14 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 14 қыркүйекте қандай танымал тұлғалар дүниеге келген? Kazinform оқырман назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Серікбек ЖАНБОЛАТ, журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты
1964 жылы Семей облысында дүниеге келген. 1989 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Телевизия саласында «Жігіттің сұлтаны», «Үкілі үміт», «Тайбурыл», «Қазақтың Қажымұқаны» сынды танымдық жобаларды ұйымдастырып, «Жеті күн» ақпараттық-талдамалық, «Сәлем, Қазақстан» таңғы хабарының, «Көкпар» бағдарламасының және басқа да телевизиялық жобалардың жүргізушісі болды. 2004 жылы «Айқын» газетін ашып, 2008 жылы «Алаш айнасы» газетінің негізін қалады. «Шығысым менің!», «Семейім еркем», «Шыңғыстау аруы» секілді әндердің авторы.
Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ, Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы
1969 жылы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында дүниеге келген. 1992 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша, 2016 жылы Қазақстан-Америкалық еркін университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Асу-Бұлақ кентінде Аюдин орман шаруашылығында жұмысшы болып бастаған. 1991-1993 жылдары «Юбилейный» кенішіндегі Белогор тау-кен байыту комбинатында тазарту кенжарының тау-кен жұмысшысы, тау-кен шебері, 1993-1999 жылдары Боровое өндірістік орман шаруашылығында орманшының көмекшісі, орман шаруашылығы инженері, орманшы, бас орманшы қызметтерін атқарған. 1999-2015 жылдары Асу-Бұлақ орман шаруашылығын, 2015-2017 және 2018-2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарды. 2017 жылы басқарма басшысының орынбасары, 2017-2018 жылдары Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2025-2026 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы наурыз айынан бастап атқарып келеді.
Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ, Абай облысы бойынша фермерлер қауымдастығының төрағасы
1973 жылы бұрынғы Семей облысының Шар қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жалғастырып, ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі атанған.
Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл облысының «Шайзада» фирмасында жабдықтаушы-экспедитор болып бастаған. 1994-1995 жылдары Алматы қаласындағы «Гүлжан» ШКС директоры, 1995-2001 жылдары Н.К.Крупская атындағы орта мектепте әскери жетекші, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1998 жылы Шалабай ауылдық округінде жастармен қоғамдық жұмыс жүргізді. 2001-2006 жылдары Н.К.Крупская атындағы орта мектептің директоры, 2006-2022 жылдары «Шалабай» ЖШС-ның бас директоры болды. 2019-2022 жылдары «Qazaq Aqbas» республикалық палатасы директорлар кеңесінің төрағасы, 2022-2023 жылдары Абай облысы бойынша «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы қызметін атқарды. 2023 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, 2023-2024 жылдары Абай облысы мәслихатының VIII шақырылымдағы төрағасы, 2024-2025 жылдары Абай облысы әкімінің орынбасары болды.
Әсет АСАУБАЕВ, Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті
1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Тарих, құқық негіздері және экономика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004-2005 жылдары ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобиль жолдарын бақылау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2005-2006 жылдары осы бөлімде бас маман, 2006-2007 жылдары автомобиль тасымалдарын бақылау және рұқсат беру жүйесі бөлімінің бастығы, 2007-2008 жылдары автомобиль көлігі мен автомобиль жолдарындағы бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары автомобиль және теміржол көлігіндегі, 2009 жылы автомобиль көлігіндегі бақылау, 2009-2010 жылдары Талдау жұмыстары басқармаларының бастығы болды. 2010-2013 жылдары Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2013-2014 жылдары комитет төрағасы қызметін атқарды. 2014-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетін басқарды. 2019 жылдан бастап Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті. 2019-2026 жылдары ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының Бас хатшысы қызметін атқарды.
Назым ҚЫЗАЙБАЙ, қазақстандық боксшы, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, Қазақстан чемпионы
1993 жылы Алматы облысының Жетіген ауылында дүниеге келген. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (2016). 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық турнирде алтын медаль иеленіп, әлем чемпионы атанды. Азия чемпионатында да жеңімпаз атанып, Қазақстан құрамасының сапында халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында жартылай финалда Қытай спортшысы Юй Уға есе жіберіп, қола жүлдеге ие болды. 2025 жылғы наурызда IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында үшінші рет чемпион атанды.
2024 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ахмет БАРЖАҚСИН, көрнекті қоғам қайраткері, фольклортанушы, аудармашы
1894 жылы Ақмола облысы Атбасар уезінің Жезді болысында дүниеге келген. Омбы мұғалімдер семинариясын, Омбы ауыл шаруашылығы институтын және Мәскеу әдебиет институтын тәмамдаған. «Бірлік» мәдени-ағартушылық ұйымын құруға атсалысты. 1920 жылдан бастап Ақмола уезі қазақ бөлімінің революциялық комитетінің мүшесі, кейін Ақмола губерниясы атқару комитеті басқармасының мүшесі болды. 1923-1924 жылдары Қазақ тұтынушылар қоғамының төрағасы, кейін Орталық атқару комитеті Ұлттар бюросының нұсқаушысы қызметін атқарды. 1928 жылғы желтоқсанда большевиктер партиясы қатарынан өз еркімен шықты. 1929 жылғы сәуірде партия беделіне нұқсан келтірді және троцкизмді жақтады деген айыппен Батыс Сібірге жер аударылды. 1935 жылы атылды. 1913-1914 жылдары 1710 қазақ мақал-мәтелін жинаған. 1915 жылы қазақ және орыс тілдерінде «Мың бір мақал» жинағын алғаш рет жарыққа шығарды. Ағарту, әйел теңдігі мәселелеріне арналған мақалалары мен әңгімелері «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттері мен «Айқап» журналында жарияланды. Лев Толстойдың бірқатар повесін қазақ тіліне аударған.
Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ, суретші, қоғам қайраткері, Қазақстандағы жоғары көркемдік білім беру жүйесін ұйымдастырушылардың бірі
1946 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін, И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын және Мәскеу жоғары көркемөнер-өнеркәсіп училищесін (бұрынғы Строганов училищесі) тәмамдаған.
Еңбек жолын Абай атындағы ҚазПИ-дің кескіндеме кафедрасында оқытушы болып бастаған. 1974 жылдан бастап көркемсурет-графика факультетінің деканы, 1978 жылдан Театр-көркемөнер институты ректорының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі болды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын құрудың бастамашыларының әрі ұйымдастырушыларының бірі. Шығармалары еліміздің түрлі музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Халықаралық және республикалық музей жобаларының, альбомдар мен ғылыми-танымдық мақалалар жинақтарының авторы.
Қазақстан Президентінің өкімімен Байтұрсын Есжанұлы Омарбековке 2023 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалды.
Аударған: Ақзат Жиеналина