның бақыттан бал-бұл жанған жанары, сәт сайын «ана» деп айтқаны, кішкентай қолдарымен Амангүлдің мойына асыла еркелеуі әсіре айтқан сөздерден мың есе артық еді...