1–10 қыркүйек: Қазақстанда тараған бес жалған ақпарат туралы құзырлы органдар түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 1–10 қыркүйек аралығында Қазақстанда нотариустардың атқарушылық жазбалардың күшін жоюына тыйым салынғаны, Қостанай облысындағы ауыл тұрғындарының эвакуацияланғаны, Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты өткір мәлімдеме жасағаны, мектеп формасына байланысты ата-аналарға айыппұл салынатыны және неке мерзімін міндетті түрде ұзарту қажет екені туралы жалған ақпарат тарады. Бұл мәліметтерге қатысты мемлекеттік органдар мен JAQ.OrtCom ресми түсіндірме берді.

фейк
Фото: stopfake.kz

Нотариустарға атқарушылық жазбаның күшін жоюға тыйым салынған жоқ

8 қыркүйектен бастап нотариустарға атқарушылық жазбалардың күшін жоюға тыйым салынатыны және оларды тек сот тәртібімен даулау қажет болатыны туралы ақпарат тарады.

ҚР Әділет министрлігінің түсіндіруінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Борышкердің атқарушылық жазбаға қарсылық білдіріп, нотариусқа жүгіну құқығы сақталады. Нотариус та заңда көзделген жағдайларда атқарушылық жазбаның күшін жоюға бұрынғыдай құқылы.

Борышкер өндіріп алушының талабымен келіспеуінің нақты себептерін көрсете отырып, хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде нотариусқа қарсылық жолдай алады. Атқарушылық жазба негізінде атқарушылық іс жүргізу қозғалған жағдайда сотқа жүгіну қажет.

JAQ.OrtCom мәліметінше, заңнамадағы өзгерістер нотариустардың атқарушылық жазбалардың күшін жоюына толық тыйым салу ретінде түсіндірілген. Соның салдарынан жекелеген рәсімдердің нақтылануы борышкерлерді өз құқықтарын қорғаудың бір тәсілінен айыру ретінде көрсетілген.

Мұндай түсіндірмелер азаматтарды жаңылыстырып, мәселені тікелей нотариус арқылы реттеуге болатын жағдайлардың өзінде ақылы заңгерлік қызметке жүгінуге итермелеуі мүмкін.

Үрнек ауылы тұрғындарының эвакуацияланғаны туралы ақпарат расталмады

Ресей аумағынан тараған табиғи өртке байланысты Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы Үрнек ауылы тұрғындарының эвакуацияланып жатқаны туралы ақпарат тарады.

Қостанай облысының әкімдігі мен облыстық ТЖД бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Үрнек ауылы тұрғындары эвакуацияланбайды.

Сонымен қатар табиғи өрттің Ресей Федерациясы аумағынан Қарабалық ауданының аумағына өткені расталды. Дала өсімдіктерінің жануы Қарадум орманшылығы аумағына ішінара тараған.

Жағдай Қостанай облысы ТЖД бақылауында.

JAQ.OrtCom түсіндірмесіне сәйкес, бұл жағдайда төтенше жағдайға қатысты нақты ақпарат расталмаған эвакуация туралы мәліметпен толықтырылған.

Өрттің болғаны туралы расталған ақпарат пен оған байланысты қабылданған шаралар жөніндегі жалған мәліметтердің араластырылуы хабарламаның шынайылығына деген сенімді арттырып, тұрғындар арасындағы алаңдаушылықты күшейтуі мүмкін.

Мұндай жағдайларда оқиғаның өзін ғана емес, оның ауқымы мен салдарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер туралы ақпаратты да жеке-жеке тексеру маңызды.

Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты өткір мәлімдеме жасамағаны анықталды

Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты өткір мәлімдеме жасағаны туралы ақпарат тарады.

JAQ.OrtCom тексеру барысында таралған дәйексөздің бұрмаланғанын анықтады. Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мұндай мәлімдеме жасамағаны белгілі болды.

Манипуляцияға Армения Премьер-министрінің 3 қыркүйектегі брифинг барысында журналистің сұрағына берген жауабы негіз болған. Түпнұсқа сөзінде ол Арменияның мемлекеттік шешімдерді дербес қабылдауы туралы айтқан. Бұл контексте Қазақстан мүлде аталмаған.

JAQ.OrtCom мәліметінше, бұл жағдайда нақты айтылған сөздің мазмұнын бұрмалау тәсілі қолданылған. Түпнұсқа дәйексөз ішінара өзгертіліп, ойдан шығарылған сөз тіркестерімен толықтырылған.

Соның нәтижесінде бастапқы дәйексөзге мүлде басқа мағына берілген.

Шетелдік мемлекет қайраткеріне Қазақстанға қатысты өткір мәлімдемелерді телу қоғамда теріс пікір қалыптастыру және екі ел арасында шиеленіс туғызатын жасанды ақпараттық себеп жасауға пайдаланылуы мүмкін.

Қара шалбар үшін ата-анаға айыппұл салынбайды

Астана қаласында мектеп оқушысының қара түсті шалбар кигені үшін ата-анасына айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады.

Астана қаласы Білім басқармасының түсіндіруінше, ата-аналарға шалбардың қара түсі үшін айыппұл салынуы мүмкін деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Елордадағы жалпы білім беретін мектептерде қара және қою көк түсті мектеп формасын киюге рұқсат етіледі.

JAQ.OrtCom мәліметінше, жекелеген жанжалды жағдай мен нақты бір мектептің талаптарды дұрыс түсіндірмеуі барлық білім беру ұйымдарына ортақ ереже ретінде көрсетілуі мүмкін.

Нәтижесінде ата-аналарда қара түсті мектеп формасына тыйым салынғаны және бұл талапты бұзғаны үшін автоматты түрде айыппұл салынатыны туралы қате түсінік қалыптасады.

Алайда елорда мектептеріне ортақ мұндай талап жоқ.

Қазақстандықтар неке мерзімін ұзартуға міндетті емес

Қазақстандықтар неке тіркеу мерзімін міндетті түрде ұзартуы тиіс деген ақпарат та жалған болып шықты.

ҚР Әділет министрлігінің түсіндіруінше, неке-отбасы заңнамасына сәйкес неке бір рет тіркеледі және оның белгіленген қолданылу мерзімі жоқ. Некені ұзарту талап етілмейді.

JAQ.OrtCom түсіндірмесіне сәйкес, алаяқтық схема міндетті мемлекеттік рәсім туралы ресми хабарламаға ұқсатып жасалған хабарламаны таратуға негізделген.

«Некені ұзарту» туралы ақпарат азаматтар арасында алаңдаушылық туғызып, оларды хабарламаның мазмұнын тексерместен сілтемеге өтуге немесе дербес деректерін беруге итермелеуі мүмкін.

Сенімді арттыру мақсатында алаяқтар азаматтарға таныс цифрлық сервистерді және ресми хабарламаларға ұқсас тұжырымдарды пайдаланады.

Осыған дейін жалған ақпаратқа қарсы орталық жарты жылда 68 фейкті жоққа шығарғаны туралы жаздық.