1414 қызметінің әрбір 50-ші қоңырауына жасанды интеллект жауап береді – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі міндетін атқарушы Ростислав Коняшкин мемлекеттік қызметтер саласына жасанды интеллектіні енгізу туралы тілшілерге сұхбат берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

вице-министр цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности РК 
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, қазір технологиялар мемлекеттік қызметтерді алу процесін және азаматтардың электрондық үкіметпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.

– Қазіргі уақытта eGov mobile мобильді қосымшасында eGov AI чаты іске қосылды. Бүгінде 1200 мемлекеттік қызмет цифрландырылды, – деді вице-министр Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумының кулуарында.

Оның айтуынша, маңызды бағыттардың бірі – қызмет алушы азаматтармен өзара іс-әрекет болып отыр.

– Азаматтар нақты қай қызметті алу керектігін біле бермейді. ЖИ-консультант бірінші кезекте іздеу функциясын атқарады, көмектеседі және осы мемлекеттік қызметті қалай алуға болатынын түсіндіреді, – деп түсіндірді Р. Коняшкин.

Жақсартуға тырысатын тағы бір бағыт – процестерді жеделдету. Мысал ретінде ол 1414 байланыс орталығының жұмысын келтірді.

– 1414 қызметінде әрбір 50-ші қоңырауды жасанды интеллект өңдейді. Яғни ЖИ-ассистент жауап береді, кеңес береді және белгілі бір мемлекеттік қызмет түрлерін көрсете алады. Осылайша біз азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетудегі өзара іс-қимыл сапасын арттыруды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті сала вице-министрі.

Айта кетейік, Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында cөз сөйлейді.

Жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қатысты.

Спикерлердің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар.

Павел Дуров Alem.ai ғимаратында жасанды интеллект саласындағы арнайы зертханасын ашты.

 

Соңғы жаңалықтар