140 балл алғанымды білгенде қатты таңғалмадым — қызылордалық түлек
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мектеп бітірушілердің білім жарысында ең жоғары ұпай – 140 балл еншілеген талапкерлер еліміз бойынша санаулы ғана. Соның бірі – Қызылорда облысының Шиелі ауданында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицейдің түлегі Кәусар Алтынсары.
Кәусар – егіздің сыңары. Онымен бірге мектеп бітірген Гауһар ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 139 балл алып, екеуі бірдей аймақ мерейін үстем етті.
Білім бәсекесінде қатарластарынан оқ бойы озып шыққан Кәусар Алтынсары Kazinform тілшісімен сұхбатта ең жоғары көрсеткішті иеленудің құпиясын бөлісті.
- Егіз түлектердің ең жоғары балл жинауы ерекше әсерлі болды. ҰБТ-ға қалай, неше жыл үзбей дайындалдыңыздар?
- ҰБТ-ға 10-сыныптан бастап дайындалдық. Одан кейін IELTS емтиханын тапсырып, 11-сыныпта курсқа қатысу арқылы дайындықты күшейттік.
- Жоғары балл алатыныңызға екеуіңіз де сендіңіздер ме? Қорытындыны көргеннен кейінгі реакция қандай болды? Қуанышты жаңалықты бірінші кім естіді?
- Өзімнің жоғары деңгейде болатыныма әу бастан сенгенмін. Сол себепті 140 балл алғанымды көргенде қатты таңғалдым деп айта алмаймын. Гаухар да дәл осындай күйді бастан өткерген. Тест қорытындысы туралы ең бірінші әкеме айттым, әуелгіде мүлдем сенбеді. Әкемнің қуанғанын көргеннен кейін ғана көңіл күйім бірден көтерілді.
- Таңдау пәні, болашақ мамандық қандай? Ұстаздарыңыздың еңбегін атап өтсеңіз. Ата-анаңыз қалай қолдау көрсетті?
- Таңдау пәнім — дүние жүзі тарихы мен ағылшын тілі комбинациясы. Гаухар екеуіміздің де таңдаған мамандығымыз — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ұстаздарыма шексіз алғыс білдіргім келеді. Тек пән бойынша білім берумен шектелмей, бойымызға адами қасиеттерді дарытуға ықпалын тигізді. Сыныбымызға қандай балл алсақ та әрдайым қолдау көрсетіп, алға ұмтылуға жігер беріп келді. Мұғалімдерімнің мейірімділігіне, сабырлылығына, жанашырлығына рақмет. Әрине, қандай сынақта да отбасымның қолдауын сезінемін. Біз үйде үш баламыз, ағам Назарбаев университетінде оқып жатыр. Әкем де, анам да педагогика саласында еңбек етеді.
- ҰБТ-да түлектің психологиялық тұрақтылығы маңызды, яғни көбі аудиторияға кіргенде қобалжығаннан білгенін ұмытып қалуы мүмкін. Сіздерде қалай болды?
- Қобалжу әрдайым болады, бұл — қалыпты нәрсе. Бірақ өзіңді дер кезде қолға алып, үрейге бой алдырмау маңызды. Қаңтар айында өткен ҰБТ-ға кірерде менде уайымдау басым болды. Тәжірибе жинақтағаннан кейін абыржуды азайттым. Сенімсіздік көбіне кейінге тартады, сондықтан мектеп бітірушілерге «өздеріңізге, білімдеріңізге сеніңіздер» деп айтқым келеді.
- ҰБТ-ға дайындалудың қандай ерекше әдісі бар? Өзіңіз сияқты мектеп бітірушілерге қандай кеңес бересіз?
- ҰБТ-ға дайындықта ең басты нәрсе ол – тұрақтылық. Адам шаршау, мотивация, көңіл күйдің жоқтығы секілді факторларға тәуелді болмауы керек. Еріншектігіңді жеңе алмасаң, ҰБТ-да ғана емес, өмірде де арман-мақсатқа жету қиын. Адамды алға жетелейтін — тәртіп, ал мотивация уақытша. Екі жыл бойы үзбей дайындалу нәтижесінде көкейге түйгенім — осы. Болашақ түлектерге кез келген еңбек ақталатынын, тек күнделікті әрекет етуді тоқтатпау керегін айтқым келеді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтқандай, тек үлкен еңбек жоғары жетістікке апарады.
- Ағылшын тілінен жетік болудың сырын бөліссеңіз.
- Ағылшын тілін үйренгенде ең басты шарт — сол тілмен өзіңді барынша қоршау. Ол дегеніміз — барлық әлеуметтік желіні сол тілге ауыстыру, күнделікті тек ағылшынша контент көру және тәртіп.
Қызылорда облыстық білім басқармасы бұған дейін егіз түлектердің бұл жетістігін табандылықтың, тынымсыз еңбектің және білімге деген құштарлықтың жемісі деп көрсетті.