14 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА.14 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 14 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

14 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

14 СӘУІР, ЖЕКСЕНБІ

Бирмадағы Су фестивалі - Жаңа жыл мерекесі. Бұл күні адамдардың бір-біріне су шашу дәстүрі қалыптасқан. «Көп адамды суға малшындырсаң, соғұрлым бақытты өзіңе тартасың» деген түсінік қалыптасқан.

Украинаның Ішкi iстер министрлiгi Мемлекеттiк автокөлік инспекциясының күнi.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданды.

16 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңы қабылданды.

15 жыл бұрын (1998) Ақтөбе қаласындағы Ленин атындағы көшеге Әйтеке би есімі берілді.

13 жыл бұрын (2000) Алматы қаласындағы №162 қазақ орта мектебіне жазушы Сапар Байжановтың есімі берілді.

12 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаевтың Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы Жарлығы шықты.

52 жыл бұрын (1961) «Казахстанская правда» газеті Қазақ КСР Ғылым академиясы география бөлімі қызметкерлерінің Сарқанд алабындағы Жоңғар Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздыққа және Іле Алатауының солтүстік бөлігіндегі Қарғалы тау сілеміндегі шыңға КСРО-ның тұңғыш ғарышкері Юрий Алексеевич Гагаринның есімін беру туралы шешімін жариялады.

8 жыл бұрын (2005) студенттердің І Жиналысында Қазақстан студенттерінің Альянсы құрылды. Қозғалыстың басты мақсаты білім сапасын жоғарылатудағы мемлекетке қолдау көрсету, студенттердің құқығы мен қызығушылығын қорғау.

7 жыл бұрын (2006) Павлодар қаласындағы №1 көркемсурет мектебіне Халықаралық ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілді. Мұғалімдік ұжымның оқушыларда шығармашылық қабілетті дамыта білуі, халықаралық көрмелер мен байқаулардағы жас суретшілер жетістігінің нәтижесі көркемсурет мектебіне халықаралық ұйымның айрықша бағасын әкелді.

7 жыл бұрын (2006) Румыния Мәдениет және діндер министрлігінде Астана қаласында жаңадан ашылатын Бейбітшілік және келісім сарайындағы құрылуы жоспарланып отырған кітапханасы қорына Румыния Мәдениет және діндер министрлігі мен Патриархиясы тарапынан сый ретінде Румынияның мәдениеті, діни өмірі мен діни ағымдары туралы 46 кітап пен баспасөз басылымын - Қазақстан Республикасының Бухарестегі Дипломатиялық өкілдігіне тапсыру ресми рәсімі өтті. Кітаптарды тапсыру кезінде Румыния Мәдениет және діндер министрлігінің дін мәселелері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Андриан Лемени Румыния Қазақстанның және Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік конфессияаралық диалогтың ұйытқысы болып, әлемдік діндердің рухани және өсиетті потенциалын ізгілік пен бейбітшілік үшін пайдалануға бағытталған әрекеттерін жоғары бағалайтынын атап көрсетті. Румын Мемлекеттік хатшысы румын Патриархиясы және Рим-католик шіркеуі өкілдерінің Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндердің Екінші съезіне қатысқаны өте орынды болар еді деген пікір білдіре отырып, Қазақстан халқына береке, бейбітшілік және өркендеу тіледі.

3 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Шығыс-Батыс» институты бекіткен Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығы тапсырылды.

«Шығыс-Батыс» институты 1980 жылы халықаралық қатынастарда «қырғи-қабақ» соғыстың келеңсіз салдарларын еңсеру, еуроатлантикалық аймақта шиеленісті бәсеңдету, азаматтық қоғам құндылықтарын алға жылжыту мақсатымен құрылған болатын.

«Шығыс-Батыс» институтының Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығы АҚШ-тың ең беделді наградаларының бірі және ол мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру саласындағы ерекше жетістіктері үшін әртүрлі елдердің саяси және мемлекеттік қайраткерлеріне беріледі. Бұдан бұрын бұл наградамен АҚШ Президенті Дж-Буш-үлкен, Чехия президенті В.Гавел, Германия канцлері Г.Коль және басқалар марапатталған болатын.

3 жыл бұрын (2010) Алматы Халықаралық әуежайында бизнес-джет өндірісі саласындағы дүниежүзілік көшбасшы Нawker Beechcraft Corporation компаниясы Қазақстанда өзінің бірегей әзірлемесі - Hawker 4000 ұшағын таныстырды.

10 жыл бойғы ерен еңбектің нәтижесінде Hawker Beechcraft компаниясы Hawker 4000-дің мүлдем жаңа үлгісін жасап шығарған. Бұл композициялық материалдардан жасалған super mid-size сыныбына жататын алғашқы ұшақ. Әлемге танымал Robb Report журналы бұл бизнес-джетті «2010 жылдың ұшағы» деп атап өткен еді. Hawker 4000 қауіпсіздіктің үш еселенген жүйесімен жарақтандырылған және 9 орынға есептелген. Қазақстанда ұсынылған жаңа ұшақтың құны 20 миллион АҚШ доллары шамасында.

3 жыл бұрын (2010) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік интернет-порталы іске қосылды, аталмыш жоба еліміздегі жоғары оқу орындарындағы 20 мың студентінің басын қосып отыр.

Порталда университет ішінде немесе одан тыс болып жатқан оқиғалар, түрлі мерекелік шаралар, маңызды тақырыптарда өткен дөңгелек үстелдер мен пікірсайыстар және тағы басқа мәліметтер жинақталған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті сайтта 25 Гб көлемінде өзінің Live&Edu атты жеке поштасын аша алады. Бұл құрал университет студенттеріне алыс және жақын елдердегі достарымен, ғылыми әріптестерімен online жүйесі негізінде сөйлесуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ студенттер «Форум» бөлімінде ойларын ашық айтып, кез келген сұрақтарды талқылап, қоғамдық шешім қабылдай алады.

Ал Free soft бөлімінде Microsoft бірлестігінің лицензиясы бар MSDN бағдарламалық құралдарды үздік студенттердің тегін алуына жағдай жасалған.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1903-1964) ақын, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ӘБДІҚАДЫРОВ Қалмақан дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. «Еңбекші қазақ» газетінде, Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл мұражайында қызмет атқарған. Ақынның алғашқы өлеңі «Сырдария» деген атпен 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген. Осыдан бастап өлең-жырлары, әңгімелері республикалық газет-журналдарда жиі басылған. Оның «Екпін», «Шахтер», «Май» атты өлеңдер жинағы, «Сәтбаев», «Келес қызы», «Қажымұқан», «Мақташы қыз» атты прозалық кітаптары жарық көрген. Жазушының «Қажымұқан» повесінде қазақ халқының атақты палуаны, классикалық күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы қызықты да тартымды баяндалған. Сондай-ақ ол балалар әдебиетінің өркендеуіне де үлес қосып, «Өміртайдың ауылы», «Тапқыш», «Тәтті қауын», «Амантай», «Алатаудың бауыры» атты өлеңдер мен әңгімелерін жазған. Көркем аударма саласында шығыс классикасы «Мың бір түнді», шығыс шайырлары Әлішер Науаидың, Фирдоусидің, қырғыз ақыны А.Тоқамбаевтың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

«Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған.

74 жыл бұрын (1939) жазушы, филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ВЛАДИМИРОВ Владислав Васильевич дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Алматинская правда», «Огни Алатау», «Вечерняя Алма-Ата» газеттерінде, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында, Қазақстан КП ОК-інде жауапты қызметтер атқарған. Қаламгердің «Керек адам», «Ер есімін бағалай біл», «Туған жердің желі», «Жалынның жарқылымен бірге», «Қолғаппен және қолғапсыз», «Қарапайым Ивановтар», «Үзіліссіз қойылым», т.б. көптеген деректі және көркем прозалық кітаптары жарық көрген. Оның «Бернулли заңы» романы қазақ тіліне аударылған.

«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

78 жыл бұрын (1935-1986) жазушы, филология ғылымының кандидаты МОЛДАҒАЛИЕВ Жайсаңбек дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) бітірген.

1968-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1973-1986 жылдары Қазақстан Республикасының Әдебиет және өнер институтында ғылыми аға қызметкер болған.

«Жүрек қазынасы», «Мамыражай жаз», «Сенің көркем атың», «Самал жел», «Туған жер көріністері» секілді шығармалар жинағының, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шығармаларына арналған мақалалар авторы. Коллективтендіру кезіндегі халықтың тұрмыс-ахуалы, халықтар достығы, еңбегі оның шығармаларынан көрініс тапты. «Алғашқы қоңырау», «Жарық кілті» романдарында Ы.Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы, 19 ғасырдың II жартысындағы қазақ қоғамының жағдайы сөз етілген. Қазақ тіліне Л.Н.Толстойдың, И.А.Буниннің кейбір әңгімелерін аударған.

Жазушының көптеген шығармалары ТМД халықтары тілдеріне аударылған.

58 жыл бұрын (1955-2006) жазушы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері ҚҰЛАХМЕТ Ғабиден дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі Әдебиет институтының жоғары курсын бітірген.

«Жалын» баспасының редакторы, Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте, Қазақ теледидарында, Қазақстан Жазушылар одағында, «Қазақ тілі» қоғамында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, «Қазақ жастары және бизнес» биресми орталығының бас үйлестірушісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Көзімнің қарасы», «Ақ бастау» жыр жинақтарының, «Үйірі жоқ көкжал» романының, «Көл түбіне кеткен ел», «Ұрпағың үзілмесін», «Ердің сыны», «Серінің соңғы сәлемі» кітаптарының авторы. Шығармалары орыс, поляк, моңғол, шешен, украин, беларусь тілдеріне аударылған.

102 жыл бұрын (1911-1990) Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, филология ғылымының докторы, профессор, жазушы, аудармашы ШАЛАБАЕВ Белгібай дүниеге келді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Ленинград университетінің аспирантурасын бітірген. Жазушы Коммунистік журналистика институтында, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивреситетінде жемісті еңбек еткен. Тырнақалды «Тайжеген тауында» атты повесі 1932 жылы қазіргі «Жұлдыз» журналында жарық көрген. Кейін «Жекпе-жек» повесі, «Өмірде не болмайды» әңгімелер мен фельетондар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ аударма саласында да қалам тартып, В.Белинскийдің мақалаларын, Короленконың «Мылқау» повесін, М.Горькийдің «Жастар мен балалар туралы» жинағын тәржімалаған. Ол 1948 және 1960 жылдары шыққан «Қазақ әдебиет тарихының» бірінші томы авторларының бірі. Жазушының «Қазақ прозасының тарихы. «Сюжет және характер», «Қазақ романының тарихы» атты монографиялары жарық көрген.

1-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

102 жыл бұрын (1911-1993) жазушы МАКЕЕВ Леонид Владимирович дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, қазақстандық 8-ші гвардия дивизиясының «За Родину» әскери газетінің жауапты редакторы болған. Соғыстан кейінгі жылдары «Советский Казахстан» журналының бас редакторы, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий бөлімінің аға редакторы қызметтерін атқарған. Оның «Жұмысшы іскерлігі үшін» атты алғашқы очерктер кітапшасы 1932 жылы жарық көрді. Содан бастап «Ақмола далаларында», «Қаһарманның бейнесі», «Асыл кетпен», «Иван Шапшаев», т.б. кітаптары жарық көрген. Макеевтің аударуымен «Қазақ ертегілері», «Қазақ және ұйғыр ертегілері» және Қалқаман Әбдіқадыровтың «Келес қызы», Ғабдол Слановтың «Кең өріс», Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повестері сонымен қатар басқа да жазушылардың шығармалары орыс тілінде басылды.

Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.

61 жыл бұрын (1952) «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті .МЫРЗАҚҰЛОВ Ғабдуллатиф Тұрғанбайқлы дүниеге келді.

В.И. Ульянов (Ленин) атындағы Ленинградтың электротехникалық институтты бітірген, оптикалық-физикалық құралдар жөніндегі инженер-электрик.

К.Э. Циолковский атындағы Ресей космонавтика академиясының толық мүшесі (академигі)

Еңбек қызметін 1976 жылы Свердловск қаласындағы Орал оптикалық-механикалық зауытында инженер болып бастады. Қазақстанда әртүрлі басқарушы лауазымдарда, оның ішінде Талғар қалалық атқару комитетінің бірінші орынбасары, «Қазавтосельмаш» мемлекеттік компаниясының бірінші вице-президенті, «Сарыарқа» телекоммуникациялық корпорациясының вице-президенті, «Индустриалды паркі» АҚ вице-президенті болып жұмыс атқарды. Соңғы бес жылдың ішінде тікелей ғарыш саласында «Ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» АҚ вице-президентінің лауазымында жұмыс атқарды.

2008 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті болып таєайындалды.

«Құрметті байланысшы» - атағына ие.

46 жыл бұрын (1967) сценарист, Еуразия телеакадемиясының академигі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты АҚЫНЖАНОВА Лейла Сержанқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Бүкілодақтық Кинематография институтын бітірген (1989 ).

"Қазақфильм" киностудиясында, "Хабар" агенттігінде сценарийші, 2000 жылы "Gala TV" продюсерлік орталығында арт-директор және "Тілашар" бағдарламасының әрі "Дорогая редакция" сериалының жетекшісі. 4-ші Еуразиялық телефорумда (2001 ) "Дорогая редакция" сериалы қазылар алқасының арнаулы жүлдесімен марапатталды. Фильмдер тізбегі: "Полнолуние" (1989), "Небольшое отступление" (1991), "И увидел во сне" (1993), "Станция любви" (1993), "Слабое сердце" (1994, Сан-Себастьянде өткен Халықаралық кинофестивальда қазылар алқасының арнаулы жүлдесіне ие болған), "Абай" (1995), "Тот, кто нежнее" (1996), "Фара" (1999, Выборгте өткен Халықaралық кинофестивальда қазылар алқасынын арнаулы жүлдесіне ие болған), "Перекресток" телесериалы (1996-2000 жылдары 448 серия, сценарист, сюжеттік желілер авторы, 1998 жылы ТМД елдерінің телевизиялық фильмдер фестивалінде "Айрықша телевизиялык сериал" номинациясы бойынша "Гран-при"-ді иеленген). Еуразиялық телеакадемияның академигі (2001). Мемлекеттік "Дарын" Жастар сыйлығының иегері.

45 жыл бұрын (1968) суретші-безендіруші АҚАНАЕВ Руслан Амандосұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған..Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің безөндірушілік факультетін бітірген (1987), кескіндемеші.Орыс және ағылшын тілдерін біледі.Бейнелеу өнерінің түрлері - кескіндеме , графика , мүсін , фотоарт.

1989 жылдан - суретші-безендіруші . Жұмыстары «Шығыстық галерея» (Мәскеу қаласы ), «Алыс әлемдер» (Вашингтон қаласы), «Has Sanat» (Астана қаласы), «Трибуна» (Алматы қаласы) галереяларында қойылған.Жұмыстары ҚР Президентінің (2005), Ресей , Гөрмания , Франция , Америка , Канада , Қазақстан , Лихтенштейн , Швейцарияның жеке коллекцияларында сақталуда.«АРТ-МИФ» (Мәскеу қаласы, 1993), «Ел жастары» (Мәскеу қаласы,1986) көрмелеріне қатысқан. Мәскеу (1995), Эрфурт (1994),Вашингтон (1999), Астана (2004), Алматы (2002) қалаларында жеке көрмелер өткізген.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі (1993).

Грамоталармен, дипломдармен, «Орта және кіші қашықтықтағы ракеталарды жоюға қатысушы» медалімен марапатталған (Сарыөзек қаласы, 1998).

31 жыл бұрын (1982) футболшы, қорғаушы, Қазақстан чемпионы АБДУЛИН Ренат дүниеге келді.

56 жыл бұрын (1957) көрнекті кеңестік және ресейлік пианист, композитор және дирижер, РСФСР халық әртісі, төрт мәрте Ресей Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Михаил Васильевич ПЛЕТНЁВ дүниеге келді.