14 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат өз оқырмандарына 2012 жылғы 14 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.
None
None

14 мамыр, ДҮЙСЕНБІ

Грузияда Тамара ханшайымды еске алу- Тамароба күні. 1917 жылдан бастап ұлттық мереке ретінде атап өтіледі.

Парагвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1811). 1811 жылдан бастап атап өтіледі. Халықтың қысымымен испан губернаторы өз өкілеттілігін тоқтатып, Испанияның Парагвайға билігі жүрмейтін болды. Парагвай - Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігі және солтүстік-батысында Боливиямен, солтүстік-шығысы және шығысы Бразилиямен, оңтүстік-шығысы, оңтүстік және оңтүстік-батысы Аргентинамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 19 департаментке бөлінеді. Астанасы - Асунсьон қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гварани. Елді Президент басқарады. Ол жалпы халықтық сайлау арқылы 5 жылға сайланады. Президент екінші мәрте қайта сайлауға түсе алмайды. Жоғары заң шығарушы органы - Конгресс. Ол екі палаталы сенат және депутаттар палатасынан тұрады.

Исландия президентінің күні. 14 мамырда Исландияның бесінші президенті Олавур (Улафур) рагнара Гриммсонның туған күні (1943 жыл). Бұл күн мемлекетте Ту-күні деп аталады. Ту-күні - заңмен белгіленген орындарда мемлекеттік ту көтерілетін мерекелер мен естелік даталар.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

143 жыл бұрын (1869) Ақтөбе қаласының іргетасы қаланды.

10 жыл бұрын (2002) Мәскеуде Астананың мәдени күндері өтті.

64 жыл бұрын (1948) Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қарарының негізінде Палестинада Израиль мемлекеті құрылды. Израиль - Таяу Шығыстағы мемлекет. Батыс Азияда, Жерорта теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан. Солтүстігінде Ливанмен, солтүстік-шығысында Сириямен, шығысында Иорданиямен, оңтүстік-батысында Египетпен шектеседі. Басты экономикалық және мәдени орталығы - Тель-Авив қаласы. Ел аумағы әкімшілік жағынан 6 округқа бөлінеді.

58 жыл бұрын (1954) БҰҰ-ға мүше елдер Гаагада өткен конференцияда Рерих пактісі (1953) негізінде әзірленген «Қаруланған жанжал жағдайында мәдени құндылықтарды сақтау туралы конвенцияны» қабылдады. Күшіне 1954 жылы 7 тамызда енді.

5 жыл бұрын (2007) Қарағанды облысының әкімдігі мен Табиғи ресурстардың Еуразиялық корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

3 жыл бұрын (2009) Семейде Шығыс Қазақстандағы тұңғыш «Көксерек» атты аудиокітап шықты. Кітапты «Альфа Марино» жарнама студиясы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың хикаясы бойынша шығарды.

Идеяның авторы «Қазақстан - Семей» телеарнасының қызметкері Қуат Ахмеджанов. Ұзақтығы 1 сағат 5 минуттық әдеби шығарманы дыбыстандырған да өзі. Шығарушылар аудиокітаптың алғашқы жиынтығын қаладағы мектеп-интернаттарға сыйлық ретінде табыстады.

3 жыл бұрын (2009) Киев қалалық кеңесінің 2008 жылғы желтоқсанның 18-дегі шешімімен Шевченко ауданындағы Кузьминская көшесі қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есіміне ауыстырылды. 2009 жылғы мамырдың 8-де осы көшеде Жамбыл Жабаевтың мемориалдық тақтасы ресми түрде салтанатпен ашылды.

ЕСІМДЕР

118 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ЖАНСҮГІРОВ Ілияс дүниеге келді.

Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі - «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.

Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың  есімі берілді. 1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.  

58 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі ҚУАНЫШЕВ Жапсарбай Ілиясұлы дүниеге келді.

1954 жылғы 14 мамырда Алматы облысының, Көксу ауданындағы Мұқры ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген; саясат ғылымының докторы; тарих ғылымының кандидаты. 1979 жылғы қыркүйектен - 1981 жылғы желтоқсанға дейін - Қазақ КСРО Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының лаборанты, аға лаборанты. 1982 жылғы желтоқсаннан - 1986 жылғы желтоқсанға дейін - КСРО ғылым академиясының КСРО тарихы институтының стажеры, аспиранты (Мәскеу қаласы). 1986 жылғы желтоқсаннан - 1989 жылғы қаңтарға дейін - Қазақ КСРО Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері. 1989 жылғы қаңтардан - 1992 жылғы қаңтарға дейін - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалым-хатшысы. 1992 жылғы қаңтардан - 1993 жылғы тамызға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппараты Ішкі саясат бөлімінің референті. 1993 жылғы тамыздан - 1994 жылғы маусымға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинетінің Ақпараттық-талдау орталығының сарапшысы, аға сарапшысы. 1994 жылғы маусымнан - 1995 жылғы қарашаға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты Ақпараттық-талдау орталығының аға сарапшысы, сектор меңгерушісі. 1995 жылғы қарашадан - 1996 жылғы мамырға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі. 1996 жылғы мамырдан - 2002 жылғы ақпанға дейін - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшының кеңесшісі. 2002 жылғы қыркүйектен - 2004 жылғы желтоқсанға дейін - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрінің кеңесшісі. 2004 жылғы желтоқсаннан - 2008 жылғы наурызға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі. 2008 жылғы наурыздан - 2008 жылғы сәуірге дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің инспекторы. 2008 жылғы сәуірден - 2010 жылғы сәуірге дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі. 2010 жылғы сәуірден - 2012 жылғы қаңтарға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2012 жылғы қаңтардан - қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

«Құрмет» орденімен және 5 медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды (омырау белгісі тапсырылды).

62 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі  Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтияр Сардарбекұлы ТАСЫМОВ дүниеге келді.

2012 жылдың 7 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бахтияр Тасымов Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі, Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

47 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестаттау және аккредиттеу департаментінің директоры -ӘБДРӘЙІМОВ Ғалымжан Райылұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, «Тұран» Университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аккредиттеу және аттестаттау басқармасының директоры қызметін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.

71 жыл бұрын (1941) актер, Қазақстанның халық әртісі, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЫҚТЫМБАЕВ Нұржұман Байжұманұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысының Кербұлақ ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Панфилов педагогикалық училищесін және «Қазақфильм» студиясы жанындағы актерлік студияны бітірген. 1968 жылдан бастап «Қазақфильм» студиясының киноактері.

Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады, мысалы,  «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» тұйық, қатаң мінезді,«Сталинге сыйлықтағы» жұмсақ мінезді, бірақ бірбеткей, ал «Барлаушыдағы» қарапайым, шығысқа тән даналық көрінетін кейіпкерлер, т.б.  Актердің соңғы жұмыстарынан француз актері Ж.Депардьемен бірлесіп түскен «Кеш оянған махаббат» фильмін атауға болады. Актер анимациялық ленталарды дыбыстауға да қатысады. («Қадырдың бақыты», 2000).

Фильмография: 1966 - Мазасыз таң; 1967 - Артымызда Мәскеу; 1968 - Мың шақырымдық жол; 1968 -Балалық шаққа саяхат; 1969 - Мәншүк  туралы ән; 1969 - «Қызыл тастар» шекарасында; 1970 - Қыз Жібек ; 1970 - Атаманның ақыры; 1971 - Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері
1971 -Менің ағам; 1971 - Жетінші аспан; 1972 - Орман балладасы; 1972 - Шоқ пен Шер; 1972 - Мен - Хан Тәңірі; 1973 - Байдың жауыз ұлы; 1974 - Ей бақташылар!; 1975 - Таңдау; 1976 - Хайуанаттар бағындағы жаз (қысқа метражды); 1976 - Медальдың үшінші жағы; 1977 - Бүркіттің ақырғы жылы; 1977 - Тұз және нан (киноальманах), «Нан» фильмі; 1978 - Ай тұтылған түн; 1978 -Балалық шағымның Дон-Кихоты; 1978 - Қара таудағы қазына; 1979 - Нан дәмі; 1980 - Бас конструктор; 1980 - Жаушы; 1980 - Мүмкін емес балалар; 1981 - Ұлы самоед; 1982 - Қызыл отау; 1982 - Он үшінші немере; 1982 - Өріс жиегінде; 1984 - Тоғызыншы ұлдан сақтан; 1984 - Бірінші атты; 1984 - Бірінші; 1984 - Адам факторы; 1985 - Ауылым Көктөбеденің бөктерінде; 1986 - Түрксіб; 1986 - Мотоциклдегі адам; 1987 - Кәмелетке келгендерге арналған асыранды үй; 1987 - Сұлу Айсұлу туралы ертегі; 1987 - Жолайырық; 1988 - Адамдар арасындағы бөлтірік; 1989 - Қауышу; 1990 - Қараңғылық әміршісі; 1992 - Өлім алқабы; 1993 - Аллажар; 1993 - Шыңғыс хан; 1996 - Жамбыл; 1997 -Ақсуат; 1999 - Тыңдашы, жаңбыр жауып тұр ма?; 2003 - Сардар; 2004 -Тұзды көл жанындағы үй; 2004 - Мылқау қоңыр салқын; 2004 - Түнгі барлаушы - Зоар; 2004 - Қаладан келген қыз; 2004 - Аңшы; 2005 - Күндізгі барлаушы - Зоар; 2006 - Жол қараушының жазбалары; 2006 - Күндізгі барлаушы  (Ресей Киноакадемиясының «Алтын қыран» жүлдесі); 2006 - Таяудағы соғыс, Голливуд; 2008 - Сталинге сыйлық; 2009 - Лавэ; 2009 -Секер; 2010 - Ана жұмағы; 2010 -Кеш оянған махаббат.

Марапаттар мен сыйлықтары: 1980 - КСРО Мемлекеттік сыйлығы («Нанның дәмі»). 2007 - «Жол қараушы» фильміндегі рөлі үшін «Адал жүрек» кинофестивалінің Бас жүлдесі, 2009 - Шәкен жұлдыздары фестивалі - ең үздік актер. 2009 жылы Чебоксарыдағы МКФ - «Сталинге сыйлық» фильміндегі «ең үздік ер рөлі үшін» сыйлық. 2009 - Қасым рөлі үшін Бүкіламерикалық  өнерді қолдау қауымдастығының арнайы жүлдесі («Сталинге сыйлық»).

56 жыл бұрын Ақмола облысы әкімінің орынбасары - ӘДІЛБЕКОВ Дәурен Зекенұлы дүниеге келді. 1956 жылы 14 мамырда Семей облысы Үржар ауданының Үржар ауылында туды, қазақ. Әкесі - Әділбеков Зекен Уалханұлы, зейнеткер, Алматы қаласы Алмалы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Анасы - Көкешева Сахария, зейнеткер.

Новосібір электротехникалық институтын (1979) инженер-электр механигі мамандығы бойынша; Халық шаруашылық академиясын (Мәскеу, 1994) жоғары дәрежелі менеджер мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының докторы (1997). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Ірі қалалардың тіршілік етуін қамтамасыз ету жүйелерін үлгілеу және оңтайландыру». ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитетінің экономика профессоры (2009 жылдан). «Кәсіпорынды басқарудағы экономикалық-математикалық әдістер» (1992), «Компьютер өндірісі және қоршаған орта» (1993), «Қаланың тіршілікпен қамтамасыз етуші коммуникациялары» (1994) кітаптарының; 40-тан астам ғылыми жарияланымның авторы. Қазақ, орыс және ағылшын (сөздікпен) тілдерін біледі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі (2003 жылдан).

1974 жылдың ақпанынан - Семей облысы Үржар ауданының «Бақты» кеңшарында слесарь-электрик. 1974 жылдың қыркүйегінен - Новосібір электротехникалық институтының студенті. 1979 жылдан - Алматы қаласының №1 троллейбус паркінде шебер, аға шебер, цех бастығы. 1984 жылдан - Алматы қалалық трамвай депосының бас инженері, директоры. 1989 жылдан - Алматы қаласы Совет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992 жылдан - Алматы  қаласы Совет аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1994 жылдан - ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995 жылдан - Қазақстан Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту орталығы бас директорының бірінші орынбасары (Алматы). 1997 жылдың наурызынан - Көкшетау әкімінің бірінші орынбасары. 1997 жылдың мамырынан - Солтүстік Қазақстан облыстық экономика басқармасының бастығы. 1997 жылдың қарашасынан - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сараптау-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі. 2004 жылдың мамырынан - Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімі. 2004 жылдың қазанынан - Ақмола облысы әкімінің орынбасары. 2005 жылдан - Көкшетау экономика және менеджмент институты экономика және менеджмент кафедрасының профессоры. 2006 жылдан - «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Темір жол жылу» АҚ вице-президенті (Көкшетау). 2008 жылдың наурызынан - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Есіл экология департаменті бастығының м.а. (Астана). 2008 жылдың шілдесінен - Көкшетау экономика және менеджмент институты экономика және менеджмент кафедрасының профессоры.

2008 жылдың қазанынан бері - Ақмола обылысы әкімінің орынбасары.

ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13-ші шақырылым депутаты (1994-1995).«Құрмет» орденімен (2010), «Астана» медалімен (1998) марапатталған. Әскери атағы - подполковник. Саяси қайраткер ретіндегі идеалы -Абылай хан. Хоббиі - спорт. Сүйіп оқитын әдебиеті - саясат, тарих. Үйленген. Жұбайы - Дәуренбекова Ботагөз Жұмабекқызы (1955 ж.т.). Ұлы - Әділбеков Дамир Дәуренұлы (1981 ж.т.).

54 жыл бұрын (1958) «ЦентрКредитБанк» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы - БАЙСЕЙІТОВ Бақытбек Рымбекұлы дүниеге келді. Мәскеу қаржы институтының, Алматы халық шаруашылығы институтының түлегі. Еңбек жолын 1981 жылы КСРО Мемлекеттік банкінің Республикалық бөлімшесінде бастады. Байсейітов 1988 жылы банктің негізін қалаған. 1993 жылдан бастап Банктің Директорлар кеңесінің Төрағасы лауазымын атқарып келеді.

60 жыл бұрын (1952) «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы Басқарма төрайымының кеңесшісі Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ дүниеге келді.

1977 жылы ҚазМҰУ-ді бітірген. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі. «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған. Н.Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Ғұмырының 35 жылын телевизияға арнаған. Алғашқы хабарының бірі «Жадыңда ма, жолдас?!». Содан бері талайдың санасын қозғаған, саяси-әлеуметтік салмағымен, әсіресе шыншылдығымен телекөрерменнің есінде сақталған бағдарламалары: «Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жастар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнайы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба» т.б. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы».

50 жыл бұрын (1962) С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚПҒА академигі - ӘБДІРОВ Айтжан Мұхамеджанұлы дүниеге келді.  

Университетте 1984 жылдан, ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін тәмәмдағаннан бері қызмет етіп келеді. 140-тан астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 5 электронды оқулық, 5 оқу құралы, 9 авторлық куәлік пен өнертабыс патенті және 3 интеллектуалды меншік куәлігінің авторы. Магистерлік дайындық жүргізеді және ізденушілердің ғылыми жетекшісі болып табылады. «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхатымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасымен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалі және «Академик А.И.Бараевтың туғанына 100 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасы құрмет грамотасымен» марапатталған.

50 жыл бұрын әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тележүргізуші,  мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің директоры Жеңіс СЕЙДОЛЛА дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар