Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

12 тамызда Күн тұтылады

АСТАНА. KAZINFORM — 12 тамызда Күн тұтылуын бақылауға болады. Күннің толық тұтылуы Гренландия, Исландия, Ресейдің солтүстігі, Атлант мұхиты, Испания және Португалияның шағын бөлігі аумағында байқалады, деп хабарлайды БелТА.

12 тамызда Күн тұтылады
Фото: NASA

Сол күні Солтүстік жарты шардың көптеген басқа аймақтарында Күннің ішінара тұтылуы болады. Атап айтқанда, бұл АҚШ-тың солтүстік өңірлерін, Канаданың басым бөлігін, Еуропаның едәуір аумағын және Африканың солтүстік-батысын қамтиды.

Батыс Еуропа мен Африкадағы тұтылу жолағының батыс бөлігінде тұратын көптеген адам Күн әлі ішінара тұтылып тұрған сәтте күннің батқанын көре алады. Бұл сирек кездесетін «күн батардағы тұтылуды» бақылауға мүмкіндік береді.

Ресейдің солтүстігіндегі шағын әрі шалғай өңірде Ай Күнді толық жауып, толық Күн тұтылуы жергілікті уақыт бойынша түскі мезгілде болады. Ал Гренландия мен Исландияда бұл құбылыс күннің екінші жартысында немесе кешкі уақытта байқалады. Испания мен Португалияның ең солтүстік-батысында толық тұтылу Күн батардың алдында, кешкі мезгілде өтеді.

Толық тұтылу жолағында орналасқан адамдардың басым бөлігі бұл құбылысты екі минуттан аз уақыт бақылай алады. Ал Гренландия, Ресей және Солтүстік Атлант мұхиты үстіндегі тұтылу жолағының дәл ортасында толық тұтылу сәл ұзағырақ, бірақ екі жарым минуттан аспайды.

12 тамыздағы ішінара Күн тұтылуы Ресейдің солтүстігінде таң ата басталады. Аляска мен Канаданың солтүстігінде тұтылу таңертең басталып, сол уақытта аяқталады. Канаданың шығыс провинцияларында ол күннің екінші жартысында байқалса, кешке қарай Ұлыбритания, Ирландия, құрлықтық Еуропа және Африка тұрғындары көре алады.

АҚШ пен Канаданың оңтүстігіндегі тұрғындар Күн дискісінің аз ғана бөлігінің жабылғанын көреді. Өйткені Ай Күннің шетін ғана жанап өтеді. Ал толық тұтылу жолағына жақынырақ орналасқан Еуропаның көп бөлігінде және Африканың солтүстік-батысында Күннің басым бөлігі Аймен жабылады.

NASA мәліметінше, Ай Күннің жарық дискін толық жапқан қысқа уақыт аралығында ғана тұтылуды көзді қорғайтын құралсыз бақылауға болады.

Ал толық тұтылуға дейін және одан кейін, яғни Ай Күннің тек бір бөлігін жапқан ішінара тұтылу кезінде міндетті түрде көзді қорғайтын арнайы құралдарды пайдалану қажет. Ол үшін арнайы күнді бақылауға арналған көзілдіріктерді (көбіне «тұтылу көзілдірігі» деп аталады) қолдануға болады. Кәдімгі күннен қорғайтын көзілдіріктер қаншалықты қараңғы болса да, Күнге тікелей қарауға жарамайды.

Айта кетейік, бұған дейін Меркурийдегі бір күн Жердегі 88 тәулікке тең екенін жазған болатынбыз.