13 трлн теңге бөлінді: Қазақстанның инженерлік инфрақұрылымы жаңартылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Үкіметтің мәліметінше, 2025-2029 жылдары бұл мақсатқа жалпы көлемі 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың айтуынша, 2024 жылдың соңында қабылданған ұлттық жобаның мақсаты – инженерлік инфрақұрылымның тозуын кезең кезеңімен төмендету, энергиямен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру және халыққа көрсететін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту.
2025 жылы жобаны іске асырудың институционалдық негізі толық қалыптасты. Осы бағытта бюджет, құрылыс және өңірлік даму салалары бойынша қажетті өзгерістер қабылданды. Жобаны іске асыру үшін электронды платформа іске қосылды.
– Ұлттық жобаны жүзеге асыруда табиғи монополиялар субъектілерінің 247 ұйымы қамтылып отыр. 2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр. Тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындар үлесі шамамен 3/2-сін құрауға тиіс, – деді А.Дарбаев бүгінгі Үкімет отырысында.
2025-2029 жылдарға жалпы инвестиция көлемін іске асыру 13 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 6 трлн 800 млрд теңгені коммуналдық секторға, ал 6 трлн 200 млрд теңгені – энергетика секторына бағыттау жоспарланып отыр.
– Бұл қаражаттың есебінен 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады. Жалпы қуаты 7309 мегаватт болатын энергия көздері іске қосылады. Сондай-ақ 27 энергия өндіру нысаны салынып, жаңғыртылады. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40% дейін төмендету күтіліп отыр. Объектілердегі апаттылық деңгейі 25% дейін қысқарады, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Айта кетейік, бүгін Министрлер кабинеті энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту тақырыбын талқылайды.