15 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

15 мамыр, СЕЙСЕНБІ
Халықаралық отбасы күні. 1993 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтіледі.
Кореяда мұғалім күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
78 жыл бұрын (1934) КСРО Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен жалпы білім беру мектептерінің үлгілері бекітілді. Үлгіге орай бастауыш мектеп - 1-4 сынып, толық емес орта мектеп - 1-7 сынып, орта мектеп 1-10 сынып болып белгіленді.
20 жыл бұрын (1992) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық ядролық орталығы мен Атом қуаты жөніндегі агенттігі құрылды.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттері арасында ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қол қойылды.
6 жыл бұрын (2006) Алматыдағы Қыш зауытының аумағында І-қазақстандық «Қала және суретші: 1/06» атты симпозиум басталды.
54 жыл бұрын (1958) ғарышқа «Спутник 3» атты Кеңестік ұшу аппараты жіберілді.
23 жыл бұрын (1989) Алматыда ұлы ғалым, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Ш.Уәлихановтың ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторлары - мүсінші Хакімжан Наурызбаев пен сәулетші Шота Уәлиханов.
148 жыл бұрын (1864) «Новая заря» парфюмерия фабрикасының негізі қаланды. Иіс су жасаудың әдісін ойлап тапқан француз кәсіпкері Генрих Брокар Мәскеуде өз шеберханасын ашты. Ол кәсіпорынның алғашқы өнімдері - «Детское», «Медовое», «Янтарное» сабындары. Содан кейін неше түрлі иіс сулар шығара бастады. Олардыың ең танымалы II Николай патшаның зайыбы Александра Федорованың тапсырысы бойынша дайындалған «Императрицаның сүйікті иіс суы». Ол кейіннен «Красная Москва» деген атпен белгілі болды.
13 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі құрылды.
5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің жаңа моделін бекітетін, еліміздің экономикалық дамуының осы заманғы талаптарына және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға жауап беретін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қол қойды.
Сонымен қатар, Елбасы «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерін қолданыстағы заңдарды жаңадан қабылданған Еңбек кодексіне сәйкестендіруге бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) Берлинде Қазақстанның Германиядағы жылы ауқымында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның («Болашақ») Германиядағы және Еуропадағы құрылықтық елдердегі өкілдіктері ресми түрде ашылды.
101 жыл бұрын (1911) «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамының рудниктерінде жұмысшылар ереуілге шықты.
ЕСІМДЕР
94 жыл бұрын (1918-1987) жазушы БОСАҚОВ Жамал дүниеге келді.
Алматы облысының Жаркент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1936 жылы Панфилов ауданындағы мектептерден бастап, көп жылдар бойы мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 30 жылдай «Жазушы» баспасында ұйғыр әдебиеті редакциясының меңгерушісі болған. Алғашқы әңгімелері 1952 жылы ұйғыр жазушыларының «Достық» атты жинағына енген. Оның «Қайнам», «Дүрбелең», «Назугум» пьесалары республикалық ұйғыр театры сахнасында қойылып келеді. Бубеновтың «Ақ қайың», Т.Семушкиннің «Аласталған Алитет» (екінші кітабы), И.Шамякиннің «Терең ағын», А.Кадрийдің «Өткен күндер» атты повестер мен әңгімелерін ұйғыр тіліне аударған. Жазушының «Халық жыршысы», «Дүрбелең», «Таңғы самал», «Мұғалімдер», «Біздің Сулхи» повестері мен романдары жарық көрген.
84 жыл бұрын (1928) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ОРАЛБАЕВА Нұржамал Оралбайқызы дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. 1952-1975 жылдары - Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы, доценті, профессоры. 1975-1989 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері. 1989 жылдан қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, проректоры, профессоры болған. Оның қазақ тілінің грамматикасы, жалпы тіл білімі мәселелеріне арнап жазған 100-ден аса ғылыми мақаласы бар.
84 жыл бұрын (1928) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі ДОСЖАНОВ Тұрғанбай Нұрланұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген. 1955-1957 жылдары - Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1957-1967 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты зоология кафедрасының доценті, меңгерушісі, ректордың оқу ісі және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1967-1994 жылдары - Зоология институтының зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры. 1995 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Зоология институтының бас ғылыми қызметкері болған. Досжановтың ғылыми зерттеулері жылы қанды жануарлардың эктопаразиттерінің экологиясын, таралуын және олардың адам мен жануарларға тигізетін зиянын анықтауға бағытталған. Ғалым оқыра биологиясын зерттеген. Одан арылу шараларын белгіліп, қансорғыш шыбын түрлеріне сипаттама берген. Оның «Мухи-кровосоки», «Мухи-жигалки», «Зоологическая наука в Казахстане» деген еңбектері бар.
79 жыл бұрын (1933-1984) балалар ақыны КӘРБОЗИН Жәнібек дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң, «Балдырған», «Пионер» журналдарында қызмет атқарған. 1953 жылы «Қазақстан пионері» газетінде «Еркіннің бәтеңкесі» атты тұңғыш өлеңі жарық көрген. Алматы облысының Жамбыл, Күрті аудандарында ұзақ жылдар әдебиет пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болған. Оның «Кербақбай», «Қолқанат», «Қарабек пен қарақшы» т.б. пьесалары, «Бәйшешек», «Менің шеберханам», «Біздің Бекен қайда екен?», «Біздің ауыл балалары», «Тампайдың хикаялары», «Бір шоқ гүл», «Біздің ауыл балалары» өлеңдері мен поэмалары жарық көрген.
74 жыл бұрын (1938) химия ғылымының докторы, профессор ЗАКАРИНА Нэлла Асқарқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында утған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1969 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия ғылымдары институтының кіші ғылыми қызметкері. 1969 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Органикалық катализ және электрохимия институтының аға, жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған. ғалымның негізгі ғылыми еңбектері катализдік гидрогендеу және гидрокрекинг мәселелеріне арналған. Ғалымның 250-ден астам ғылыми еңбегі, 40 авторлық куәлігі пен патенті бар.
59 жыл бұрын (1953) БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. 1991-1992 жылдары - КСРО Сырқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы. 1984 жылдан КСРО Сырқы істер министрлігінің орталық аппаратында, Сингапур Республикасындағы КСРО елшілігінде қызмет еткен. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сырқы істер министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1994-1999 жылдары - Сырқы істер министрі. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Сырқы істер министрі болған. 2007 жылы қаңтар айынан -ҚР Президентінің жарлығы бойынша Парламент Сенатының депутаты. 2007 жылдың қаңтарынан Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды. Ол Қазақстанның мемлекеттік шекараларын анықтап бекітуге, әлемнің ірі ядролық мемлекеттерінен қауіпсіздік кепілдігін алуға, Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің іске асырылуына және басқа да стратегиялық маңызы бар іс-шараларды жүзеге асыруға белсенді ат салысты.
«Парасат», «Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.
44 жыл бұрын (1968) ақын СӘРСЕК Жарас дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1990-1992 жылдары - «Өркен» газетінің тілшісі. 1992-1994 жылдары - «Жас қазақ» газетінің бөлім бастығы. 1996-2000 жылдары - «Парасат» журналының тілшісі, бөлім бастығы. 2000-2002 жылдары «ҚазАқпарат» баспасы жанынан шығатын «Қазақстан» журналын ұымдастырушылардың бірі, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің қызметкері. Қазіргі уақытта Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының поэзия жөніндегі әдеби кеңесшісі болып қызмет атқарады. Тырнақалды туындылары республикалық басылымдарда 1990 жылдан бастап жарық көре бастады. Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы» сияқты ұжымдық жыр жинақтарына енген. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. «Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты жыр жинақтары жарық көрген.
83 жыл бұрын (1929) қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МЕДЕУБЕКОВ Қилыбай Үсенұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Ол республиканың ғылыми-зерттеу мекемелерінде ғылыми жұмыстармен айналысып, басшылық қызметтер атқарған. 1997 жылдан Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығында қызмет атқарады. Қ.Медеубековтің академик Ә.Еламановпен бірге жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде республикадағы биязы жүнді, жоғары өнімді қой тұқымы - солтүстік қазақ мериносы шығарылды. Ол академик В.Больмонттың бастамасымен қолға алынған ағылшынның биязылау кроссбред жүнді қойларын жерсіндіру, сондай-ақ линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер бітімдес қойлардың отандық реподукторларын құру жұмыстарын жалғастырды. Оның негізгі ғылыми ізденістері бағалы қой тұқымдарының гендік қорын сақтауға, жетілдіру және көбейтуге, таза тұқымды австралия мериностарының репродукторын құруға, солтүстік қазақ мериносын асылдандыруға және биязылау жүнді, төлді көп беретін қой тұқымын шығаруға бағытталған. Ғалымның 500-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.
«Қазан төңкерісі», «Халықтар достығы» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
78 жыл бұрын (1934-2001) ақын ҚҰТТЫҚОВ Мешітбай дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. 1958-1987 жылдары ішкі істер саласында қызмет етіп, ұзақ жылдар бойы Қазалы, Арал аудандық мемлекеттік автоинспекциясының бастығы қызметін атқарған. 1987 жылдан «Қазақ тілі» қоғамының Арал аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары болып істеген.
Оның тұңғыш өлеңдері баспасөз бетінде 1948 жылы жариялана бастады. М.Құттықовтың «Құс жолы», «Ар-намыс», «Мазасыз түндер» жыр кітаптары мен «Аяқталмаған ән» атты повестер, әңгімелер жинағы жарық көрген. Ақынның «Айқас» поэмасы 1971 жылы республикалық әдеби байқауда бірінші орын алған.
73 жыл бұрын (1939) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БАҚТАЕВ Кеңес дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. 1966 жылдан Абай атындағы опера және балет театрының әншісі болды. Қазір зейнет демалысында. Ол театр сахнасында көптеген рөлді сомдады.
68 жыл бұрын (1944) ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері БӨДЕШҰЛЫ Жаркен дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағында туған. Шыңжаң университетін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1969 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Мерзімдік басылымдарда және Мемлекеттік кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Тұңғыш жыр жинағы «Орақ пен балға» 1978 жылы жарық көрді. Әр алуан басылымдарда ақынның «Аңырақай бекетіндегі ой», «Қарауыл төбе», «Генерал Жаһар Дудаев», «От пен су», «Тас бесік», «Бостандық басы» атты дастандары жарияланды. Ол Түркі тілдес елдер поэзиясы ІІ фестивальінің лауреаты атанып, Қ.Сәтбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық мүшайраның бас жүлдесін жеңіп алды.
«Парасат» орденімен марапатталған.
28 жыл бұрын (1984) гимнастшы, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азияның абсолютті чемпионы, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы ЖҮСІПОВА Әлия Мақсұтқызы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. 2000-2005 жылдары халықаралық жарыстардың жеңімпазы, әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше мәрте жүлдегері, командалық және жекелеген есепте Пусанда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дохада алауы тұтанған Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Азия чемпионатының 5 бірдей алтын медалін жеңіп алған. Ә.Жүсіпова көпсайыс түрінен әлемдегі ең үздік ондықтар қатарына енген алғашқы қазақ қызы. 2004-2008 жылдары Афина және Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. 2001 жылдан бері Әлия Жүсіпова Мәскеудегі көркем гимнастикадан олимпиадашылар дайындайтын орталықтың бас төрешісі атақты Ирина Винердің тәлімінде жаттығады.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
92 жыл бұрын (1920-1997) қазақтың белгілі жазушысы БАҚБЕРГЕНОВ Сәуірбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, Солтүстік Батыс майданда Новгород, Псков, Калинин, Холм түбіндегі ұрыстарға қатысты. 28-панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, кейін дивизиялық байланысшы офицер болды. Соғыстан кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған.
Алғашқы жыр шумақтары баспасөз бетіне 1939 жылы шықты. Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған ұшқыш Т.Бигелдиновтің өміріне арналған алғашқы «Талғат» повесі 1950 жылы жарияланған. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов, К.Әзірбаев, Б.Момышұлы өмірінен елеулі туындылар жазған. Жастарды адамгершілікке, адалдыққа, отансүйгіштікке баулитын, замандастар жайлы ой толғайтын, тарих қойнауынан сыр шертетін және Ұлы Отан соғысы тақырыбын арқау еткен 20-ға жуық романдар мен повестер жинағының авторы. Көптеген шығармалары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған. Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, М.Горькийдің, У.Фолкнердің, В.Короленконың бірсыпыра шығармаларын қазақшаға тәржімалаған.
47 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, экономика ғылымдарының кандидаты ӘБДІҚАЛЫҚОВА Гүлшара Наушақызы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.
1987-1994 жылдары - Қызылорда облысының халықты әлеуметтік қорғау басқармасының аға инспекторы, бөлім бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультанты. 1995-2003 жылдары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек көрсету департаментінің директоры, зейнетақымен қамтамасыз ету және халықтың табысын реттеу департаментінің директоры. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2005-2006 жылдары - «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың наурызынан.
111 жыл бұрын (1901-1991) қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты ТАЙБЕКОВ Елубай Бәзімұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Орынбордағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумының даярлау бөлімін, милиция мектебін және Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1935-1951 жылдары аралығында Қазақ ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ КСР Жер шаруашылығы халық комиссариатында, Қазақстан Компартиясының Ақтөбе облыстық комитетінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1951-1955 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1955-1957 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1957-1961 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының академик-хатшысы, бөлім меңгерушісі, 1961-1963 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық институтының ректоры, 1963-1977 жылдары осы институттың ауыл шаруашылығы экономикасы кафедрасының меңгерушісі болған. 1977 жылы зейнет демалысына шыққан.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
111 жыл бұрын (1901-1988) әнші (тенор), Қазақстанның халық әртісі, Бүкілқазақстандық халық өнерпаздары слетінің жүлдегері ӘБІШЕВ Нұғыман дүниеге келді.
Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында туған. 1935-1960 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясында, 1960-1970 жылдары «Қазақконцертте» әнші болған. Ол Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса және басқа да халық композиторларының әндерін насихаттауда елеулі еңбек етті.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері ҚАБДИЕВ Дүйсенхан Қабдиұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, осы университеттің саяси экономика кафедрасының оқытушысы, Алматы халық шаруашылығы институтының доценті, кафедра меңгерушісі болған. Қазір Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті экономикалық теория кафедрасының профессоры. Ол революцияға дейінгі Қазақстандағы экономикалық ой-пікірдің дамуын зерттеді. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде оның ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінен егеменді Қазақстанда нарықтық қатынастардың қалыптасу барысына, экономиканың трансформациялық құлдырауын еңсеру, оны тұрақтандыру және дамыту, экономикалық интегрция мәселелеріне арналған.
Еңбек Қызыл Ту, Парасат ордендерімен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926-1994) ақын, сазгер ТӘЖІБАЕВ Бәкір дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. 1941 жылдан бастап Темір педагогика училищесінде оқып, Жұрын (қазіргі Мұғалжар) аудандық газетінде, аудандық комсомол комитетінде істеген. 1950 жылы Алматы театр-сурет училищесі жанындағы кино-актерік бөлімін бітіргеннен кейін, бірталай жыл Жамбыл, Шымкент облыстық театрларында актерлікпен шұғылданған. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ опера және балет театры әдеби бөлімінің меңгерушісі болған. Кейін Алматы облыстық Халық шығармашылығы үйінде, Қазақ КСР Театр қоғамында жұмыс жасаған. 1974 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. Оның бірнеше жыр жинақтары, кең тараған әндері мен ән сөздері, драмалық шығармалары бар. «Жас Дәурен», «Ақбұлақ», «Әппағым-ау, Әппағым», «Гүлсің-ау» әндері бар. Оның өз орындауындағы әндері «Мелодия» фирмасынан күйтабақ болып шыққан. «Қамар сұлу» операсы либреттосының авторы.
81 жыл бұрын (1931-1989) актер, Қазақстаннның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НОҒАЙБАЕВ Ыдырыс дүниеге келді.
Алматы облысының Талғар қаласында туған. Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы қазақ студиясын бітірген. 1954 жылдан бастап Қазақ драма театрының құрамында қызмет етіп, 1970 жылдан бастап Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлер факультеті мен республикалық эстрада студиясында педагогикалық қызметпен шұғылданған. Ол «Абай», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Асауға тұсау», «Қан мен тер», т.б. қойылымдарда ойнаған. 1955 жылдан бастап «Мазасыз көктем», «Асу», «Ботакөз», «Алғашқы мұғалім», «Шыңдағы шынар», «Қыз Жібек», «Қилы кезең», т.б. көркем фильмдерге түсіп, ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Гострольдік сапармен Қазан, Уфа, Нүкіс, Шираз (Иран) қалаларында өнер көрсеткен.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1936) қоғам қайраткері, ғалым-агроном САҒЫНТАЕВ Сапар Сағынтайұлы дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін, Мәскеудегі К.А.Тимирязов атындағы ауыл шаруашылық академиясын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1966 жылдары - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық комсомол комитетінің бірінші, облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы. 1966-1984 жылдары - Қарғалы аудандық партия комитетінің екінші, Ойыл, Мұғалжар аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы. 1984-1992 жылдары - Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1992 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.
Қазан революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
71 жыл бұрын (1941) ақын, сазгер, Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері, Платиналы Тарлан сыйлығының лауреаты, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты САПАРБАЙ Исраил дүниеге келді.
Өзбекстан Республикасының Самарқанд облысында туған. Шымкент педагогика институтын бітіріп, осы облыстың «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істеген. 1973-1975 жылдары Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде, «Жалын» баспасында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, «Қазақфильм» телестудиясында, Сыртқы істер минстрлігі ТМД елдері департаментінде жауапты қызметтер атқарған. 1998-1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде 2-ші хатшы болған. Ол 70-ке жуық әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» атты пьесалары театр сахнасында қойылып келеді.
65 жыл бұрын (1947) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы генерал-майор ӘБІҚАЕВ Нұртай Абықайұлы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында туған.
С.М. Киров атындағы Орал политехникалық институтын (1970) инженер-механик мамандығы бойынша; Алматы жоғары партия мектебін (1985), РФ Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. КОКП мүшесі (1991 жылға дейін).
Еңбек жолын 1972 жылдан - Алматы ауыр машина жасау зауытының аға инженері, инженер-конструкторы жұмысынан бастады. 1984 жылдың тамыз айынан - ҚазКСР Министрлер кеңесі төрағасының көмекшісі. 1985 жылдан - Қазақстан Компартиясы Алматы қаласы Фрунзе аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1988 жылдан - ҚазКСР Министрлер кеңесі төрағасының көмекшісі. 1989 жылдан - Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысының көмекшісі. 1990 жылдың мамыр айынан - ҚазКСР Президенті Кеңсесінің бастығы. 1990 жылдың желтоқсан айынан - ҚазКСР Президенті Аппаратының басшысы. 1991 жылдан - ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы. 1994 жылдан - ҚР Президенті Аппаратының басшысы. 1995 жылдан - Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландиядағы және қосымша қызмет ретінде Швеция Корольдігі, Норвегия Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996 жылдан - ҚР Президентінің бірінші көмекшісі» 1998 жылдан - ҚР ҰҚК төрағасы. 2000 жылдан - ҚР Сыртқы істерінің бірінші вице-министрі; ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы. 2004 жылдан - ҚР Парламенті Сенатының 2-ші шақырылым депутаты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы. 2005 жылдың қараша айынан - ҚР Парламенті Сенатының 3-ші шақырылым депутаты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы. 2007 жылдың ақпан айынан - ҚР- ның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2008 жылдың қазан айынан ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.
2010 жылдың тамыз айынан бері - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
«Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Парасат», «Достық» (РФ), «Құрмет» (РФ) ордендерімен; 6 медальмен марапатталған.