13 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 13 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
13 шілде, ЖҰМА
Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері күні. 1992 жылы 13 шілде күні ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) құрылды.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және оның құрамына кіретін департаменттер мен өзге де құрылымдық бөлімшелер, ҰҚК-нің облыстар бойынша, республикалық маңыздағы қала мен елордадағы аймақтық органдары, оларға бағынышты қалалық және аудандық басқармалар (бөлімдер, бөлімшелер), сондай-ақ әскери контрбарлау, ҰҚК-нің «Барлау» қызметі, ҰҚК-нің Шекара қызметі, арнайы мақсаттағы құрылымдар, ғылыми-зерттеу мекемелер және өзге де ұйымдар құрайды.
Білім беру мекемелері - Алматыдағы ҰҚК Академиясы және ҚР ҰҚК-нің Әскери институты. ҰҚК Академиясының түлектері міндетті түрде шет ел тілдерін меңгеру талабымен заңгер және шұғыл әрекет етуші мамандығын алып шығады.
Шағбан айының 1-ші жұлдызы (Мұсылман мейрамы).
Шағбан - рамазан айының алдындағы, Раджаб айынан кейін келетін мұсылман ай күнтізбесінің сегізінші айы. Шағбан айының атауы «ташағба» сөзінен шыққан «тарату» деген мағынаны білдіреді, бұл айда Мейірім таратылады. Шағбан айында жасалған барлық жақсылықтар 70 есе көбейеді. Шағбан айын тағы да Пайғамбар айы деп атайды. Исламдағы бірінен кейін бірі келетін үш қасиетті айдың екіншісі. Көбінесе бұл айдың атына «қадірлі» деген мағынаны білдіретін «муаззам» сөзін қосады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1922) Қазақ атқару комитетінің III сессиясында Прокурорлық қадағалау және адвокатура туралы ережелер қабылданып, РСФСР Қылмыстық кодексінің қалың малға, мал ұрлығына тыйым салуға, адам етін жеуді аяусыз жазалауға қатысты IX бөліміне толықтырылулар енгізілді.
17 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы жарық көріп, сәулетші Ш.Уәлиханов басқаратын авторлар тобы әзірлеген жоба мақұлданды.
11 жыл бұрын (2001) Алматыда Орта Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) өкілдігі тіркелді.
7 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай демалыс аймағындағы «Көкшетау» саябақ-қонақ үйінің ашылу рәсіміне қатысты.
Қонақ үй кешені Жеке Батыр тауының етігінде, Шортан көлінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. 4 қабатты ғимаратта 33 жайлы нөмір бар. Мұнда отбасымен демалуға, сондай-ақ кеңестер, семинарлар және мәслихаттар ұйымдастыруға болады. Қонақ үйде 20 метрлік бассейн, тренажер залы, бильярд клубы, сондай-ақ, заманаға сай жабдықталған кинозал бар.
5 жыл бұрын (2007) Қарағандының бұрынғы Наркомхоз ғимаратына Қазақ КСР еңбек сіңірген шахтері, мемлекет қайраткері Файзулла Серғазинге арналған мемориалды тақта орнатылды.
Файзулла Серғазин (1910-1971) Мәскеу тау-кен институтын, Көмір өнеркәсіп академиясын бітірген соң, көп жылдар бойы Қарағандының көмір бассейінінде қызмет атқарды. Өндірісте қызмет атқарып, ғылыми жұмыспен айналысты және өзінің техникалық білімін насихаттады. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін КСРО-ның екі орденімен, бес медалімен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бес Құрмет грамотасымен, ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған.
5 жыл бұрын (2007) Тараздың облыстық ұлттық қауіпсіздік органдарының тарихи мұражайы ашылды.
Көрмеге Кеңес өкіметі құрылған кезден осы күнге дейінгі Ұлттық Қауіпсіздік органының тарихын баяндайтын фотоматериалдар, мұрағаттық құжаттар, жеке заттар қойылды. 1936 жылы Жамбыл облысы ашылды және нақ сол жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанында Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Жамбыл облысы бойынша бөлімі алғаш құрылды. 1978 жылы бөлім Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Жамбыл облысы бойынша басқармасы деп өзгертілді. Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін 1992 жылғы шілденің 13-де Қазақстанның Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті деп өзгертілді. 1996 жылы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті басқармасының базасында Жамбыл облыстық департаменті құрылды. Экспозицияның орталық бөлігі еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарын құруда үлкен еңбек сіңірген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды. Осы жерде еліміздің мемлекеттік нышандары - Елтаңба, Ту және Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтіні, сондай-ақ Ата заң - еліміздің Конституциясы, Жолдаулар және Қазақстан Республикасы Президентінің кітаптары, заңнамалық актілер қойылған.
3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мүше-мемлекеттерінде инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
89 жыл бұрын (1923) Лос-Анжелесте Маунт-Ли тауының бөктерінде Hollywood жазуы пайда болды. Алғашқыда ол Hollywoodland болып жазылды және оның киноға еш қатысы болмады. Жазу жаңа тұрғын ауданының жарнамасы ретінде орнатылған болатын. Бірақ ол бірден туристердің назарын аударта бастады.
Жазуды орнату, оның тапсырыс берушісі «Лос-Анджелес таймс»-тың басшысы Гарри Чандлерге 21 мың АҚШ долларына айналды. «Hollywoodland» сөзі электр шамдарымен жарықтандырылып тұрды, ал күндіз оның әріптерін 40 шақырымдық жерден көруге болды. Hollywoodland-ты бір жарым жыл ғана жарнамалау жоспарланған болатын, бірақ ол осы күнге дейін өз орнында тұр.
1949 жылы жазба қайта жөндеуден өткізіліп, оның соңғы 4 әрпі алынып тасталды.
82 жыл бұрын (1930) Уругвайда тарихта алғаш рет футболдан Әлем чемпионаты басталды. Уругвай спорттық жарысты өткізу орны ретінде кездейсоқ таңдап алынбады. Бұл елдің құрамасы Парижде 1924 жылы өткен VIII Олимпиада ойындарының және 1928 жылы Амстердамда өткен ІХ Олимпиаданың жеңімпазы болды. Осыдан кейін бұл латынамерикандық ел көрермендері ең көп спорт түрі - футболдан алғашқы әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.
175 жыл бұрын (1837) Виктория ханшайым Букингем сарайына көшіп келді. Осыдан кейін аталмыш сарай Ұлыбритания патшаларының негізгі резиденциясына айналды.
130 жыл бұрын (1882) Мәскеу мен Петерборда Ресейдегі алғашқы телефон стансылары ашылды.
115 жыл бұрын (1897) Гульельмо Маркони радиоға патент алды.
104 жыл бұрын (1908) Лондонда IV Олимпиада ойындары ашылды. Оған тұңғыш рет әйелдер қатысты.
ЕСІМДЕР
68 жыл бұрын (1944) төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі ҚАДАМБАЕВ Тоқтарбай дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. 1977-1986 жылдары - Таран аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы. 1986-1991 жылдары - Оржоникидзе аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1991-1995 жылдары - Қостанай аймақтық мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы, Қостанай облыстық әкімдігі басшысының орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қостанай облысының әкімі. 1999-2001 жылдары - Қостанай облыстық антимонополиялық комитеттің төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары. 2005 жылдан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті Қостанай облысы бойынша басқармасының бастығы қызметін атқарған. 4-інші сайланымдағы депутаттық өкілеттігі 2007 жылы қыркүйектің 2-інде басталды.
«Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
62 жыл бұрын (1950-2007) жазушы КӨБЕНТАЕВ Әлібек дүниеге келді.
Қарақалпақстан Республикасының Нүкіс қаласында туған. Хожелі педагогикалық училищесін, Ресейде Таганрог мемлекеттік педагогика институтын бітірген.
1997 жылы тарихи Отанына оралып, орта мектептерде мұғалім болып істеген.
«Нұрлы ағыс», «Көргенді перзент» кітаптардың, «Алағадалы кеш» әңгіме, повесть жинақтарының, «Пән апталықтары», «Оқушы-практиканттарға ескертпе» ғылыми-әдістемелік кітапшалардың авторы.
М.Дулатовтың «Қазақ қайдан шыққан?» кітабын аударған.
47 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Республикалық ұлан қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал-майор ҮКІБАЕВ Ермек Елеуханұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттін Дипломатиялық академиясын бітірген.
1986-1988 жылдары - Германиядағы Кеңес Әскерлерінің Тобы 2 гвардиялық танк армиясы мотоатқыштар дивизиясы мотоатқыштар полкінің взвод командирі. 1988-1991 жылдары - Батыс Әскерлер Тобы 2-гвардиялық танк армиясы мотоатқыштар дивизиясы мотоатқыштар полкінің рота командирі. 1991-1992 жылдары - Батыс Әскерлер Тобы 2-гвардиялық танк армиясы мотоатқыштар дивизиясы мотоатқыштар полкінің мотоатқыштар батальонының штаб бастығы - командирдің орынбасары. 1992-1995 жылдары - Республикалық ұлан Бригадасы шұғыл батальон штабының бастығы-командирдің орынбасары, Республикалық ұлан Бригадасы Үкіметтік күзет батальонының командирі. 1995-1996 жылдары - Республикалық ұлан 0112 әскери бөлімінің штаб бастығы-командирдің бірінші орынбасары. 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде әскери қызметтер атқарды 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі Бірінші департаменті бастығының орынбасары. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары - Бірінші департамент бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың қаңтарынан.
2-дәрежелі «Айбын» орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
56 жыл бұрын (1956) Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі АЛТЫБАЕВА Алма Қуандыққызы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Алматы есеп-несие техникумын, Алматы ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген. 1976-1987 жылдары - Мемлекеттік банктің Алматы облыстық кеңсесінде есепші, аға есепші, инспектор болып қызмет атқарған. 1987-1990 жылдары - Агроөндіріс банкінің Әуезов бөлімінде аға инспектор, бас есепшінің орынбасары. 1990-1996 жылдары - Мемлекеттік банктің Алматы облыстық басқармасында бас Есептеу-кассалық орталығының бастығы, бөлім бастығы, бас есепшісі. 1996-1998 жылдары - Республикалық бюджеттік банк төрағасының орынбасары. 1998-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары, Қазынашылық департаменті директорының орынбасары, Астана қаласы бойынша Қазынашылық басқармасының бастығы, «Қазақстан халық банкі» АҚ-ының аймақтық менеджері. 2003-2007 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ Қаржы департаментінің Қазынашылық басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы. 2007-2008 жылдары - Астана қаласы Қаржы департаменті директорының орынбасары, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың наурызынан.
Медальдармен марапатталған.
51 жыл бұрын(1961) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері ТОҚСАНБАЕВ Ысқақ Ботайұлы дүниеге келді.
Қазіргі Ақмола облысында туған. КСРО Ішкі істер министрлігінің Брянск арнайы орта милиция мектебін бітірген. 1988-1997 жылдары - Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінің арнайы комендатурасының жедел өкілі, Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің Көкшетау облыстық ішкі істер бөлімінің кезекші инспекторы. 1998-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бас маманы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Күзет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, бөлім бастығы. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мамандандырылған күзет қызметі бас басқармасы бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы. 2003-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2010 жылдың желтоқсан айынан зейнеткерлікке шықты.
«Қоғамдық тәртіпті күзетудегі үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1972) ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасының орынбасары ҚАНҒАЛИЕВ Айбат Жақсылықұлы дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Алматы теміржол көлігінің инженерлері институтының «Локомотивтер» факультетін 1994 жылы бітірген, инженер-механик.
«Нұр Отан» ХДП мүшесі. 1994 жылдан- Батыс Қазақстан темір жолы Ақтөбе стансасы вагон депосының автобақылау бекеті вагондардың тежегіш жабдығын жөндеу ұстасы, қосалқы-дайындау цехының бригадирі, өндірістік техникалық белімнің инженері, вагон жинау цехының ауысым шебері, жолаушылар вагондарын жылыту және сумен жабдықтау цехының шебері. 2000 жылдан - «Жолаушылар тасымалы» ЖМК өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші инженері (Астана қ.), «Жолаушылар тасымалы» ЖМК жылжымалы құрамды жөндеу белімінің бастығы. 2003 жылдан - «Вагон кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ Батыс өңірлік жолаушылар филиалы директорының орынбасары, 2004-2005 жылдары - директоры, бас менеджері, вице-президенті, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры, Тасымалды қамтамасыз ету департаментінің директоры, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас инженері. 2009 жылдың шілдесінен - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Келік және жол қатынасы комитеті терағасының орынбасары.
Көлік және коммуникация министрлігінің, ҚР Премьер-министрінің алғыстарымен марапатталған (2010 ).
63 жыл бұрын (1949) Ауыр атлетикадан ҚР штаттық ұлттық құрамасы жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы ДИГАЙ Леонид Николаевич дүниеге келді.
Аталған қызметінде - 2002 жылдан бастап.
Әлем чемпионы Майя Манезаны (2009); Азия чемпионы (2003), Азия ойындарының қола жүлдегері Фролов Дмитрийді; Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының екі дүркін күміс иегері, 2004 жылы Афиныда өткен XVIII Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, РФ-ның көп мәрте чемпионы (1994-2010) Олег Перепеловты және басқаларын тәрбиеледі.
53 жыл бұрын (1959) "Н Оперейтинг Компани" ЖШС-ның бас директоры АМАНҚҰЛОВ Болат Рахметұлы дүниеге келді.
Гурьев облысының Қаратон кентінде туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген (1982), кен инженер- геологы. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі.
1982 жылдан - «Ембімұнай» БӨ геологы, . аға геологы. 1988 жылдан - «Ембімұнай- геофизика» БӨ геологы, аға геологы, геология бөлімінің бастығы. 1993 жылдан - «Қазақстан- каспийшельф» халықаралық консорциумы геология бөлімінің бас геологы. 1997 жылдан - «Қазақстанкаспийшельф» АҚ аға геологы, бас маманы. 2001 жылдан - «Аджип ККО» компаниясының геологы, мұнай-газ қурылымдарын барлау жөніндегі аға геологы. 2005 жылдан «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ логистика және сервис делартаментінің директоры, 2006 жылдан - теңіз операцияларын қолдау жөніндегі атқарушы директоры. 2009 жылы - «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2012 жылдан бері "Н Оперейтинг Компани" ЖШС-ның бас директоры.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ грамотасымен марапатталған (2008).