12 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

12 мамыр, СЕНБІ
Медбикелердің ынтымағы күні. Қырым соғысы кезінде (1853-1856) санитарлар отрядын ұйымдастырып, басшы болған ағылшын медбикесі - Флоренс Найтингейлдің туған күні құрметіне орай атап өтіледі. Әр екі жыл сайын Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысы ең үздік медбикелерге Флоренс Найтингейл атындағы 50 медаль тапсырады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1995) Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне ақын Сағи Жиенбаевтың есімі берілді.
17 жыл бұрын (1995) Корея Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.
9 жыл бұрын (2003) Шымкент аэродромы аумағында жаңа радиолокациялық «Амур» қондырғысы орнатылды. «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шымкент филиалы іске қосылған осы қондырғы арқылы Оңтүстік Қазақстан аумағынан өтетін әуе кемелерін байқау және өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін облыс әуе кеңістігіне Ташкент аэродромы бақылау жасап келген болатын. Қондырғы 230 шақырым радиуста, 12000 метрге дейінгі биіктіктегі ұшақтарға қадағалау жасай алады.
7 жыл бұрын (2005) Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында Ұлы Отан соғысына қатысушы қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды. Аталмыш іс-шара М.Әуезов атындағы орта мектептің ауласында өтті. Соғыс жылдары Кеңес Одағының Батыры атанған 500 қазақстандықтың 70-і Беларусьты фашистік басқыншылардан азат ету барысында атақ алған, сондай-ақ осы елде 14 000 қазақстандық жауынгер қаза тапқан.
104 жыл бұрын (1908) Натан Стабблфилд радиохабарын таратуға патент алды. 1902 жылы қаңтардың 1-інде «Wireless Telephone Company of America» компаниясының ұйымдастыруымен Кентукки штатындағы Марри көрмесінде өнертапқыш радиохабарын таратуды алғаш рет көрсетті. Ол өзінің таратқышын сот ғимаратында орнатып, екі сымды жерге қосып, қаланың әр жеріне бес «тыңдау стансасын» орнатты. Ең алыстағы станса таратқыштан алты квартал жерде орналасты. Осыдан соң оның ұлы таратқышқа сөйлеп, сыбырлап, ысқырып көрді. Сол кезде бұл дыбыстар әр қабылдағыштан бір мезгілде айқын естілді. 1908 жылы мамырдың 12-інде Стабблфилд телефон мен қуаттетік қолданылған магнитті индукциялық жүйені патенттеді.
58 жыл бұрын (1954) Лондонда өткен конференцияда Теңіздің мұнаймен ластануының алдын алу туралы халықаралық конвенцияға қол қойылды.
12 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанадағы резиденциясында Нобель сыйлығының лауреаттарын қабылдады.
5 жыл бұрын (2007) Түрікменбасы қаласында өткен үш жақты самитте Қазақстан, Ресей және Түрікменстан президентері - Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Гурбанғұлы Бердымұхамедов - Каспий газ құбырын салу туралы бірлескен декларацияны қабылдады. Газ құбыры Каспий жағалауын бойлай, Қазақстан мен Ресей арқылы Түрікменстан аумағы арқылы өтетін болып межеленді.
16 жыл бұрын (1996) Иранның Мешхед қаласында Трансазия темір жол магистралінің Мешхед-Теджен-Сирахс учаскесін ашудың салтанатты рәсімі өтіп, оған Елбасы Н.Ә.Назарбаев мәртебелі қонақ ретінде қатысты. Жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құраған жаңа темір жол Тынық мұхиты жағалауын, Қытай мен Орта Азияны, Иран мен Түркияны жалғастырды.
6 жыл бұрын (2006) Өзбекстанда Әндіжан оқиғасы орын алды.
ЕСІМДЕР
64 жыл бұрын (1948) химия ғылымының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы АРЫСТАНБЕКОВА Ақмарал Хайдарқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын осы университеттің кіші ғылыми қызметкері болып бастап, Қазақстан Жастар одағы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқарды. 1989-1991 жылдары - Қазақ КСР Сыртқы істер министрі. 1991-1992 жылдары - Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Ресей Федерациясы өкілдігінің аға кеңесшісі - Қазақстан Республикасының өкілі. 1992-1999 жылдары - Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 1999-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1999-2001 жылдары - UNESCO жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі қызметін қоса атқаушы. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарады. Халықаралық қатынастар бойынша 30-дан астам жарияланымның, 3 авторлық куәліктің авторы.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
59 жыл бұрын (1953) жазушы БАЙХОНОВ Серік дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Республикалық газеттер редакцияларында, «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеген. 1990-1998 жылдары Қазақ республикалық телерадио комитетінің бас редакторы қызметін атқарған. Қазір «Қазмырыш» ашық акционерлік қоғамында еңбек етеді. Жазушының «Жалғасым менің - жалғасым» атты тұңғыш повесі 1973 жылы «Жалын» журналында жарық көрді. Шығармалары орыс тіліне аударылған. «Жігіттің сұлтаны», «Тайбурыл», «Сыйқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны» республикалық конкурстық бағдарламалардың авторы. Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты. Кәсіби саяхатшы ретінде «Сал үстіндегі маусым», «Аралға - араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер желісіне саяхат», «Бетпақдала - шөл емес» экспедицияларын басқарған. 1979 жылы «Ең ыстық маусым», 1983 жылы «Қос шатырлы үй» атты повестерін, 1987 жылы «Сал үстіндегі маусым» атты саяхат кітабын, 2001 жылдары «Құйылыста» хикаяттар мен әңгімелерін және «Ғажапстанға саяхат» табиғат кітабтарын шығарды.
133 жыл бұрын (1879-1938) Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері ТЫНЫШБАЕВ Мұхамеджан дүниеге келді.
Ол 1900 жылы Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітірді. Гимназияда оқып жүргенде Тынышбаев өзінің ізденімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленіп, 1899 жылы Верный қаласында өткен А.Пушкиннің 100 жылдық мерейтойында баяндама жасады. Гимназия директоры Жетісу облыстық әскери губернаторына жолдаған өтінішінде Тынышбаевты «тамаша шәкірт қана емес, нағыз талант иесі» екендігін мәлімдеп, жоғары оқу орнында білім алуына арнайы стипендия бөлуді сұраған. 1900 жылы Жол қатынасы институтына түсіп, 1906 жылы бітіреді. Студент кезінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде отарлық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізеді. Патша өкіметіне қарсы опозициядағы партиялардың ұйымдастырған іс-шараларына қатысады. 1905 жылы қарашада автономияшылдар одағы ұйымының ұйымдастыруымен өткен съезге қатысып, сөз сөйлейді. Ол өз сөзінде патша өкіметінің қазақ жерінде жүргізіп отырған отаршылдық саясатын айыптай отырып, ендігі уақытта ұлттық езгідегі халықтарға автономия берілуін талап етеді.
Институтты бітірген соң инженер-маман ретінде Орта Азия темір жолы құрылысына жіберіледі. 1907 жылы екінші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланып, онда аграрлық комиссия құрамында қызмет етеді. Дума таратылған соң Орта Азия темір жолы құрылысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысады. 1911 жылы Урсатьевск - Әндіжан темір жолы құрылысының бастығы әрі бас инженері, 1914 жылы Арыс - Әулиеата темір жолы құрылысының бас инженері қызметтерін атқарады.
Қоғам қайраткері 1916 жылғы маусымының 25-індегі патша жарлығына қарсы шыққан халық көтерілісінің салдарын күні бұрын болжап, көтерілісшілерді сабырлыққа шақырады. Патша өкіметінің жергілікті билік орындарының көтеріліске шыққан қазақтар мен қырғыздарды жазалауда жасаған озбырлығын әшкерелеуде белсенділік танытады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Тынышаев Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті құрамына мүше болып тағайындалады. Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі ретінде Жетісу облысындағы 1916 жылы Қытайға ауып кеткен қазақ-қырғыз босқындарына көмек көрсетуді ұйымдастырады. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, онда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. Түркістан өлкесі мұсылмандарының төртінші съезіне қатысып, онда құрылған Түркістан автономиясы Уақытша үкіметінің төрағасы және Ішкі істер министрі болып сайланады. Бірақ көп ұзамай бұл қызметтерінен бас тартады. Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің құрамына сайланады.
Тынышбаев Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге қазақ елінің дербестігін қалпына келтіруге, елдің амандығын сақтауға күш салады. Ол осы мақсатта Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, Ғ.Танашев секілді Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге Уақытша Сібір үкіметімен, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелері комитетімен және Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізуге қатысады.
1920 жылы қазанның 1-інде Ташкент қаласында ашылған Қазақ халық ағарту институтына қызметке орналасып, осы оқу орнының аяғынан тік тұрып кетуіне көп еңбек сіңіреді. Институт үшін ел арасынан қаржылай көмек жинауды ұйымдастырып, осы оқу орнында білім алу үшін Сырдария мен Жетісу облыстарынан қазақ жастарын жинастырады. Аталмыш білім ордасында математика, физика, химия, түркі халықтары тарихы пәндерінен дәріс оқиды.
Тынышбаев сонымен бірге ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Ол Орыс география қоғамы Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болды. «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының қызметіне ат салысады. Халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дереккөздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазады. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге Тынышбаев еңбектеріндегі «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» секілді, т.б. тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады. Қазақ тарихының көне дәуірі, орта ғасырлар кезеңі, жаңа заманы ретінде жеке қарастыратын күрделі мәселелерді кеңінен қамтуға талпынысы тарихшы-ғалымның өзіндік қалыптасқан тарихи көзқарасы бар екендігін аңғартады. Сонымен қатар еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен ерекшеленеді. Ол қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру керек деген приципті берік ұстанған және бұл приципті өзге зерттеушілердің де ұстауын талап етеді.
Тынышбаев 1922 жылдан Түркістан АКСР-і Су шаруашылығы басқармасында, Ташкентте жер суландыру бөлімінде, Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, Жетісу губерниясы атқару комитетінің жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде таныта білді. 1927 жылдан Түркістан - Сібір темір жолы құрылысында еңбек етті. Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб құрылысын салу барысында айрықша танылды.
Осы еңбектеріне қарамастан Тынышбаев кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы тамыздың 3-інде тұтқынға алынады. Оған «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айыптар тағылады. Кейінгі жылдары да үнем бақылауда болған ол, ақырында кеңестік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына, көшеге, Алматы облысы Сарқант ауданының бір ауылына Тынышбаев есімі берілді.
88 жыл бұрын (1924-2000) ақын, Қазақстанның халық ақыны ШӘКЕЕВ Көкен дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жасынан қисса-дастандар жаттап, домбырамен жыр айтып машықтанған ол ақындық өнерімен аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, танылған. Көкшетаулық М.Асайыновпен, Ә.Сырбаевпен, тағы басқа айтыс ақындарымен сөз сайысына түскен. К.Шәкеевтің орындауында «Қабанбай» қиссасы, «Сүйінбай мен Тезек төре айтысы» күйтабаққа жазылған.
68 жыл бұрын (1944) философия ғылымының докторы, профессор ҚОСАНБАЕВ Құранбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. Ташкент қаласындағы Низами атындағы Мемлекеттік педагогика университетін бітірген. 1969-1991 жылдары - Низами атындағы Мемлекеттік педагогика университетінің оқытушысы, кафедра меңгерушісі, өзбек-қазақ филологиясы факультеті деканының орынбасары, деканы. 1991-1998 жылдары - Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі. 1998-2003 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Сарыағаш ауданындағы бөлімшесінің директоры, гуманитарлық факультетінің деканы қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми бағыты - көшпелі және жартылай көшпелі халықтардың тұрмыс мәдениетінің диалектикалық қайта түрленуін, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық мәдениетіндегі тұрмыстың алатын орнын философиялық тұрғыдан зерттеу. Ол 7 ғылым кандидатын дайындаған, 30-ға жуық ғылыми еңбегі, 2 монографиясы жарық көрді.
82 жыл бұрын (1930-1993) жазушы, журналист ӘЛІМЖАНОВ Әнуар дүниеге келді.
Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
«Алма-Атинская правда», «Литературная газета», «Ленинская смена», «Правда» газеттерінде қызмет істеген. «Қазақфильм» студиясының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі төралқасының төрағасы болды. Жазушы шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылған.
«Достар кездескенде», «Жаушы», «Күнге бет алған керуен», «Адамдар жолы», «Махамбеттің жебесі» т.б. кітаптары жарық көрді. Бірсыпыра шығармалары Азия, Африка халықтарының ұлт-азаттық күресіне арналған. Үндістан тақырыбына жазылған шығармалары үшін Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
67 жыл бұрын (1945) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі) СҰЛТАНОВ Қуаныш Сұлтанұлы дүниеге келді.
1945 жылы 12 мамырда Талдықорған облысы Панфилов ауданы Еңбекші (Қызыл Еспе) ауылында туған. Қазақ. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық Комитетінің Қоғамдық білімдер академиясын бітірген, журналист. Саяси ғылымдарының докторы, профессор. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.
Еңбек жолын Сарыөзек ауданаралық баспаханасының жұмысшы-баспагері болып бастаған. Талдықорған және Алматы облыстарының аудандық газеттерінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген (1961-1964 жж.). 1964-1967 жж. - КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери қызметін өткерген. 1967-1976 жж. - Панфилов аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, екінші, бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1976-1981 жж. - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1981-1983 жж. - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1983-1987 жж. - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі. 1987-1990 жж. - Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жж. - Қазақстан Компартиясы Идеология бөлімінің меңгерушісі. 1991-1993 жж. - Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Үкіметінің құрамында Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі. 1993-1994 жж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары. 1994-1995 жж. - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары. 1993-1995 жж. - «Қазақстанның Халық бірлігі одағы» қоғамдық қозғалысының, кейіннен «Қазақстанның халық бірлігі» партиясы Орталық Комитетінің төрағасы. 8-13 шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
1995 жылғы маусым - 2001 жылғы шілде аралығында - Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Монғолия, Вьетнам, Корея Халық Демократиялық Республикасында елшілік қызметін қоса атқарды. 2001 - 2007 жж. - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2007 - 2011 жж. - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап - «Нұр Отан» ХДП-дан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2012 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесінің төрағасы. 2005 ж. - ЕҚЫҰ реформалау жөніндегі көрнекті саясат қайраткерлері кеңесінің мүшесі.
Еңбек Қызыл Ту (1981ж.), "Парасат" (2001 ж.) ордендерімен, 8 медальмен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» (2003 ж.) атақтары берілді, отандық журналистиканың дамуына қосқан жеке үлесі үшін Қазақстан журналистика академиясы тағайындаған «Алтын самұрық» (2005 ж.) атаулы сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистикасын дамытуға сіңірген аса көрнекті еңбегі және елеулі үлесі үшін «Қазақстанның құрметті журналисі» (2008 ж.) белгісімен марапатталған.
Саяси-қоғамдық тақырыпқа жазылған 10 кітаптың, 200-ден астам мақаланың авторы.
106 жыл бұрын (1906-1972) драматург, киносценарийші ХҰСАЙЫНОВ Шаяхмет дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Мәскеудегі А.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетінде оқыған. 1940-1950 жылдары Семей драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий бөлімінің редакторы, Қазақ КСР ҒА өнертану секторының ғылыми қызметкері болып істеген. Оның алғашқы шығармасы 1932 жылы жарық көрген. Содан бастап «Шабуыл», «Орақ», «Шолпан», «Кеше мен бүгін», «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Ертіс жағасында», «Біздің Ғани», «Әл-Фараби» атты пьесаларын жазған. Ол өзінің 1942 жылы жарияланған «Алдар Көсе» пьесасында қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыздың негізінде, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрескер, халық кейіпкері - Алдар Көсенің бейнесін жасады. Сонымен қатар В.Абызовпен бірге «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында» кинофильмдерінің сценарийін жазды.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
63 жыл бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің (Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі) депутаты - СҮЛЕЙМЕНОВ Қайырбек Шошанұлы дүниеге келді. 1949 жылы РКФСР Новосібір қаласында туған. Свердлов заң институтының Новосібір факультетін бітірген, заңгер. Еңбек жолын 1966 жылы Новосібір қаласындағы № 2 көпір тресі № 472 көпір пойызының көпір салушысы болып бастаған. 1969-1972 жылдары Новосібір қаласының ішкі істер басқармасына қарасты ӨҰБ СВПЧ-2-де қатардағы өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. 1972-1975 жж. - Новосібір облысының Куйбышев қаласы прокуратурасының тергеушісі, аға тергеуші. 1975-1976 жж. - Алматы қаласының Фрунзе ауданы прокуратурасының тергеушісі. 1976 жылғы қаңтардан тамызға дейін - Алматы қаласы прокуратурасының аға тергеушісі. 1976-1979 жж. - Алматы қаласының Ленин ауданы прокурорының орынбасары. 1979-1981 жж. - Алматы қаласының Калинин, Алатау АІІБ бастығының орынбасары. 1981-1986 жж. - Алматы қаласы Ленин АІІБ-нің бастығы. 1986-1987 жж. - КСРО ІІМ-нің көліктегі Шығыс ІІБ бастығының орынбасары. 1987-1988 жж. - Алматы қалалық партия комитетінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі. 1988-1989 жж. - Алматы облыстық партия комитетінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі. 1989-1990 жж. - Қазақстан Коммунистік партиясы ҚК-нің мемлекеттік-құқық бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1990-1991 жж. - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992 жж. - ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. 1992-1995 жж. - ҚР-ның Мемлекеттік кеңесшісі. 1995-2000 жж. - ҚР Ішкі істер министрі - ҚР Ішкі әскерлері қолбасшысы. 2000-2002 жж. - ҚР Ішкі әскерлері қолбасшысы. 2002-2003 жж. - ҚР Ішкі істер министрі. 2003-2008 жж. - ҚР Ішкі әскерлері қолбасшысы. 2008-2009 жж. - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы. 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін - ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы. 2012 жылдан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.
II дәрежелі «Даңқ», I дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен және 35 медальмен марапатталған.
61 жыл бұрын (1951) ҚАМНАЗАРОВ Марклен Мұхтарұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1974-1979 жылдары - Талдықорған облыстық атқару комитеті әділет бөлімінің аға консультанты. 1979-1996 жылдары - Талдықорған облыстық сотының судьясы, Қылмыстық істер жөніндегі алқасы төрағасының міндетін атқарушы. 1996-2002 жылдары - Атырау облыстық сотының төрағасы. 2002 жылдан бастап ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметін атқарды.
60 жыл бұрын ҚР Ауыл шаруашылығының жауапты хатшысы - АМАН Евгений Иосифович дүниеге келді. Е.Аман 1952 жылы 12 мамырда Қостанай облысы Федоровский ауданы Чистый Чандак ауылында туған. Ұлты неміс. Білімі жоғары. Целиноград ауыл шаруашылық институтының Қостанай филиалын ғалым агроном мамандығы бойынша үздік бітірген. Еркін күрестен КСРО спорт шебері. Еңбек жолын 1974 жылы Қостанай облысы Комсомол ауданы Қарабалық ауыл шаруашылығының тәжірибелі бекеті егін шаруашылығы бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып бастады. 1976 жылы Кеңес Армиясы қатарындағы қызметінен кейін Қостанай ауыл шаруашылық институтының егін шаруашылығы кафедрасында ассистент болып жұмыс істеді. 1979 жылы Қостанай обкомында Қазақстан комсомолының бөлім меңгерушісі, 1983 жылы Қазақстан Компартиясы Қостанай обкомында ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Обаған аукомының бірінші хатшысы және аудандық жұмысшы депутаттар Кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1992 жылдан «Қостанайлизингинвест» акционерлік қоғамының өндірістік-коммерциялық бөлімінің директоры, вице-президенті, 1998 жылдан президенті болып қызмет істеген. 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екінші, үшінші шақырылымында депутаты болып сайланған және Экономика, қаржы және бюджет тұрақты комитетінің мүшесі. 2007 жылдан төртінші шақырылымның депутаты, Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау тұрақты комитетінің хатшысы. 2008 жылдан Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау тұрақты комитетінің төрағасы. 2009 жылдың желтоқсанынан қазіргі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы болып табылады.
«Парасат» орденімен, бес медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен мадақталған.
58 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі - ШАЙМЕРДЕН Ербол Шаймерденұлы дүниеге келді. Е.Шаймерденұлы 1954 жылы туған, білімі жоғары, 1976 жылы Алматы қаласындағы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 1989 жылы Целиноград Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1976 жылы бастады. 1976 - 1979 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің тілшісі, аға тілшісі. 1979 - 1982 жылдары - республикалық «Лениншіл жас» газетінің солтүстік облыстар бойынша тілшісі. 1982 - 1989 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») республикалық газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі. 1989 - 1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сектор меңгерушісі, консультанты, баспасөз орталығының жетекшісі. 1991 - 1996 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы. 1996 - 1997 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бас редакторының орынбасары. 1997 - 2001 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік ақпараттық агенттігі бас редакторының орынбасары. 2001 жылдан 2001 жылға дейінгі аралықта Қазақ радиосының атқарушы директоры, «Қазақстанның радиосы мен теледидары» республикалық корпорациясы» ЖАҚ Төрағасының Кеңесшісі. 2003 - 2005 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының парламенттік байланыстар, ақпараттар бөлімінің бас консультанты. 2005 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тарихи-мәдени мұра департаментінің директоры. 2008 жылы осы министрліктің Мәдениетті және тілдерді дамыту департаментінің директоры. 2008 - 2010 жылдары осы министрліктің Тіл комитетін басқарды. 2010 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы 2 сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі (2012 жылғы 20 қаңтардан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі) Ақпарат және мұрағат комитеті Төрағасының орынбасары қызметінде болды. 2012 жылғы 2 сәуірден бастап - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі.
59 жыл бұрын (1953) ҚР Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары - ЕГІМБАЕВА Жанна Дачерқызы дүниеге келді.
РКФСР Камчат облысы Карагин ауданы Ивашка ауылында туып өсті. Талдықорған заң техникумын (1980); С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетті (1985) бітірді, заңгер. 1971 жылдан - Семей тоқыма фабрикасының тігінші- мотористі, Жамбыл аудандық түрмыстық комбинатының тігінші-моторисі. 1975 жылдан - Жамбыл аудандық соты кеңсесінің басшысы, Алматы облыстық соты сот отырысының хатшысы. 1981 жылдан - «Казглаввторресурсы» келісімдік-құқықтық басқармасының аға заң кеңесшісі, басшысы. 1988 жылдан - ҚазКСР Мемлекеттік жабдықтау комитетінің келісімдік-құқықтық басқарма бас- шысының орынбасары. 1991 жылдан - ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Министрлер кабинетінің бас сарапшысы, заң белімінің меңгерушісі. 1994 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің заң бөлімінің меңгерушісі. 2002 жылдан бері - ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің заң бөлімінің меңгерушісі. «Құрмет» орденімен (2008), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2003) марапатталған.