12,6 млн сайлаушы тізімге енгізілді - ОСК
АСТАНА. KAZINFORM – Жалпы еліміз бойынша 12 млн 600 мыңнан астам сайлаушы тіркелді. Бұл туралы ОСК мүшесі Азамат Айманакумов мәлім етті.
- Жалпы, сайлаушылардың тізімін қалыптастыру Орталық сайлау комиссиясының 1 шілдедегі алғашқы отырысында берілген қаулысына сәйкес жүзеге асты. Жергілікті атқарушы органдар 2 тамызда, яғни дауыс беруге 20 күн қалғанда сайлаушылардың тізімін сайлау комиссияларына ұсынды. Кеше барлық актілерді жинақтадық. Бүгін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері осы деректерді жариялады. Жиынтық ақпаратқа қарағанда, 12 млн 605 мың 788 сайлаушы тізімге енгізілген, - деді А.Айманакумов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, ең көп сайлаушылар Астана мен Алматы қалаларында, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелді. Бұдан бөлек ол дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне 15 күн қалған уақыттан бастап дауыс беру күнінің алдындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Мұндай куәлікті учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі негізінде береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
- Азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскелік сайлау комиссиясынан 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін алуға құқылы. Бұл ретте бір елдімекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға мұндай куәлік берілмейтінін атап өткен жөн. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және олардың телнұсқалары берілмейді, - деді Азамат Айманакумов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ел аумағында учаскелік сайлау комиссиялары жұмысына кірісті.