14 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 14 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

78 жыл бұрын (1947) Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Сүлейменұлы ҚАРАБАЛИН дүниеге келді.

Ұзақбай Сүлейменұлы ҚАРАБАЛИН
Фото: kmg.kz

Атырау облысы Ембі ауданы Қосшағыл кентінде туған. 1970 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Мұнай мен газ кеніштерін игерудің кешенді механизациясы және технологиясы» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары «Қазмұнайгазбарлау» басқармасы Оңтүстік Ембі мұнай-газ барлау экспедициясының инженер-технологі, 1974-1981 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтының шайылмалы ерітінділер, бұрғылау технологиясы зертханасының меңгерушісі, 1981-1988 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. 1988-1990 жылдары «Каспий маңы геология» бас аумақтық басқармасы тереңдей бұрғылау басқармасының басшысы, 1990-1991 жылдары В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Гурьев филиалының кафедра меңгерушісі, 1991-1992 жылдары ҚР Президенті Аппаратының және ҚР Министрлер кабинетінің өнеркәсіп бөлімінің аға референті, 1992-1994 жылдары ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігінің мұнай және газ бас басқармасының басшысы, 1994-1997 жылдары ҚР Энергетика және отын ресурстары министрінің, ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары болды. 1997-2000 жылдары «Қазақойл» ҰМК бірінші вице-президенті, 2000-2001 жылдары «ҚазТрансГаз» ЖАҚ президенті, 2001-2003 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, 2003-2008 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті, 2008-2013 жылдары «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ бас директоры, 2013-2014 жылдары ҚР Мұнай және газ министрі, 2014-2016 жылдары ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 2016 жылдан «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

ІІІ дәрежелі «Барыс» (2005), «Құрмет» (2000), «Лидер российской экономики» (2005) ордендерімен; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) мерейтой медальдарымен; «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» (2007) медалімен; «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» (1988) төсбелгісімен марапатталған.

«Қазақстан Республикасының құрметті жер қойнауын барлаушысы» (2003) атағын; «Kazenergy» Еуразия энергетикалық форумында «Жыл адамы» атағын, «Алтын Прометей» сыйлығын (2009) алған; «Қазақстанның Еңбек Ері» (2011).

77 жыл бұрын (1948) «Caspian Group» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Андреевич ЦХАЙ дүниеге келді.

ЦХАЙ Юрий Андреевич
Фото: olympic.kz

Жамбыл облысында туған. 1972 жылы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтын «Дене шынықтыру және спорт» пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1968 жылы «Локомотив» қоғамының Шу аудандық кеңесінің жаттықтырушысы, 1968-1980 жылдары орта мектеп мұғалімі, Шу қаласындағы БЖСМ директорының орынбасары, Жамбыл облысы боксшылар командасының аға жаттықтырушысы болып еңбек етті. 1980-1989 жылдары ҚазКСР, Кеңес Одағы құрама командаларының бокстан жаттықтырушысы, 1989-1991 жылдары Оңтүстік Корея құрамасының бокстан жаттықтырушысы, 1991-2007 жылдары «Достар» компаниясының президенті қызметтерін атқарды. 2007 жылы ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2004-2007 жылдары «Каспий инвестициялық холдингі» АҚ президенті, директорлар кеңесінің негізін қалаушы және төрағасы (қазіргі «Caspian Group» АҚ) болды. 2007-2013 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.

«Құрмет», «Достық» ордендерімен марапатталған.

61 жыл бұрын (1964) жазушы, драматург Роза Қажығалымқызы МҰҚАНОВА дүниеге келді.

Роза Қажығалымқызы МҰҚАНОВА
Фото: qazaqadebieti.kz

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.

Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде, Қазақстан Жазушылар одағының Аударма алқасының аға редакторы, ҚР Ақпарат министрлігінің жауапты қызметкері болған.

«Жарық дүние», «Қыз жылаған», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Мәңгілік бала бейне» әңгімелері мен драмалық шығармалардың авторы. 2001 жылы Рабғұзидің «Қисса-сүл-Әнбий-я» кітабын қазақ тіліне тәржімалаған. 1996 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде жазылған драмалық қойылымы сахналанды. 2001 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен кино түсірді.

Қазақстан Жастар сыйлығының, «Алаш» халықаралық әдебиет сыйлығының иегері.

56 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Дәурен Жұматайұлы ҚОСАНОВ дүниеге келді.

Дәурен Жұматайұлы ҚОСАНОВ
Фото: gov.kz

Павлодар облысында туған. 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін, Әскери-әуе академиясын бітірген.2005 жылы Ю. А.Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын, 2013 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

Үшарал жауынгерлік полкінде қызмет етті. Талдықорғандағы "Су-27" эскадрильясының командирі, Қарағанды авиабазасы штабының бастығы;

Шымкент авиабазасының командирі, ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының директоры қызметін атқарған. 2022 жылғы 29 желтоқсанда ҚР Президентінің бұйрығымен ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды. 2024-2025 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болды.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың маусымынан бері атқарып келеді.

II дәрежелі "Даңқ" орденімен, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1980) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ардақ Құттықожаұлы НАЗАРОВ дүниеге келді.

Ардақ Құттықожаұлы НАЗАРОВ
Фото: azattyq-ruhy.kz

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Қазақ қатынас жолдары унирвеситетін «Экономика» мамандығы бойынша, 2014 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтады.

Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы (1999, Алматы), аралас жекпе-жектен үш мәрте әлем чемпионы және әлем кубогының иегері, Еуразияның екі мәрте чемпионы (2001, Астана, 2002, Қарағанды). Азия чемпионы (2003, Бішкек,Қырғызстан), Еуропа-Азия турнирінің жеңімпазы (2005, Екатеринбург, Ресей). Еуропа чемпионы (2007, Таллин, Эстония). Ережесіз жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

40 жыл бұрын (1985) Ақмола облысы Әділет департаменті басшысының оынбасары - Әдеп жөніндегі уәкілі Медет Орынбекұлы ЕДРИСОВ дүниеге келді.

Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Молодежное ауылында туған. 2007 жылы "Фемида" Заң академиясын бітірді.

Еңбек жолын 2007 жылы "Ақмола облысының соттар әкімшілігі" ММ № 1 Көкшетау аумақтық бөлімінің бас маманы ретінде бастады. 2009-2021 жылдары әділет органы саласында түрлі қызметтер атқарды.

Қазіргі лауазымын 2021 жылдың қазанынан бастап атқарып келеді.

38 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі жетекшісінің орынбасары Индира Садыбекқызы РЫСТИНА дүниеге келді.

Индира Садыбекқызы РЫСТИНА
Фото: Kazinform

2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. «Саяси ғылымдар» мамандығы бойынша PhD докторы. 2020 жылы доцент атанды.

Еңбек жолын 2008 жылы мектепте мұғалім болып бастаған. Саясаттану кафедрасының оқытушысы және доценті, «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының кеңесшісі болды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Саясаттану» мамандығы бойынша диссертациялық кеңесінің мүшесі. 2022-2023 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

Ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметпен айналысады, ондаған ғылыми жарияланым авторы.

Соңғы жаңалықтар