13 жастағы алматылық бала турникте қауіпті трюктерді орындайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 13 жастағы алматылық бала стрит-воркаутпен айналысып, турникте күш пен тепе-теңдікті талап ететін күрделі элементтерді еркін орындап жүр. Ол турникте жасаған қауіпті трюк видеоларын әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, оқырмандарын шеберлігімен таңғалдыруда.

а
Фото: Жекен архивінен

Стрит-воркаут — турник не брусьяда орындалатын жаттығуларға негізделген спорт түрі. Оның ішінде тартылу, қолмен тұру, түрлі акробатикалық және статикалық элементтер бар. Мұны спортсүйер қауымның субмәдениеті деп те атайды екен. Бұл спорт түрі күш, төзімділік, ептілік пен тепе-теңдікті дамытады. 

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

Алматыда мұндай спортпен айналысатын жасөспірімдердің бірі – Исмаил Жұмабай. Исмаил Алматыдағы № 211 мектеп-гимназиясында 7 сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, оның спортқа қызығушылығы 1 сыныптан басталған. 5 жасында достарымен турникке тартылып жүрген бала артынша түрлі трюктерді орындап үйренген көрінеді.

— Достарымен бірге турникке тартылып, спортқа қызығып жүрді. Дене бітіміне, ас мәзіріне мән беріп, «енді салмақ қосу үшін көмірсу жеуім керек» деп айтатын. Соңғы үш жылда «ворк-аутқа» бет бұрды. Біз мұндай спорт түрі бар екенін де білмедік. Сөйтсек «воркаутер» деген маман иелері де бар екен. Балам осылай өз бетімен жаттығып, достарынан, Tiktok сынды желілердегі видеолардан трюктерді үйренеді, — деді анасы Ботагөз Рахимжанова.

Исмаил бірнеше трюк элементтерін көрсетті. Оларды үйрену үшін күш-жігер, уақыт пен жүйелі дайындық керек. Турникте тартыла алу үшін қол мықты болу керек. Сол үшін қолын қатайтатын жаттығулар жасап, шынығады. Ал трюктерді орындау үшін ептілікті дамытады.

@wrk_spider_team_swwwwwww #sw #рек @Roma_sw @лехасв @🤡анскилл витёк🤡 @Аля 720🇰🇿👾 @mis_hka @Amir_sv @Амир Ренат ♬ Бабки - lightprey & trepet & whitek3d

Онымен қоса уақыт үзбей дайындалу керегін айтады. Мәселен 360 элементін орындау үшін 1 ай уақыт кеткен. 360 элементінде спортшы турникке асылып тұрып, денесін ауада толық бір айналдырып, қайтадан турникті ұстау қалуы керек.

Ал ең қиыны – 540 элементі дейді. Онда адам алдымен турникке көтеріліп, кейін ауада денесін 540 градуста айналдырып, қайтадан турникті ұстап қалады. Яғни ауада 1,5 рет айналады.

Стрит-воркаут қиындықтары

Бұл спорттың өзіндік қиындықтары бар. Мәселен кішкентай спортшының қолы турниктен қажалып, үнемі сүйел болып тұрады екен. Тіпті сүйел жарылып, іріңдеп кетуі мүмкін.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

— Воркаутерлердің қолы сондай қатты болады. Бұл қалыпты нәрсе. Жара ұлғайып кетсе, инфекция болмас үшін қолды өңдеп, 2-3 күн күтіну керек, – деді кішкентай воркаутер.

Онымен қоса Исмаил түрлі трюк үйренемін деп 2 рет оң қолын сындырып, аяғын ауыртқан екен.

Сол себепті отбасы жасөспірімнің мұндай нәрсемен айналысқанына қарсы болған. Әсіресе анасы турникте жасалатын элементтерге қарап, шошығанын жасырмады.

– Бірінші рет қолын сындырған кезде отбасымызбен ауруханада жүргенбіз. Қатты уайымдадық. Кейін қолы жазылды. Бірақ тағы құлап, осы қолын қайта сындырды. Осыдан кейін әкесі екеуміз ұлымызға тыйым салдық. «Кейін мүгедек болып қалуың да мүмкін» деп сөйледік. Орнына ММА, қазақша күрес сынды спорт жаттығуларына апардық. Қазір домбыра үйірмесіне, ағылшын курсына да барады. Дегенмен баламның ойы турникте, — деді Исмаилдың анасы.

Ана жүрегі қанша уайымдаса да, баласының бұл өнеріне тосқауыл қоймай, ақырында келісіпті. Айтуынша, ұлының бұл спорт түріне деген махаббаты оның мінезіне, салауатты өмір салтын ұстануына да ықпал еткен. Бала зиян әдеттерден аулақ жүріп, зиян тамақтарға мүлдем қызықпайды.

— Басқа қалаларда жүрсе де, туыс, дос-жаранмен жүргенде де, турникті тауып алып, өнерін көрсетіп жүреді. Өз нәтижесіне көңілі толады. Қанша уайымдағаныммен, қазір ол еліктейтін, бір нәрсеге қызығатын жаста екенін түсінемін. Қуыс-қуыста темекі шегіп, алкогольге қызыққанша, осындай спорт түріне қызыққаны дұрыс та сияқты. Есесіне спорт оны есейтті, балалығын қойып, маған қолғабыс болады, – деді Ботагөз Рахимжанова.

Әрі қарай өзін жетілдіру үшін алматылық оқушы тек әуесқой емес, кәсіби түрде воркаутпен айналысқысы келеді екен. Дегенмен болашағын бұл спортқа байлап қоймай, кәсіпкер болуды да армандайтынын айтты.

Еске салсақ, Алматылық оқушы БҰҰ штаб-пәтерінде әлемнің үздік 3 жас инноваторының қатарына енген еді.