13 су қоймасын салу жобасы әзірленіп жатыр
АСТАНА.KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрлігі 13 су қоймасын салу және 18 су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеп жатыр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Парламент Сенатының отырысына қатысып, онда қазіргі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы мен трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы баяндады.
Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым суару каналын жаңғырту көзделген.
Қазіргі таңда үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Министрлік тағы екі су қоймасын салуға арналған жобалық құжатты әзірлеуді аяқтады. Сонымен қатар 13 нысанның жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдар 22 су қоймасының құрылыс жобаларын әзірлеп жатыр.
Сондай-ақ министрлік бес су қоймасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтады. Сегіз су қоймасын қайта жаңғыртуға арналған жобалық құжат толық дайындалды. Қазір тағы 18 нысан бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бір су қоймасын реконструкциялап, тағы жеті нысанда жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Министрлік мәліметінше, бүгінге дейін 1,5 мың шақырым суару каналы жаңғыртылды. Биыл жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Жалпы алғанда, су қоймаларын салу және реконструкциялау, суару каналдарын жаңғырту мен автоматтандыру, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында су үнемдеу технологияларын енгізу 2030 жылға қарай шамамен 10 млрд текше метр суды үнемдеуге және қосымша жинақтауға мүмкіндік береді, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, елордада тәулігіне 188 мың текше метр су тазартатын жаңа нысан салынады.