12 сәуірден бастап АИ-92 бензині мен дизель бағасы өседі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов елімізде бензин мен дизель отынының бағасы сәуір айының қай күнінен бастап өсетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 сәуірден бастап АИ-92 бензині мен дизель бағасы өседі

Осы орайда ол тиісті бұйрықтың жобасы бүгін жарияланатынын мәлім етті.

«Бұйрық бүгін жарияланса, 12 сәуірден бастап күшіне енеді. Яғни 12 сәуірден Қазақстанда бензин (АИ-92 және АИ-93) мен дизель отынының бағасы өседі», - деді Б. Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы өседі.

Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек, өсім – 11%. Дизель отынының бағасы литріне 295 теңгені құрайды, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр.

ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов елімізде жанармай бағасының өсуіне қандай себептер әсер етіп отырғанын айтты.