1,2 млн-нан астам майдангер дерегін қамтитын «Батырларға тағзым» порталы әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «Батырларға тағзым» ұлттық порталын құру және 1938–1945 жылдары қызыл әскер қатарына шақырылған қазақстандықтардың мұрағат деректерін цифрландыру жөнінде ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. 

1,2 млн-нан астам майдангер дерегін қамтитын «Батырларға тағзым» порталы әзірленіп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл бастама Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында қолға алынған.

Ауқымды жұмыс ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде жүргізіліп жатыр. Мұнда жоғары оқу орындары Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына тапсырған облыстық және аудандық әскери комиссариаттардың әскерге шақыру жөніндегі алфавиттік кітаптары өңделу үстінде. 

1,2 млн-нан астам майдангер дерегін қамтитын «Батырларға тағзым» порталы әзірленіп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Осындай мақсатпен әскери оқу орындарын, министрліктің бейінді департаменттерін, Қарулы күштердің бөлімшелерін, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясын және азаматтық жоғары оқу орындарының 30 әскери кафедрасын біріктірген ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Құжаттарды фотолап тіркеу және оларды бірыңғай электрондық базаға енгізу жұмыстары іске асырылып жатыр.

– Біздің алдымызда соғыс жылдары әскерге шақырылған 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық туралы деректерді цифрлық форматқа көшіру міндеті тұр. Көптеген отбасы үшін бұл – ата-бабаларының тағдырын білуге, олар туралы естелікті сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік. Бұл жұмысқа 20 мыңнан астам әскери кафедра студенттері, одан өзге әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерінің жұмылуы жобаға қосымша білімдік әрі патриоттық мән беріп отыр, - деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков.

1,2 млн-нан астам майдангер дерегін қамтитын «Батырларға тағзым» порталы әзірленіп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Алдағы уақытта цифрлық ресурс майдангерлердің ұрыс қимылдарына қатысқаны, марапаттары және өмірбаянын туралы өзге де деректерімен толықтырылады. Бұл ақпарат іздеуді жеңілдетіп қана қоймай, бұған дейін сол саланың мамандарына ғана қолжетімді болған бірегей мұрағаттық материалдарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО-да Жеңіс күніне орай 6 майдангерге 1,5 млн теңгеден беріледі