14 қаңтар. Тұлғалар туған күн

14 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

Бүгін, 14 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1964) Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Мұхажанұлы РАХЫМБЕКОВ дүниеге келді.

Ол 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, заңгер мамандығына ие болған. Сот жүйесінде 1991 жылдан бастап халықтық судьяның міндетін атқарушы, халықтық судья, судья болып қызмет атқарды.

1996-2000 жылдары Қарағанды облысының Нұра аудандық сотының төрағасы, 2000-2010 жылдары Қарағанды облысының Октябрь аудандық сотының құрамындағы Киров сот учаскесінің аға судьясы, Октябрь ауданының № 3 аудандық сотының судьясы, Октябрь ауданының № 3 аудандық сотының төрағасы, Теміртау қалалық сотының төрағасы, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының төрағасы лауазымдарында қызмет етті. 2010-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2012-2014 жылдары Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2014-2015 жылдары Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, 2015-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы, 2016-2018 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының БАҚ-пен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіруші судьясы болды.

Қазіргі қызметін 2018 жылғы қазан айынан атқарып келеді.

 Ербол Мұхажанұлы РАХЫМБЕКОВ
Фото: okg.kz

47 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, саясаттанушы Марат Мақсұмұлы ШИБҰТОВ дүниеге келді. 

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 2001-2004 жылдары «Қазекология» республикалық ғылыми-өндірістік және ақпараттық орталығы» ЖШС экологиялық жобаларды әзірлеу жөніндегі жоба менеджері, 2004-2012 жылдары «Қазақ қолданбалы экология агенттігі» ЖШС жобалардың бас менеджері болған.

2012 жылдан бастап «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ жетекші сарапшысы, 2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы маусым айынан атқарып келеді.

Марат Мақсұмұлы ШИБҰТОВ
Фото: instagram.com/maratshibutov

53 жыл бұрын (1971) «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Бауыржан Қазыбекұлы ҚАСЕНОВ дүниеге келді. 

Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, агроном мамандығы бойынша, Томск мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1996 жылдары К.Маркс атындағы совхоз жұмысшысы; «Ново-Троицкий» кеңшарының агроном-тұқымшысы, Ақтоғай ауданы асыл тұқымды совхозының бас агрономы, 1997-1999 жылдары «Агрономия» КМК басқарма төрағасы, 1999-2008 жылдары «Астық» ЖШС директоры, 2008-2015 жылдары Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2015-2016 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, 2018-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.

2023 жылдан қазіргі қызметін атқарып келеді.

Бауыржан Қазыбекұлы ҚАСЕНОВ
Фото: nasec.kz

42 жыл бұрын (1982) Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы ТӘЖІБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. Жоғарғы білімді. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясын журналистика мамандығы бойынша бітірген (2004); М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, құқықтану (2014).

Еңбек жолы: 2002-2005 жылдары «Шымкент келбеті», «Шымкент панорамасы» газеттерінің журналисі, 2005-2006 жылдары «Шымкент келбеті», «Шымкент панорамасы» газеттерінің редакторлық меңгерушісі, 2006-2007 жылдары «Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының редакторы, 2007-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің басшысы, 2008-2012 жылдары «Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры – бас редакторы, 2012-2016 жылдары «Айқын-Литер» ЖШС «Айқын» газетінің Астана қаласы бойынша тілшілер бюросының меңгерушісі, 2013-2016 жылдары «Елорда – Астана» журналдары» ЖШС редакциясының бас редакторы, 2016-2017 жылдары «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз хатшысы, 09.2017-12.2017 аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз хатшысының міндетін атқарушы, 2017-2018 Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы, 02.2018-07.2018 аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды.

07.2018-08.2018 аралығында Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің басшысы – баспасөз хатшысы, 2018-2019 жылдары Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, 2019-2022 жылдары «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 03.2022-12.2022 аралығы «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалының жауапты хатшысы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы желтоқсан айынан атқарып келеді.

 Бейсенбай Дәулетұлы ТӘЖІБАЕВ
Фото: gov.kz

38 жыл бұрын (1986) Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жандос Нарымбетұлы ӘБДІБАЕВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2009 жылы Алматы қаласы прокуратурасында түрлі лауазымда еңбек етті. Алматы қаласы прокуратурасының жедел-іздестіру, барлау қызметінің және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, Алматы қаласы прокуратурасы аппаратының басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы тамыз айынан атқарып келеді. ІІдәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Жандос Нарымбетұлы ӘБДІБАЕВ
Фото: gov.kz

120 жыл бұрын (1904-1973) қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР-ің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан ҚАСТЕЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Алматы қаласында және Мәскеу қаласында көркемсурет студиясында оқыды.

1954-1956 жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Оның алғашқы көрмеге қойылған туындылары - «Тігін үстінде», «Мектепке», «Автопортрет», «Көгілдір көйлекті қыз», «Қарындасымның портреті». Суретшінің «Ғ.Мұратбаев», «Абай», «Ж.Жабаев», «А.Иманов», «К.Әзірбаев» сияқты портреттік туындылары жоғары таным-талғамның үлгісі. Тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Колхоз тойы», «Қалыңдық», т.б. көркем туындыларынан Қастеев қаламына тән қасиет - эпикалық ауқымдылық, ұлттық бояудың айқындығы көрінеді.

Суретші халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелеп, ұлттық дүниетаным аясында тың композициялық шешім таба білді.

Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды.

Суреткер Қастеев қазақ халқының салт-дәстүрінің озығы мен тозығын ажыратып, кертартпа кемшіліктерді ашына бейнеледі. Мысалы, «Кедей мен бай құдық басында», «Құрғақшылық кезінде молданың жылу жинауы», «Қыз алып қашу» шығармалары осының дәлелі. Оның ұлтына, туған жерге, отанына сүйіспеншілігі шығармаларында шынайы көрініс тапты.

Қылқалам шебері сурет өрнектерінің сырлы бояуын, ұтымды қолданып, бейнелеу өнерінде мәдениет тарихының, республикалық қоғамдық өмірдің жылнамасын жасады. Абай мен Қастеев арасындағы нәзік байланыс дүниені эстетикалық-көркемдік тұрғыдан танудың, өнер өзектестігінің, рухани сабақтастықтың көрінісі. Абай тұлғасы Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды.

Ол Абайдың келбетін әр қырынан сомдады. Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» және «Бүркітші», «Қыс», «Жаз», «Көктем» атты шығармалары осыған дәлел.

Шымкент қаласындағы өнер училищесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер мұражайы Қастеевтің атымен аталады.

«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Әбілхан ҚАСТЕЕВ
Фото: instagram.com/turizm_sport_ministrligi
Соңғы жаңалықтар
telegram