15 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 15 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.   

15 қараша. Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бұрғылаушы күні

Қазақстанның мұнай-газ, тау-кен, су шаруашылығы, уран және басқа да өндіріс саласының қызметкерлерін қамтитын жаңа мереке жыл сайын қарашаның үшінші сенбісінде тойланады.

Бұрғылаушылар күнін Қазақстандағы кәсіби мерекелер тізімінде атап өту және осындай күрделі кәсіп иелерін құрметтеудің жаңа дәстүрін енгізу — геологтар мен мұнайшылардың, сондай-ақ бұрғылаушылардың еңбегіне құрмет көрсету.

Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні

Бұл күн — теңгенің айналымға енген күні. ҚР Президентінің 1997 жылғы 13 қарашадағы Жарлығымен 15 қараша — Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған — Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері Сауық Тәкежанов еді.

Дүниежүзілік рециклинг күні (Дүниежүзілік қайта өңдеу күні)

Атаулы күннің ресми тарихы 1997 жылдың 15 қарашасынан басталады. Бұл күні АҚШ-та алғаш рет ауқымды экологиялық іс-шара — Америкада қалдықтарды қайта өңдеу күні өтті. Осы оқиғадан кейін мереке басқа елдерге таралды. Оның мақсаты — қоғамның, биліктің назарын қоқыстарды айта өңдеу мәселесіне аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы Ақмола қаласында Қазақ музыкалық драма театры Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Театрдың ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Ж. Омаров болды. Бүгінгі таңда театр репертуарында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», М. Әуезовтің «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ж. Мольердің «Скапенің айласы», Ф. Эрвенің «Түлкі бикеш», Б. Ұзақовтың «Үміт», Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн», т. б. спектакльдері бар. Театрға 1993 жылы Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді.

1993 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы айналымға енгізілді. «Теңге» — орта ғасырдағы түркілердің күміс ақшаларының атауы. Қазақстанда ұлттық валютаны енгізуге қатысты ақша бірлігінің атауын «теңге» деп белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауық Тәкежанов ұсынған.

2013 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, еңбек сіңірген спорт шебері Виктор Сайко есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Гір көтеру спортынан әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарында В. Сайко 20 алтын медаль жеңіп алды, екі мәрте Әлем, Еуропа, Азия және Еуразия рекордтарын орнатты. Ірі халықаралық жарыстарда 55 алтын медаль жеңіп алған.

2016 жылы ҚР Ұлттық банкі 5 мың теңгелік мерекелік күміс монета шығарды. Монетада «Қазақ елі» монументі мен ұлттық киім киген түрлі ұлттардың өкілдері бейнеленген. Монета шығып келе жатқан күннің бейнесімен безендірілген. Оның салмағы — 777,5 грамм.

2018 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, Эритреядан санкцияларды алып тастау туралы қарарды қолдады. 2017 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали мен Эритреяға қатысты санкциялар жөніндегі комитетін басқарды.

2019 жылы Ресейдің Рязань облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші», деп жазылған.

2021 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық спорт клубының нұсқаушы спортшысы, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы Жанна Мамажанова Франциядағы Marseille — Cassis Classique Internationale 2021 халықаралық жартылай марафонының жүлдегері атанып, 20 шақырымдық қашықтықты 1 сағат 16 минут 28 секундта еңсерді. Жыл сайынғы халықаралық жартылай марафон Марсель қаласынан Францияның Кассис қаласына дейінгі маршрут бойынша өтеді. Онда жыл сайын 20 мыңға жуық жүгіруші бақ сынайды. Marseille-Cassis әлемдегі ең танымал жартылай марафон жарыстарының ондығына кіреді. Ол алғаш рет 1979 жылы ұйымдастырылды.

2021 жылы ақмолалық медбике, Ауған соғысының ардагері Елена Бирюкова I дәрежелі «Ауғанстан Демократиялық Республикасының жұлдызы» орденімен марапатталды. 2021 жылы белгілі қазақстандық актер Төлепберген Байсақалов режиссер Айжан Қасымбектің «От» кинокартинасындағы жұмысы үшін Asian World film festival (Лос-Анджелес) кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алды.

2021 жылы танымал қазақстандық актер Төлепберген Байсақалов Айжан Қасымбектің «От» фильміндегі жұмысы үшін Азия әлемі кинофестивалінде (Лос-Анджелес) «Үздік ер адам рөлі» сыйлығын алды.

Asian World Film Festival (AWFF) Голливуд пен Азия ойын-сауық индустриясы арасындағы байланысты нығайтады. Фестиваль байқауына 20-дан астам елден 30 фильм қатысты.

2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары аясында Changan, Chery, Haval маркалы автомобиль шығаратын зауыт құрылысын бастады. Мемлекет басшысына жобаның төлқұжаты ұсынылып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылуы жоспарланып отырған шағын агрегатты құрастыру әдісімен автокөлік шығаратын болашақ зауыттың үлгісі таныстырылды. Өндірістік үй-жайдың ауданы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсына жеке дәнекерлеу және құрастыру цехын салу жоспарланған. Іске қосылғаннан кейін жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам автокөлікті құрайтын болады. Инвестициялардың жалпы көлемі 100 млрд теңгеден асады. «Астана Моторс» компаниясында 2200 жұмыс орны ашылады.

2024 жылы қаржыгерлердің XII конгресінде Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бірінші транзакция екі екінші деңгейлі банктің қатысуымен көрсетілді. Банкаралық QR төлем қызметі Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрамдас бөліктерінің бірі, бұл азаматтарға QR төлемдерін жылдам және ыңғайлы жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, банкаралық QR төлемдерін енгізу бизнеске әртүрлі банктерден бірнеше терминал орнату шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, сонымен бірге азаматтарға елдегі кез келген банк терминалында QR кодын пайдаланып төлем жасауға мүмкіндік береді.

2024 жылы Астанада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумы өтті. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен ауыл шаруашылығы саласының екі мыңнан астам маманы, сондай-ақ үкімет өкілдері қатысты. Форум аясында ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар, саланың даму жолдары және ауыл шаруашылығы мамандарының рөлі талқыланды. 

Соңғы жаңалықтар