12 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 12 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 12 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.
12 ақпан СӘРСЕНБІ
Мьянмадағы одақ күні. 1947 жылғы Панглунг конференциясы өткен күн құрметіне аталған. Осы конференцияда Бирманың (қазіргі Мьянма) ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрескер Аун Сан этникалық топтар басшыларымен мемлекет тәуелсіздігі туралы келісімге қол қойды.
Душанбедегі 1990 жылғы 12-14 ақпандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болғандарды еске алу күні.
Авраам Линькольннің туған күні. 1809 жылғы 12 ақпанда Конституцияға түзету енгізіп, құлдықты түбегейлі жойған АҚШ-тың он алтыншы президенті Авраам Линькольн дүниеге келді.
Венесуэладағы жастар күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
89 жыл бұрын (1925) Қазақ АКСР құрамында Қарақалпақ автономиялық облысы құрылды.
59 жыл бұрын (1955) Қызылорда облысында Байқоңыр ғарыш айлағын салу туралы шешім қабылданды. Осы ғарыш айлағынан алғашқы жасанды спутник және тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ұшырылды.
7 8 жыл бұрын (1936) Жамбыл медицина колледжі ашылды. Бастапқыда «медбикелер мектебі» деп аталған. Қазіргі таңда аталмыш оқу орны «емдеу ісі», «акушерлік іс», «медбике ісі», «фармация», «ортопедиялық стоматология» мамандықтары бойынша мамандар даярлайды.
2 2 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
20 жыл бұрын (1994) Норвегияның Лилехаммер қаласында өткен ХVII қысқы ойындарға тәуелсіз Қазақстан құрамасы алғаш рет қатысты.
8 жыл бұрын (2006) Алматыда Достық үйінде мәскеулік режиссер Константин Харалампидистің «От Рождества до Воскресения» атты ежелгі және бүгінгі гректер туралы деректі фильмінің премьерасы өтті.
Премьераны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фильм Мәскеуде өткен «Еуразия калейдоскопы» кинофестивалінде «Шетелдік кино» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған. Автор «От Рождества до Воскресения» туындысында ежелгі грек-понтийлер тап болған апат пен бүгінгі гректердің бастан кешкен дағдарыстан арылып келе жатқандығы арқау етілген. Константин Харалампидис 1999 жылдан бастап біздің елде кино түсіре бастады. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Новороссийск қалалары мен Владикавказда, Сочиде, сондай-ақ Грекияда, Афины, Салоника мен Патрахта және киелі Афон тауында фильмдер түсірген.
7 жыл бұрын (2007) Ұлттық банктің Орталық филиалына номиналы 500 теңгелік екі коллекциялық күміс шақа келіп түсті. Шақалардың дайындалу сапасы - «proof», тиражы - 4 мың дана. Бірінші шақада - баласын бесікке бөлеп жатқан ана бейнеленсе, екіншісінде - Алматыдағы орталық мешіт бейнеленген. Коллекциялық шақаның салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм. Әрқайсысының құны 5 мың теңге. Шақалар 925-сынамалы күмістен жасалған.
7 жыл бұрын (2007) Павлодарда айтыс өнерінің дамуына арналған «Өнердің алтын тәжі» атты кітап жарыққа шықты. Басылымның авторы павлодарлық журналшы Мұхамеджан Дәуренбек тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірлік айтыстар қалай дайындалып өткізілгені туралы баяндайды. М.Дәуренбек облысты аралап, айтыстарға қатысушыларды іріктей жүріп, көптеген ақындармен танысқан, жыр сайысына бірнеше рет қазылық жасаған.
6 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штаттық саны мен құрылымы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы өз Әкімшілігіне ел Президентіне қарайтын құқық қорғау органдары мен ұйымдарында әкімшілік реформалар жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындауды Президент Әкімшілігі өз құрылымын қайта құрудан және штат санын қысқартудан бастады. Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдірудің негізгі мақсаттары: Президент Әкімшілігінің бөлімдері арасында функцияларды оңтайландыру және нақты бөлу; құрылымды заңнамамен белгіленген нормаларға сәйкестендіру; Президент Әкімшілігіне тән емес қызметтерді тиісті мемлекеттік органдарға беру; басқарма деңгейін және басқару аппаратын қысқарту; құрылымдық бөлім басшыларының жауапкершілігі мен дербестігін арттыру болып табылады.
6 жыл бұрын (2008) Павлодар облысындағы Қашыр селосының атауы Тереңкөл болып өзгертілді. Әкімдіктің бірлескен қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі бойынша, тұрғындардың пікірі ескеріле отырып, Қашыр селолық округінің атауы Тереңкөл округі болып, ал Қашыр селосының атауы - Тереңкөл селосы болып өзгертілді.
5 жыл бұрын (2009) Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кресло-коляска шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт «Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі жандар конфедерациясы» және немістің «Майра» фирмасы көмегімен елорда әкімшілігінің қолдауымен жұмыс істейді.
5 жыл бұрын (2009) Қазақстан-британ техникалық университетінде техникалық ғылымдар докторы, профессор Г.Хаиров атындағы дәрісхана ашылды.
Г.Хаиров (1946-2007) - қазақстанның көрнекті ғалымы, «КСРО жер қойнауын құрметті барлаушы», «Қазақстан Республикасының кен орындарының бірінші ашушысы» және КСРО геология Министрлігі сыйлығының иегері.
4 жыл бұрын (2010) Алматы қаласы Әуезов ауданында балаларға арналған демалыс және шығармашылық орталығы ашылды. «Ақ барыс» атты демалыс орнында аумағы мың шаршы метр мұз айдыны, сырғанақ, әткеншек, алтыбақан және басқа да аттракциондар бар. Құрылысқа барлығы 60 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Енді балалар үшін спортзал, интернет клуб, жекпе-жек және би алаңдары салынбақ.
3 жыл бұрын (2011) Астанада ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің алғашқы форумы өтті.
106 жыл бұрын (1908) Нью-Йорктің Таймс-сквер алаңынан бірінші жер шарын автомобильмен айналып шығу жарысы басталды. Алты автомобиль бастапқыда Сан-Францискоға жетіп, одан кейін теңіз жолы арқылы Жапонияға, Ресейге жетті. Жарыс жолы Сібірді басып өтіп, барлық Еуропаны қамтыды. 88 күн бойы рөлде отырып, шілденің 26-ында Парижге бірінші болып Джордж Шустер жетті.
90 жыл бұрын (1924) қабірден Тутанхамон перғауынның мумиясы алынды. «Патшалар жазығын» қазу жұмыстары 1922 жылы басталған болатын. Тутанхамон қабіріндегі байлықтың осынша уақыт тонаудан аман-есен қалғандығы нағыз ғажап оқиға десе де болады. Одан табылған дүниелер 20 ғасырдағы керемет археологиялық жаңалық болды.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1894-1956) пейзажшы, театр суретшісі, Қазақстанның енбек сіңірген өнер қайраткері ТЕЛЯКОВСКИЙ Всеволод Владимирович дүниеге келді.
Теляковский 1912 жылы Санкт-Петербор гимназиясын бітірген соң, Париждегі Ронсон академиясының қондырғылы кескіндеме бөліміне түсіп, француз суретшілері М.Дени мен Ф.Валлотанан дәріс алған. 1935 жылдан Қазақстанда тұрды. Спектакльдерді безендіру жұмысын алғаш Атбасар қалалық музыкалық драма театрында бастады. 1936-1938 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры мен Қазақстан Мемлекеттік орталық мұражайында қызмет етті. Қылқалам шебері қазақтың ұлттық эпосына арналған көптеген паннолардың топтамасын 1958 жылы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қамбар батыр», 1959 жылы «Қорқыт баба» т.б. жасады. Теляковский сондай-ақ 1959 жылы «Кеш», 1960 жылы «Пион гүлі», «Аквариум», т.б. натюрморттардың авторы. 1924 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) қаласындағы архитектура институтында сурет пен кескіндеме пәнінен сабақ берді.
109 жыл бұрын (1905-1974) актер, Қазақстанның халық әртісі АТАХАНОВ Нұриддин Мұхаметқалиұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан. Өскемен қаласында туған. Соғыстан оралған соң Қарағанды, Қарқаралы, Семей, Павлодар театрларында актер, режиссер қызметтерін атқарған.
Театр сахналарында Абайдың (М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» трагедиясы), Кебектің, Казанцевтың (М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Түнгі сарыны»), Қодар мен Қарабайдың, Науанның (Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлуы», «Ақан сері - Ақтотысы»), Тайманның (Ә.Тәжібаевтің «Майрасы»), Сырдақтың (Т.Ахтановтың «Сәулесі»), Олжабай (Қ.Мұхаметхановтың «Комиссар Ғаббасовы»), Бекзадтың (Н.Хикметтің «Махаббат жайындағы аңызы») рөлдерін сомдаған. Ол музыкалық қойылымдарға да қатысты.
Атаханов режиссерлік жұмыспен айналысып, Әуезовтің «Айман - Шолпан» мен «Түнгі сарын», Ғ. Мүсіреповтің «Амангелді», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» пьесаларын, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларын қойған.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
75 жыл бұрын (1939-1996) жазушы, медицина ғылымының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Зайсан ауданының құрметті азаматы ҒАББАСОВ Советхан дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. 1971-1978 жылдары Қазақ КСР Денсаулық министрлігіне қарасты Қазақтың экспериментальді және клиникалық ғылыми-зерттеу хирургиялық институтында ғылыми қызметкер болып істеген. «Қан жүрісі - жүрек тынысы», «Дәрігер келгенге дейінгі көмек», «Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма?» секілді кітапшаларын шығарған. Бірнеше прозалық шығармалары жарық көрді.
«КСРО денсаулық сақтау үздігі» белгісімен марапатталған.
74 жыл бұрын (1940-2005) сатирик жазушы АХМЕТБЕКҰЛЫ Кәрібай дүниеге келді.
Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Республикалық «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Қазақстан пионері» газеттерінің, Қазақ кеңес энциклопедиясының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, кейінгі жылдары қазақстан жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, «Қазақфильм» студиясының, «Жалын», «Қазақстан» баспаларының редакторы қызметтерін атқарған.
«Ақдала», «Ақдала» роман-дилогиясының, «Қасірет» романының, «Сый орамал», «Жеңіс сарбазы», «Жалаулы жасыл дүние», «Седая степь», «Егіз қайық» повесть және әңгімелерінің авторы.
Ян Козактың «Қасиетті Михаил» романын, М.Юхманың «Ақ қайың әні» атты кітабын, «Якут ертегілерін» және В.Астафьевтің «Ұрлық», «Жанаргүл» повестерін қазақ тіліне аударған.
7 3 жыл бұрын (1941) Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері НАЗАРБАЕВА Сара Алпысқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылында туған. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітірген. Аталған комбинатта «Қарағандыкөмір» бірлестігінде жұмыс істеген.
1992 жылы елдегі ана мен балаларды әлеуметтік қорғау, балалар үйлерін қамқорлыққа алу, тұрмысы төмен, жетім балаларға жәрдемдесу мақсатында «Бөбек» халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалады. Қазақстанда алғашқы болып жетім балаларды қорғайтын заң (Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы) шығару бастамасын көтерді. Осыған орай Назарбаеваның тікелей қатысуымен жетім балаларға арналған балалар ауылдары салынды. Онда тәрбиеленген түлектер тұрғын үймен, білім алу мүмкіндігімен немесе жұмыспен қамтамасыз етіледі.
1992 жылдан «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті. Қор аурудын асқынған түрлерімен сырқаттанған балаларға Қазақстан мен шетел клиникаларында емдейтін балалар мекемелері мен ұйымдарына қамқорлық көрсетеді. Әсіресе Арал мен Семей ядролық полигоны сияқты экологиялық апатты аймағының балаларына ерекше көңіл бөлінеді. 1994 жылдан «505 - Қазақстанның балалар деревнясы» (Австрияның «Киндердорф Интернационал» қорының филиалы) қорының президенті.
1999 жылдан - «Демография» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы.
«Педагогические проблемы укрепления и развития здоровья учащихся, их нравственного воспитания с использованием системы «Детка» Порфирия Корнеевича Иванова» (1999 ж.), «Здоровье человека и система П.К. Иванова «Детка» (1999 ж., қосалқы авторлармен бірге) кітаптарының авторы.
1-ші дәрежелі «Достық» орденімен, «Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальмен, Халықаралық «SOS-Киндердорф» қорының Алтын медалімен, Балалар құқығын қорғау саласына зор үлес қосқаны үшін ЮНИСЕФ-тің арнайы наградасымен марапатталған.
Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының И. Дограмачи атындағы сыйлығының, халықаралық «Unity» сыйлығының, Денсаулық сақтау, қайырымдылық және өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу саласындағы ерен еңбегі үшін «Курманджан Датка» сыйлығының лауреаты, «Мээрман Энее-98» атағының иегері атанған.
6 8 жыл бұрын (1946-2007) жазушы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ЖҰМАБЕК Сайлаубек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген.
1974-1979 жылдары - Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті сценарийлық бөлімінің аға редакторы. 1979-1981 жылдары - «Жас алаш» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1981-1990 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газеті сын бөлімінің меңгерушісі. 1990-1993 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Ара-Шмель» журналының жауапты хатшысы. 1993-1996 жылдары - «Ара-Шмель» сатиралық журналының және осы аттас газеттің бас редакторы. 1996 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының аға референті - әдеби кеңесшісі.
Оның «Сын пернесі», «Ғабит Мүсірепов», «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер», «Сын әуені», «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы», «Жүрегі - мұң, жүрегі - жыр...» атты сын кітаптары бар.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған.
66 жыл бұрын (1948-2007) ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, ТМД елдері журналистерінің «Орыс әлемі» халықаралық сыйлығының лауреаты КВЯТКОВСКИЙ Олег Вадимович дүниеге келді.
Ресейде туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Советская Чукотка», «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттерінің тілшісі, «Строительной газеты» газетінің Қиыр Шығыс бойынша, меншікті тілшісі, «Труд» газетінің Түрікменстан бойынша, Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1993-1996 жылдары - «Караван-Эдвертайзинг» жарнама агенттігінің бас директоры. 1999-2001 жылдары - «Караван» газетінің бас редакторы, «Труд-Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2001-2002 жылдары - «31 канал» телерадио компаниясының атқарушы директоры. 2002-2005 жылдары - «Столичная жизнь» газетінің бас редакторы. 2005-2007 жылдары «Казахстанская правда» Республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарған.
Медальмен марапатталған.
63 жыл бұрын (1951) ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері ЕРМАНОВ Жүрсін Молдашұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы. 1982-1992 жылдары - Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы, 1992-1996 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі.
Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы.
Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерманов қазақтың атамұра өнері - ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.
60 жыл бұрын (1954) тарих ғылымының докторы, саясаттану профессоры, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты АХМЕТОВА Ләйлә Сейсембекқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, проректоры, БАҚ және жарнама менеджменті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан «Мир Евразии» журналының бас редакторы болған. 2005 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болып істейді. Бірнеше кітаптың авторы.
«Өнер қайраткері» құрметті белгісімен, екі медальмен марапатталған.
53 жыл бұрын (1961) «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы МҰХАМЕДЖАНОВА Нұржан Жалауқызы дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін, Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін үздік тәмамдаған. Қазақ радиосының балалар мен жастар редакциясында редактор, бөлім бастығы, бас редактор қызметтерін атқарған. 1991 жылы Қазақ радиосы «Шалқар» бағдарламасы ақпараттық-сараптамалық редакциясының Бас редакторы, Қазақ радиосы бағдарламалар бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақ радиосы бас директорының бірінші орынбасары, Қазақ радиосының саяси шолушысы қызметін атқарды. 1997 жылы ҚР Президенті Баспасөз қызметінде, 1997-2006 жылдары «Интерньюс» Халықаралық Ұйымының Қазақстандағы Өкілдігі директорының орынбасары, атқарушы директоры, 2006 жылы «31 канал» ТРК атқарушы директорының бірінші орынбасары, атқарушы директоры, 2008-2011 жылдары «31 канал» ТРК бас директоры болды. 2008 жылдан Қазақстан Телерадиотаратушылар Ұлттық Ассоциациясының президенті. 2011 жылдың шілдесінен «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
51 жыл бұрын (1963) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты АЛТАЙ Асқар дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі, С.мұқанов мұражай-үйінің кіші ғылыми қызметкері, Қазақ теледидары «Алатау» бағдарламасының жауапты редакторы, «Жұлдыз» журналы әдеби сын бөлімінің редакторы, бөлім меңгерушісі, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігі бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы-қаражат» журналы бас редакторының орынбасары, бас редакторы, «Білім» баспасының жетекші редакторы болған. Жазушының «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы, «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы жарық көрген. «Қызыл бөлтірік» кітабы Халықаралық сорос қорының бас жүлдесін алған.
48 жыл бұрын (1966) «Темірбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты БЕЙСЕНҒАЛИЕВ Берік Тұрсынбекұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Ебней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
1994-1995 жылдары - «Компьютерлік емдік-диагностикалық жүйе» ұжымдық кәсіпорында бас есепші. 1995-1996 жылдары - «Казкоммерцбанк» банкі дилинг басқармасының дилері. 1996-1997 жылдары - «Alеm Bank» Kazakhstan» Қарағанды басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Тұран-Әлем Банкі» ЖАҚ Ақмола филиалының бастығы. 1998-2004 жылдары - «Алматы сауда-қаржы банкі» АҚ-ы Астана қалалық филиалының директоры. 2004-2006 жылдары - «АТФБанк» АҚ-ының басқарушы директоры, «АТФБанк» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. 2006-2009 жылдары - «Аstana Capital Investment Group» инвестициялық компаниясының бас директоры қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қаңтар айынан бастап - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 2012 жылдың желтоқсанынан қазіргі қызметінде.
2004 жылдың наурыз-қараша айларында «Қазақстан халықтық жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болған. 2004-2006 жылдары - Омбы қаласындағы «Банк Сибирь» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 жылдың наурызынан « Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2010 жылдың қаңтарынан - «Азық-түлiк келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
47 жыл бұрын (1967) ҚР Парламентінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі СӘДІБЕКОВ Ұласбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылық институтын, «Қайнар» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын орта мектепті бітіргеннен кейін 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданы Алғабас ауылында «Алғабас» мал бордақылау бірлестігінде жұмысшы болып бастады. 1986-1987 жылдары Кеңес әскерінің қатарында қызмет етті 1992-1993 жылдары - Ақмола қаласының Жастар істері бойынша қалалық комитетінің төрағасы . 1993-1994 жылдары - Алғабас ауданының ішкі саясат бөлімінің маманы, бас маманы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 1994-1996 жылдары - Алғабас ауданы жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 1996-1998 жылдары - «Жетіген» ЖШС-нің директоры, Шымкент қаласы. 1998-2002 жылдары - Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы. 2002-2004 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты әлеуметтік - мәдени кешен бөлімінің меңгерушісі.2004-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы. 2005-2006 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат департаментінің директоры. 2006-2007 жылдары -Бәйдібек ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы. 2007-2009 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі. 2009-2012 жылдары - «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары 2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» орденімен, «10 жыл Астана», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек және Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы.
205 жыл бұрын (1809-1865) АҚШ-тың 16-шы президенті ЛИНКОЛЬН Авраам дүниеге келді.
АҚШ-тың Кентукки штатының Ходженвилл қаласында туған. 1834-1941 жылдары Иллинойс штатының заң шығару жиналысының мүшесі, 1847-1849 жылдары АҚШ Конгресі өкілдер палатасының депутаты болды. 1854 жылы Республикалық партияны құруға белсене атсалысып, құлдарды азат етуді жақтады. Линкольннің президенттікке сайлануы мен оңтүстік штаттарды қолдап келген демократтардың биліктен кетуі 1861-1865 жылдары АҚШ-та азамат соғысының басталуына себепші болды. 1863 жылы қаңтардың 1-інде Линкольннің «құл негрлерге еркіндік беру туралы» прокламациясы мен құл иеленушілердің талқандалуы АҚШ-та құлдықтың жойылуына алып келді. 1864 жылы Линкольн екінші мерзімге АҚШ президенті болып сайланды. Ол 1865 жылы сәуірдің 15-інде Вашингтонда құл иеленушілер жалдаған актер Дж.Бутстің қолынан қаза тапты. Ол адамдардың азаматтық және саяси құқықтарын кеңейтуді, әйелдерге сайлау құқығын беруді жақтады, құлдарды азат етуді іске асырды.
133 жыл бұрын (1881-1931) орыс балет әртісі, ХХ ғасырдың көрнекті бишілерінің бірі ПАВЛОВА Анна Матвеевна дүниеге келді.
104 жыл бұрын (1910-1987) корей кәсіпкері, Samsung корпорациясының негізін қалаушы Ли Бьонг ЧХУЛЬ (кейіннен Хо Ам деп атанды) дүниеге келді.
72 жыл бұрын (1942) израиль әскери және саяси қайраткері, генерал-лейтенант, бас штаб бастығы (1991-1995), Израиль премьер-министрі (1991-2001) ЭХУД Барак дүниеге келді.