13 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 13 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

nullЕСІМДЕР

118 жыл бұрын (1900-1938) мемлекет және қоғам қайраткері ОРЫНБАЕВ Мұқаш дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Семейдегі бастауыш орыс мектебін, Зайсан қаласындағы жоғары бастауыш училищесін, Семейдегі ерлер гимназиясын, Мәскеудегі бүкілресейлік төтенше комитет курсын бітірген.
1920-1923 жылдары Семей губерниясының атқару комитетінде әр түрлі басшылық қызметтер атқарған. 1924-1925 жылдары - Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссары. 1925-1927 жылдары - Ақмола губерниясы атқару комитетінің төрағасы. 1927-1929 жылдары - Қазақ АКСР жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары. 1930-1933 жылдары - Қазақ АКСР Қаржы халық комиссары. 1933-1936 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің, 1936-1937 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) округтік атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қаржы комиссары болған кезінде ұжымдастыру науқаны салдарынан аштыққа ұшыраған қазақ халқының ауыр халін айтып, жоғары үкімет орындарына бірнеше хат жолдаған. 1937 жылы саяси қуғынға ұшырап, 1938 жылы атылды. 1957 жылғы КСРО Жоғарғы соты әскери шешімімен ақталды.

83 жыл бұрын (1935-2001) жазушы, журналист ТОҚТАРОВ Рамазан дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін, Мәскеу әдебиет институтының жоғары курсын бітірген.
Павлодар облыстық газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясының кеңесшісі, «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.
«Ертіс перзенті», «Терістік шұғыласы», «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы» кітаптарының авторы.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

80 жыл бұрын (1938) биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АЮХАНОВ (Қуатов) Болат Ғазизұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Алматы хореография училищесін А.Селезневтің класы бойынша, Санкт-Петербургтағы А.Ваганова атындағы би академиясын, ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1957-1959 жылдары Қазақ опера және балет театрының бишісі болған. 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрған. Сол жылдан бастап осы ансамбльде билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды («Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман»), бір, екі актылы балеттерді (М.Равельдің «Болеросы», В.Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», А.Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлары», Т.Қажығалиевтің «Керуені», Н.Закировтың «Мәңгүрті», Бизе-Щедриннің «Кармен-сюитасы») сахнаға қойды. Сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Ш.Жиенқұловамен бірге), Д.Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П.Чайковский мен М.Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтар болды. 1997-1998 жылдары А.Мелоди-Кузьминнің музыкасына «Әлі ымырт емес», француз композиторларының әуендеріне «Эдит Пиаф - Францияның рухы», А.Бестібаевтың «Азия дауысы» балеттерін жұртшылық назарына ұсынды. Әсіресе, «Эдит Пиаф - Француз рухы» спектаклі сыншылардың, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Хореографиялық шешімі аса сәтті бұл спектакль ансамбльдің жоғары кәсіптік деңгейін көрсетті. «Алматының жас балетінің» шын мәнінде Мемлекеттік академиялық классикалық би ансамбліне айналып, репертуарының бай, шеберліктерінің жоғары болуында Аюхановтың үлесі ерекше. Оның қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Отыз жылдан астам Аюханов жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы - австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). Ол отандық балет әртістерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Аюханов арнайы шақырумен Түркияда «Махаббат аңызы», Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойған.
«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.

71 жыл бұрын  (1947) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, «Тұран» Университетінің ректоры, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті АЛШАНОВ Рахман Алшанұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы, Бірлік аулында туған. Орта мектепті бітірген соң мектепте мұғалім болып істеп, сонан соң Шу қант заводында еңбек етті. Армия қатарында зенит-ракета әскери бөлімінде әскери борышын өтеді, армиядан кейін Көктерек рабкопында жұмыс жасады.
1974 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөлімін бітіреді. 1973-1984 ж.ж. комсомол комитетінің хатшысы ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының  ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін атқарады. 1986-1987 жылдары ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы болды.
1988-1992 жылдары Республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры, Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық одағының президенті болып сайланды.
1992 жылы Республикадағы алғашқы жекеменшік «Тұран» университетін құрды. Кейін «Тұран» корпорациясына айналып, Р.Алшанов корпорация президенті болды.
2002 жылдан ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті.
1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссетациясын қорғады. Ол 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың, бірнеше сараптамалық монографиялардың авторы.

62 жыл бұрын  (1956) қоғам қайраткері ТАРАСЕНКО Елена Ивановна дүниеге келді.
Атырау облысында туған. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, Еуразиялық академияны бітірген.

Институтты бітіргеннен кейін Атырау облысы Индер ауданының М. Әуезов атындағы орта мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1980 - 1987 жылдары Орал қаласындағы № 20 орта мектепте мұғалім, мектептен тыс, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы болып істеген. 1987 - 1994 жылдары - Зашаған кенттік кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1994 - 1995 жылдары - Зашаған кенттік әкімшілігі басшысының орынбасары. 1995 - 1996 жылдары - Зашаған кенттік әкімшілігінің басшысы. 1996 - 1997 жылдары - Зашаған кентінің әкімі. 1997 - 2004 жылдары - Орал қаласы әкімінің орынбасары. 2004 - 2007 жылдары - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007 - 2011 жылдары - ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 -2016 жылдары бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі  «Нұр Отан» партиялық тізімі бойынша сайланған.

2014 жылдан - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Папрламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

54 жыл бұрын (1963) Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі - БЕРДАЛИН Аманғали Бисенбайұлы дүниеге келген.

Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы Қарабұтақ селосында туған. 1989 жылы Саратов мемлекеттік зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын ветеринария мамандығы бойынша оқып, мал дәрігері біліктілігін және 2006 жылы Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін экономика мамандығы бойынша оқып, экономика бакалавры біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған.

1981-1982 жылдары аралығында Қарабұтақ ауданының Т.Г.Шевченко атындағы кеңшарында құрылысшы болып бастаған. 1983-1985 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген. 1989-1990 жылдары Т.Шевченко атындағы кеңшардың аға мал дәрігері, 1990-1994 жылдары Т.Шевченко атындағы кеңшардың бас мал дәрігері, 1994-1999 жылдары «Қарабұтақ» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы, 1999-2011 жылдары «Қарабұтақ» ЖШС директоры, 2011-2012 жылдары Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары, 2012 - 2016 жылдары Әйтеке би ауданының әкімі қызметін атқарған. 2016 жылдың қазанынан бастап - қазіргі қызметінде

 «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. 

Соңғы жаңалықтар
telegram