14 ел және халықаралық ұйымдар Израильдегі АҚШ елшісінің мәлімдемесін айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия, Мысыр, Иордания, Ливан, Индонезия, Кувейт, Катар, Оман, Пәкістан, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Сирия, Палестина және Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Араб мемлекеттері лигасы және Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің хатшылықтары АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакабидің мәлімдемесін айыптайтын бірлескен үндеу жариялады. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

14 ел және халықаралық ұйымдар Израильдегі АҚШ елшісінің мәлімдемесін айыптады
Фото: Анадолу

Мәлімдемеде Хакабидің Израильдің бүкіл Таяу Шығысқа бақылау орнатуы «қабылдауға болатын» жағдай деген сөзі сынға алынған. Бірлескен мәлімдемені жексенбі, 22 ақпанда Түркияның сыртқы істер министрлігі жариялады.

Құжатта Хакабидің мәлімдемесі халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын өрескел бұзу болып саналатыны, сондай-ақ аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына елеулі қатер төндіретіні айтылған. Сондай-ақ бұл пікірлер АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы шабуылдарды тоқтатуға бағытталған кешенді жоспарында көрсетілген ұстанымға тікелей қайшы келетіні атап өтілді.

Мәлімдемеде бұл жоспар шиеленісті ушықтырудың алдын алуға және Палестина халқына тәуелсіз мемлекет құруға мүмкіндік беретін саяси перспектива қалыптастыруға негізделгені айтылған.

«Министрліктер жоспар төзімділік пен бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарына негізделгенін атап өтеді және өзге аумақтарды бақылауды ақтауға бағытталған мәлімдемелер бұл мақсаттарға қайшы келіп, шиеленісті күшейтетінін әрі арандатушылық сипатта екенін мәлімдейді», делінген құжатта.

Сондай-ақ Израильдің басып алынған палестиналық немесе басқа да араб аумақтарына қатысты ешқандай егемендік құқығы жоқ екені ерекше атап өтілді.

«Министрлер мен бас хатшылар Батыс жағалауды аннексиялау немесе Газа секторын бөлу әрекеттеріне түбегейлі қарсы, басып алынған палестиналық аумақтардағы қоныстандыру саясатының кеңеюіне наразылық білдіреміз және араб мемлекеттерінің егемендігіне төнген кез келген қауіп-қатерді үзілді-кесілді қабылдамаймыз», деп мәлімдеді министрлер мен бас хатшылар.

Құжатта Израильдің экспансионистік саясат пен заңсыз әрекеттерін жалғастыруы аймақтағы зорлық-зомбылық пен қақтығыстарды күшейтіп, бейбітшілікке қол жеткізу перспективаларын әлсірететіні айтылған. Сондай-ақ Палестина халқының 1967 жылғы 4 маусымдағы шекаралар негізінде тәуелсіз мемлекет құру және өзін-өзі анықтау құқығы қайта расталды. Мәлімдемеде екі мемлекет қағидатына нұқсан келтіретін арандатушылық мәлімдемелер мен шараларды дереу тоқтатуға шақыру жасалған.

Бұған дейін АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакаби Такер Карлсонға берген сұхбатында Израильдің «Нілден Евфратқа дейінгі» аумаққа «библиялық құқығы бар» екенін айтып, «олардың бәрін алып қойғаны керемет болар еді» деген пікір білдірген.

Дипломатиялық миссия басшысы бұл жерлер теологиялық тұрғыда Израильге «тиесілі» екенін, жақын болашақта бұл аумақтарға толық егемендік орнату күтілмейтінін, бірақ «теологиялық және тарихи тұрғыда бұл Құдай уәде еткен жерлер» екенін айтқан.

Еске сала кетсек, жуырда АҚШ Таяу Шығыста 2003 жылдан бергі ең ірі авиациялық күшін шоғырландырды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум