15 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
65 жыл бұрын (1958) Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Мырзабек Мырзашұлы РЫСБЕКОВ дүниеге келді.
Талдықорған облысында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген (1983); Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ғылыми хирургия орталығында (1989) білім алған.
Еңбек жолы: 1975-1977 жылдары – Талдықорған облысы, Алакөл ауданы, Киров атындағы кеңшарда жұмысшы. 1984-1987 жылдары Талдықорған облысы Алакөл орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде хирург, бөлім меңгерушісі. 1987-1989 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық ғылыми хирургия орталығында мақсатты клиникалық ординатор. 1989-1999 жылдары – С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің госпитальдық хирургия кафедрасының аға лаборанты, ассистенті, доценті. 1996-1999 жылдары Н.Н. Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығының трансплантология және жасанды мүшелер бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 2007-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының клиникалық-тәрбие жұмысы және ұйымдастыру-шаруашылық жұмысы жөніндегі проректоры, жалпы және факультеттік хирургия кафедрасының профессоры, госпитальдық хирургия кафедрасының меңгерушісі. 2009-2010 жылдары «Астана медицина университеті» АҚ №1 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры. 2010-2011 жылдары директордың орынбасары, Стратегиялық даму департаментінің директоры, Медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры. 2011-2016 жылдары – «Астана медицина университеті» АҚ жалпы хирургия кафедрасының профессоры. 2016-2018 жылдары «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС директоры қызметін атқарды.
2018 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.
2002 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
54 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «АІМИ» ШЖҚ РМК директоры Гүлжахан Амангелдіқызы БИМЕНДИНА дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
1996 жылы Мәскеу мемлекеттік жерге орналастыру университетін бітірген, жерге орналастыру инженері.
Жер саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді. Әр жылдары Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының аудандық жер комитетінің төрайымы, Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, Жер ресурстарын басқару агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің Жер қатынастары және геодезия саласын реттеу департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Экономиканың инфроқұрылымын дамыту департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы қызметтерін, аталған лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, ҚР Жер ресурстарын басқару бойынша агенттігінің және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» құрмет грамоталарымен, марапатталған. Қазақстан Республикасының «Құрметті жерге орналастырушы» төс белгісінің иегері.
52 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Мерейқызы АРЫСТАНҚҰЛОВА дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Страсбург гуманитарлық университетін, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 1998 жылдан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің атташесі, 2003-2007 жылдары ТМД істері жөніндегі комитеттің бірінші, екінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық аппаратындағы халықаралық ақпарат комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде бірінші хатшы. 2008-2022 жылдары – Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, орынбасары.
2022 жылдың шілдесінен бастап қазіргі қызметінде.
52 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рүстем Есләмбекұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.
Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысында дүниеге келді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Көкшетау облысы Авангард кеңшарының комсомол ұйымдастырушысы болып бастаған. 1994 жылға дейін совхоз директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 1994-2002 жылдары Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облысы және Ақмола облыстарында түрлі қызметтерде жұмыс істеді, Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында халықаралық сертификаттарға ие. Есеп комитетіндегі жұмысын 2002 жылы мемлекеттік бақылаушы, сектор меңгерушісі, бөлім бастығының орынбасары, экономикалық дамуды мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы және экономиканың нақты секторының аудит бөлімі ретінде бастады. 2021-2022 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2020),«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Ерен еңбегі үшін» (2008), «Қаржы сақшысы» (II және III дәрежелі) (2016, 2018), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020) медальдарімен, «Қаржы бақылау саласының құрметті қызметкері» (2012) төсбелгісімен марапатталған.
76 жыл бұрын (1947) заң саласындағы қазақ ғалымы, заң ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Еңлік Нұрғалиқызы НҰРҒАЛИЕВА дүниеге келген.
Көкшетау облысында туған.
1973 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1977 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің күндізгі аспирантурасына түсіп, 1979 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, 1993 жылы заң ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
Еңбек жолы: 1973-1992 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі болды. 1994-1997 жылдары ҚР Әділет министрінің орынбасары, 1997-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетінің кәсіпкерлік факультетінің деканы, 1998-2003 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі, 2003-2008 жылдары Алматы заң академиясының ректоры қызметін атқарды.
2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ Мемлекеттік-құқықтық зерттеулер, заң жобаларын әзірлеу және сараптау ғылыми-зерттеу институтының директоры, Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті.
250-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде еңбек құқығының әртүрлі мәселелері бойынша 26 монографияның, 20 оқулықтың (оқу-әдістемелік құралдары) авторы.
«Құрмет» (2001), «Парасат» (2016) ордендерімен, «ЖОО үздік оқытушысы» атағымен (2010), Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталған. «ҚР Ұлттық саясаты доктринасы» (2012), «Гумилев» медалі және университеттің дамуына қосқан зор үлесі үшін (2017), Қазақстан Республикасының мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
129 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері Сәкен СЕЙФУЛЛИН дүниеге келген.
Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған.
1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын шығарған.
Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. 1920 жылы Ақмолаға оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасады.
«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы жазаға ұшырады. Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.
111 жыл бұрын (1912-1998) жазушы, аудармашы, журналист, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жайық БЕКТҰРОВ дүниеге келді.
Ақмола облысы Ақмола ауданы Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген.
Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Л.Пантелеев, Г.И.Серебрякова, Д.Дефо, Ш.Петефии, Я.Г.Гашек, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.