Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

14 фонарь бағанасын сындырған үш өскемендік оларды өз ақшаларына жөндейтін болды

    ӨСКЕМЕН. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Өскеменде 14 фонарь бағанасын сындырған үш жігіт сот алдында жауап береді.

14 фонарь бағанасын сындырған үш өскемендік оларды өз ақшаларына жөндейтін болды

Бұл туралы Өскемен әкімдігіне қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 9 тамыз күні сағат 2:44-те ШҚО Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына белгісіз біреулердің Протозанов көшесінде, Қ.Нұрғалиев атындағы колледждің қасындағы фонарь бағаналарын сындырып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Боран» патрульдік тобы оқиға орнына шығып, үш бұзақыны ұстады. Олар облыс орталығында тұрып, құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейтін үш азамат болып шықты.

Өскемен қалалық Ішкі істер басқармасынан ұсталған азаматтардың әзірше кінәларын мойындамағанын хабарлады. Бірақ тәулік өткен соң куәгерлер мен сараптамалардың бұлтартпас айғақтарынан кейін олар барлығын мойындады.

Енді үшеуі де жасаған істеріне өкінуде. «Біз ақымақтық жасадық. Достармен кездесіп, ішімдік іштік. Содан кейін не болғаны есімде жоқ», - деді ұсталғандардың бірі.

Вандалдарға қандай жаза берілетінін сот анықтайды. Бірақ оларға сынған фонарьларды өз қалталарынан қалпына келтіру керек екені белгілі. Келтірілген шығын сомасы - 625 мың теңге.