14 тамызда Таяу Шығыста болған оқиғаларға шолу
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы жағдай әлі де ушығып тұр. Бұл тұрғыда халықаралық деңгейде келіссөздер жүргізіп жатқандар бейсенбі күні Израиль мен палестиналық «ХАМАС» тобы арасында Қатарда өтетін келіссөздерге үміт артып отыр. Осы орайда өңірдегі ахуал мен 14 тамыз күні болған оқиғаларды көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Өткен тәулікте Израиль әуе күштері Газа секторындағы 40-тан астам нысанға соққы жасады. Израиль әскері кеше ХАМАС-тың Тель-Авивке шабуыл жасау әрекетінде пайдаланылған зымыран ұшыратын жабдықтардың жанындағы нысандарға соққы бергенін хабарлады.
Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясындағы Коноко газ кенішіндегі америкалық әуе базасына зымыран ұшырылғаны белгілі болды. Кейіннен АҚШ шенеуніктері Сириядағы база зардап шекпегенін және оны Иран жағы қолдайтын жасақ жасағанын мәлімдеді.
АҚШ әскері тәулік ішінде Қызыл теңізде хуситтердің екі кемесін жойғанын хабарлады.
Еуропаның мониторинг агенттігі Сирияның орталығындағы Хомс қаласының маңында жер сілкінгенін хабарлады. Бұл кейінгі бірнеше күнде осы аймақта болған екінші жерасты дүмпуі.
Дүйсенбі күні кешке Рихтер шкаласы бойынша 5,4 магнитудасымен, бұдан кейін магнитудасы 4 деңгейінде жер сілкінді. Немістің зерттеу орталығы (GFZ) оның магнитудасын 4,1 деп бағалады. Жер сілкінген жердің орталығы Хомс қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 55 шақырым жерде орналасқан.
АҚШ әкімшілігінің арнаулы елшісі Амос Хохштейн Израиль мен «Хезболла» тобы арасындағы соғысты болдырмаудың жолдары бар екенін айтты. Израиль мен Ливан арасындағы келіссөзге атсалысу мақсатында жүрген Хохштейн жақында Бейрутке келді.
Сәрсенбі күні таңертең Израиль әскері Тубас пен Тамун елді мекендерінде рейдтерін бастағанын мәлімдеді. Оның барысында бес палестиналық қаза тапты, соның ішінде төртеуі ұшқышсыз басқарылатын ұшақтың соққысынан мерт болды.
Air France және оның еншілес Transavia компаниясы бейсенбіде Бейрутке рейстерді қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Дегенмен олар рейстерді сол өңірдегі қауіпсіздік жағдайына қарай орындайды. Еске салсақ, Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты 29 шілдеде ұшақ сапарлары тоқтатылған еді.
Кеше Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Палестина басшысы Махмуд Аббас Анкараға барып, Түркия парламентіндегі арнайы жиында сөз сөйлейді, деп хабарлайды Палестинаның Wafa ақпарат агенттігі.
Израиль оппозициясының жетекшісі Яир Лапид «Еш Атид» фракциясының отырысында сөйлеген сөзінде премьер-министр Беньямин Нетаньяху мен қаржы министрі Бецалель Смотричтің кесірінен Израиль экономикалық дағдарысқа бет алғанын ескертті.
Саясаткердің бұл сөзі Fitch рейтинг агенттігі Израильдің несиелік рейтингін A+-тен A-ға дейін төмендету туралы шешімін қабылдаған кезде айтылды.
Атап айтқанда, атысты тоқтату туралы келіссөздердің келесі раунды 15 тамызда Қатарда өтуі тиіс. Израиль премьер-министрі делегацияның Дохаға сапарлауын, сондай-ақ келіссөздерге арналған мандатты мақұлдаған. Бұл жайында оның канцеляриясы мәлімдеді.
Өз кезегінде ХАМАС Газа секторындағы атысты тоқтату келіссөздерінің жаңа раундына қатыспайтынын жариялады. Оның орнына олар бейсенбі күнгі жиыннан кейін келіссөз жүргізуші бітімгерлермен кездесуге дайын екенін айтты. Палестиналық топ өз мәлімдемесінде айтарлықтай компромиске барғанын, бірақ 2 шілдедегі соңғы ұсынысына израильдіктерден әлі байыпты жауап алмағанын айтты.