1403 байланыс орталығына бір аптада 18 мыңнан астам өтінім түскен
АСТАНА. KAZINFORM – 8-14 маусым аралығында 1403 байланыс орталығы республикалық маңызы бар автожолдарға қатысты 18 мыңнан астам өтінімді қабылдап, өңдеді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жүргізушілер негізінен ақылы жолдардағы төлем мәселелері, бұзылған көліктерді эвакуациялау және жол инфрақұрылымына қатысты өзге де сауалдар бойынша хабарласқан.
Интерактивті дауыстық мәзір (IVR) жүйесінің көмегімен 1 407 өтінім операторлардың қатысуынсыз автоматты түрде өңделген. Сонымен қатар байланыс орталығының операторлары 15 551 қоңырауға жауап беріп, мессенджерлер арқылы түскен 1 191 өтінімді қараған.
«Байланыс орталығы азаматтарға жедел ақпарат беру және жол пайдаланушыларының сұраныстарына уақытылы жауап беру бағытында үздіксіз жұмыс істейді. Бір апта ішінде 18 мыңнан астам өтінім қабылданып, олардың барлығы белгіленген регламентке сәйкес өңделді. Ең көп хабарламалар Ақмола, Түркістан және Қарағанды облыстарынан келіп түсті», – деп хабарлады ұлттық компания.
Компания мәліметінше, республикалық жолдарға қатысты ақпарат алу үшін азаматтар 1403 байланыс орталығына, ресми интернет-ресурсқа, Telegram-боттарға және WhatsApp мессенджеріне жүгіне алады.
Айта кетейік, «TazaQazBot»-қа 44 мыңнан астам өтінім түскен.