14 мамыр. ҚазАқпарат: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2018 жылғы 14 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1869 жылы Ақтөбе қаласының іргетасы қаланды.
2002 жылы Мәскеуде Астананың мәдени күндері өтті.
2007 жылы Қарағанды облысының әкімдігі мен Табиғи ресурстардың Еуразиялық корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2008 жылы Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде ислам саласын зерттеумен танылып жүрген тұлға Юрий Михайловтың «Құранды түсінетін кез келді» атты кітабының тұсауы кесілді.
2009 жылы Семейде Шығыс Қазақстандағы тұңғыш «Көксерек» атты аудиокітап шықты. Кітапты «Альфа Марино» жарнама студиясы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың хикаясы бойынша шығарды.
Идеяның авторы «Қазақстан - Семей» телеарнасының қызметкері Қуат Ахмеджанов. Ұзақтығы 1 сағат 5 минуттық әдеби шығарманы дыбыстандырған да өзі. Шығарушылар аудиокітаптың алғашқы жиынтығын қаладағы мектеп-интернаттарға сыйлық ретінде табыстады.
2009 жылы Киев қалалық кеңесінің 2008 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен Шевченко ауданындағы Кузьминская көшесі қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есіміне ауыстырылды. 2009 жылғы 8 мамырда осы көшеде Жамбыл Жабаевтың мемориалдық тақтасы ресми түрде салтанатпен ашылды.
2010 жылы Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі Монакода өткен дәстүрлі Халықаралық қайырымдылық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
2011 жылғы 5-11 мамыр аралығында өткен фестивальге исландиялық актриса Анита Брием бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
«Келін» фильмі «Үздік ойын фильмі» аталымында жеңімпаз атанды. Бұл аталым бойынша оның негізгі қарсыласы - режиссер Флориан Галленбергеннің (Германия) тарихи оқиғаға негізделген «Джон Рабе» фильмі болды.
2010 жылы Белгілі IBM компаниясы Астанада Linux коды саласында инновациялар орталығын ашты.
2011 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында (ШЫҰ) Қазақстанның төрағалық етуі аясында Алматыда ШЫҰ-ға мүше елдердің СІМ Кеңесінің отырысы өтті.
2012 жылы Минскіде Қазақстан мен Беларусь президенттерінің бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды. Құжатта екі елді жақындастыру мақсатында экономикалық, саяси, гуманитарлық және мемлекетаралық қарым-қатынастардың өзге де салаларында тараптар ықпалдастығының негізгі бағыттары айқындалған.
2015 жылы Швейцарияда Frank Muller мануфактурасы Қазақстан гербімен сағат шығарды.
2016 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанында Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы болды. Комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Жер кодексі нормаларын түсіндіру және ұсыныстарды қарап шығу мақсатында құрылды. Оның құрамына Парламенттің екі палатасының депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, агробизнес өкілдері, ғалымдар және қоғам белсенділері - жалпы 75 адам кірді.
1993 жылы ТМД экономикалық одағы құрылды.
1993 жылы Литва, Словения мен Эстония Еуропа Кеңесінің мүшесі атанады.
1993 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Кездесуге қатысушылар терең ықпалдастық, тауарлардың, капиталдар мен қызметтердің еркін айналымы үшін ортақ нарықты құру жолымен жүру шарттары көрсетілген Декларацияны қабылады.
2002 жылы Мәскеуде Астананың Мәдениет күндері өтті.
2015 жылы «АБАЙ және ҚАЗАҚ елінің болашағы» атты кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Еңбектің авторы белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбден.
Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын, жалпы адамзат баласын екі ғасырдан бері рухани құндылықтарға жетелеуде. Абай - ой мен сөз бостандығының символына айналды. Қазақтың идеалы - Абай. Кітапта оның қара сөздерінде көтерілген мәселелерді XXI ғасырда іске асыру тетіктері айқындалған. Сондай-ақ, қазақ еліне, жалпы өркениетке елеулі үлес қосқан әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абылай хан, Дінмұхамед Қонаев сияқты 30-ға жуық тарихи ұлы тұлғалар туралы қысқаша мəлімет беріледі.
ЕСІМДЕР
124 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін негізін қалаушылардың бірі ЖАНСҮГІРОВ Ілияс дүниеге келді.
Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін науқанының құрбаны болды.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі - «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді-мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың есімі берілді. 1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
77 жыл бұрын (1941) белгілі актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, КСРО Кинематографистер одағының үздігі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЫҚТЫМБАЕВ Нұржұман Байжұманұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Кербұлақ ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Панфилов педагогикалық училищесін және «Қазақфильм» студиясы жанындағы актерлік студияны бітірген, Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Кинодағы мансабы кездейсоқ басталған. Болашақ киноактердің ауылына келген «Мазасыз таң» фильмінің түсіру тобы оны фильмге түсіруге шақырады. 1968 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері.
Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады, мысалы, «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» тұйық, қатаң мінезді, «Сталинге сыйлықтағы» жұмсақ мінезді, бірақ бірбеткей, ал «Барлаушыдағы» қарапайым, шығысқа тән даналық көрінетін кейіпкерлер, тағы басқалар. Актердің соңғы жұмыстарынан француз актері Ж. Депардьемен бірлесіп түскен «Кеш оянған махаббат» фильмін атауға болады. Актер анимациялық ленталарды дыбыстауға да қатысады. («Қадырдың бақыты», 2000).
2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі ролі үшін «Адал жүрек» кинофестивалінде Бас жүлдені, 2009 жылы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің ең үздік актері, 2009 жылы Чебоксарыдағы МКФ - «Сталинге сыйлық», «ең үздік ер ролі үшін» сыйлығын, Қасым ролі үшін Бүкіламерикалық өнерді қолдау ассоциациясының арнайы жүлдесіне («Сталинге сыйлық») ие болған.
71 жыл бұрын (1947) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы МЕҢДИЯРОВА Шәмшәгүл Мырзабекқызы дүниеге келді.
Талдықорған облысында туған. Театр студиясының актерлік факультетін, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген.
Қазақфильм» киностудиясының «Сайтан көпір» (Ана), «Сұрапыл Сұржекей» (Сырға), фильмдеріне түскен, бірқатар спектакльдерде ойнаған.
64 жыл бұрын (1954) «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысының кітапханасы» ММ директорының орынбасары ҚУАНЫШЕВ Жапсарбай Ілиясұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын, КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының аспирантурасын бітірген. 1979-1992 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының лаборанты, кіші, аға ғылыми қызметкері, ғалым-хатшысы. 1992-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, сарапшы-референті. 1996-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі қызметін атқарған. 2004-2008 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының хатшылық меңгерушісі. 2008-2012 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің инспекторы, сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2012 ж Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.
Негізгі ғылыми жұмыстары қоғамдық-саяси және ұлтаралық мәселелерін зерттеуге арналған. 60-қа жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбегі, соның ішінде 1 монографиясы жарық көрген. Ол Қазақстан тарихы оқулығы мен оқу құралын жазуға қатысқан.
62 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Ақмола облысынан сайланған депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ӘДІЛБЕКОВ Дәурен Зекенұлы дүниеге келді.
Новосібір электротехникалық институтын, Мәскеудің халық шаруашылығы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы Семей облысы Үржар ауданы «Бахты» кеңшарында бастаған. Кейіннен Алматы қаласындағы №1 Троллейбус паркінде шебер, аға шебер, цех бастығы, Трамвай депосының бас инженері, директоры болған. 1989-1992 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1995-1997 жылдары - Қазақстанның кәсіпкерлікті дамыту және қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары. 1997-1998 жылдары - Көкшетау облысы әкімінің бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облыстық экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Сараптама-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі. 1998-2004 жылдары - Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Көкшетау қаласының әкімі. 2004-2005 жылдары - Ақмола облысы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары - Көкшетау экономика және менеджмент институты кафедрасының профессоры. 2006-2008 жылдары - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Темір жол жылу» акционерлік қоғамының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Есіл департаменті бастығының міндеті атқарушысы, Көкшетау экономика және менеджмент институты кафедрасының профессоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қазан айынан бастап істейді.
«Құрмет» орденімен, «Астана» медалімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1958) «Банк ЦентрКредит» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы БАЙСЕЙІТОВ Бақытбек Рымбекұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу қаржы институтын (1975-1979); Алматы халық шаруашылығы институтын, экономист (1981); Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтын (1987) тәмамдаған.
Еңбек өтілі: Алматы облысы Мемлекеттік банкі кеңсесінің экономисі (1979-1980); КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ республикалық кеңсесінің аға экономисі, басқарма бастығының орынбасары (1981-1988); КСРО Тұрғын үй әлеуметтік банкі Қазақ республикалық банкінің басқарма бастығы (1988); Алматы орталық кооперативтік банкінің Басқарма төрағасы (1988-1991); «Центрбанк» Қазақ орталық акционерлік банкінің (ҚОАБ) Басқарма төрағасы (1991-1993); «Центрбанк» ҚОАБ (1997 жылдан - «Банк ЦентрКредит» АҚ) Бақылау кеңесінің (Директорлар кеңесінің) төрағасы.
«Құрмет», «Достастық Жұлдызы» ордендерімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңга 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен; «Отан» РСП «Белсенді қызметі үшін» белгісімен марапатталған.
56 жыл бұрын (1962) С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасының бірінші орынбасары ӘБДІРОВ Айтжан Мұхамеджанұлы дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1984 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша; 1990 жылы И.В.Мичурин атындағы Жеміс-көкөніс институтының аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: Целиноград Ауылшаруашылық институты азық өндірісі лабораториясының кіші ғылыми қызметкері (1984-1987); «Мал шаруашылығы фермаларын механикаландыру» кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы (1990-1992); жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің деканы (1992-1993); ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінің деканы (1993-1998); «Технологиялық үрдістерді механикаландыру» кафедрасының меңгерушісі (1999-2004); 2004 жылдан бүгінге дейін «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротхеникалық университеті» АҚ төрағасының бірінші орынбасары (бірінші проректор).
Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен (2005), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2006), Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасымен (2007), «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен (2008), «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен» (2008) «Қазақстан Республикасының ғылымын дамыту» төсбелгісімен (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (2011), марапатталған.
53 жыл бұрын (1965) Тараз қаласының әкімі ӘБДІРАЙЫМОВ Ғалымжан Райлұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, «Тұран» Университетін бітірген. Еңбек жолын колхозда шебер болып бастады, әртүрлі құрылым ұйымдары мен мекемелерінде жауапты қызметтер атқарды.
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аккредиттеу және аттестаттау басқармасының директоры болды. 2013 ж ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2015 жылдың қаңтарынан бастап істейді.
49 жыл бұрын (1969) БЕКТҰРҒАНОВ Марғұлан Жұбанышұлы - Атырау облыстық сотының төрағасы дүниеге келді.
Еңбек жолын 1986 жылы Алматыдағы ҚазҒЗИ-дың сот-сараптамасының сарапшысы болып бастаған. Алматы қаласы Ленин аудандық сотының хат тасушысы болып қызмет етті. 1989 жылдың шілдесінен 1995 жылға дейін Алматы қаласында Ленин аудандық сотында сот орындаушы қызметін атқарды. 1995 жылдан бастап Әділет басқармасының құқықтық қызмет және заңгерлік көмек бөлімінің бас маманы болған. 1998 жылдың сәуірінен бастап Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған. Кейін Қарағанды облысы және Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарының судьясы болған. 2005 жылдан 2011 жылға дейін Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Маңғыстау облыстық соттың азаматтық істер жөніңдегі сот алқасының төрағасы, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметтерінде болған.
2015 жылдың 18 ақпан айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Атырау облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды.
Марапаттары: 10.11.2011 ж. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздіне 20 жыл» мерекелік медалі; 22.08.2013 ж. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісі; 05.08.2015 ж. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі; 08.12.2016 ж. ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі.