Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

115 мыңға жуық азамат мобильдік аударымдар ережелерін бұзуға байланысты хабарлама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті 114 839 қазақстандыққа ақпараттық хат жолдаған. Олар табыс декларациясын тапсырмай, кәсіпкерлікпен айналысып жатыр деген күдікке ілінген.

мобильные переводы
Коллаж: Kazinform

Ведомство мәліметінше, шотқа ай сайын 100-ден аса адамнан ақша түсуі және үш айда 1 миллион теңгеден артық қаржы аударылуы кәсіпкерлікпен айналысудың белгілері саналады.

— ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың I тоқсанындағы банктік операциялары бойынша кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталған жеке тұлғаларға ақпараттық хаттар жолдады, — делінген хабарламада.

Комитет баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай хаттар төмендегі белгілер қатар анықталған азаматтарға жіберіледі:

• қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында жеке банк шотына 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі;
• банк шоты кәсіпкерлік қызметті жүргізуге арналмаған болуы;
• көрсетілген кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖ) асуы.

Әйтсе де, аталған ақпараттық хатты алу азаматтың жауапкершілікке тартылғанын білдірмейді. Ол ақпараттық-түсіндіру сипатында жолданады және салық заңнамасының талаптарына сәйкес өз қызметін өз еркімен ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Егер азаматтар ондай хат алса және іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысса, тапқан табысын заңдастыруы керек. Ол үшін:

• егер бұрын тіркелмеген болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу;
• алынған табысты тиісті салық есептілігінде көрсету;
• салық міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындау қажет.

Салық төлеушінің мәртебесіне байланысты табыс әрқалай көрсетіледі.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға арналған арнайы салық режимін (мобильді қолданба түбіртектері жасалмаған сомаларға қатысты) қолданатын жеке тұлғалар 2026 жылға арналған Кірістер мен мүлік туралы декларацияда (270.00-нысан) табысын көрсетуі тиіс. Декларацияны 2027 жылғы 1 қаңтардан 15 қыркүйекке дейін тапсырып, жеке табыс салығын 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеуі қажет.

Жеке кәсіпкерлер үшін табысты көрсетудің басқа жолы қарастырылған.

Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатындар 2026 жылға арналған Кәсіпкерлік қызметтен алынатын табыс бойынша жеке табыс салығы декларациясында (220.00-нысан) табысын көрсетеді. Декларацияны 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін тапсырып, салықты 2027 жылғы 10 сәуірге дейін төлеуі қажет.

Ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатындар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін 910.00-нысан бойынша декларацияда табысын көрсетеді. Декларацияны 2026 жылғы 1 шілдеден 15 тамызға дейін тапсырып, салықты 2026 жылғы 25 тамызға дейін төлеуі қажет.

Егер жүргізіліп отырған қызмет кәсіпкерлік қызмет болмаса немесе алынған хат бойынша азаматтардың сұрақтары болса, 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болады.

— Мемлекеттік кірістер комитеті салық міндеттемелерін уақтылы орындау салықтық әкімшілендірудің кейінгі рәсімдерін болдырмауға мүмкіндік беретінін еске салады. Салық міндеттемелері уақытында орындалмаған жағдайда, салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жолданатын болады, — делінген Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін ЖТС бойынша жаңа тәртіп енгізіліп, базалық салық шегерімі енді келесі айға ауыстырылмайтынын жазғанбыз.