13 сағатта 20 шақырым: Бір қолы мен бір аяғы жоқ параспортшы Балқаш көлін жүзіп өтті

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – 27 жастағы параспортшы Ақназар Мүтәліпов 8 шілде күні Балқаш көлін бір жағалауынан екінші жағалауына дейін тоқтаусыз жүзіп өтіп, 20 шақырымдық аралықты 13 сағатта еңсерді.

Ақназар Мүтәліпов
Фото: Ақназар Мүтәліповтің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Ақназар бір қолы мен бір аяғы жоқ адамның да шексіз қашықтықты бағындыра алатынын дәлелдеуді көздеген.

– Мен бұл жүзу арқылы ең алдымен өзіме, одан кейін бүкіл әлемге адамның бір қол, бір аяқсыз да кез келген кедергіні еңсере алатынын дәлелдегім келді. Әрине, мен әлемдік рекорд орнатқым келеді, – деп жазды спортшы.

Қазір спортшы бұл жетістігін Гиннестің рекордтар кітабына ресми тіркеу үшін демеушілер мен қолдаушылар іздеп жатыр.

Ақназар Мүтәліпов мектеп бітірген соң теміржол саласында еңбек ете бастайды. Алайда 2018 жылы өндірістік жарақат алып, ауыр мүгедектікке тап болады. Осы сәттен бастап өмірі күрт өзгереді. Жүзуге ол бала күнінен қызыққан, бірақ кәсіби деңгейде ешқашан айналыспаған.

Ақназар Мүтәліповтың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Фото: Ақназар Мүтәліповтің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жарақаттан кейін Ақназар Балқаштың жағасына жиі барып, суда жүзіп көре бастайды. Әуелгі әрекеттері оң нәтиже беріп, бұл жаттығулар оған күш пен сенім берген. Суда өзін еркін сезіне бастаған. Осыдан кейін ол саналы түрде параспортты таңдап, бассейнге жазылып, кәсіби жаттықтырушының қол астында жүйелі дайындыққа кіріскен.

Ақназардың тынымсыз еңбегі мен табандылығы 2024 жылдың наурыз айында алғашқы нәтижесін берді. Ол Таразда өткен жарыста 400 метрге жүзуден бірінші орын иеленді. Бұдан соң ол өзіне жаңа мақсат қойған — Бурабай көлін жүзіп өту.

Алғашында ол көлдің ұзындығы 2 шақырым деп болжағанымен, нақты қашықтық 2,5 шақырым болып шықты. Бірақ спортшы бұл межені де сәтті еңсеріп, көлді небәрі 1 сағатта жүзіп өтті.

Сол жылы Ақназар Қазақстан чемпионы атанып, 2025 жылы спорт шеберлігіне кандидат атағын алды.

Балқашты жүзіп өту Ақназар үшін жай ғана спорттық шың емес, үлкен өмірлік белес болды. Бұл мақсатқа жету үшін ол бірнеше ай бойы үздіксіз жаттыққанын айтады. Күнделікті жаттығуды өмір салтына айналдырған. 8 шілде күні сол дайындық өз жемісін берді — Ақназар Балқаш көлін бір шетінен екінші шетіне дейін тоқтаусыз жүзіп өтті.

Осыған дейі Оралда ардагер параспортшы 90 шақырымды алты күнде жаяу бағындырғаны жайлы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар