15 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 15 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.
15 маусым, ЖҰМА
Әзірбайжан Республикасының Ұлттық мейрамы - Ұлттық Құтқару күні. Гейдар Әлиевтің билік басына қайта келуі құрметіне орай, ел Парламентінің 1997 жылғы маусымның 27-дегі шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі. Әзірбайжан - Кавказдың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армения, Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен, шығысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Астанасы - Баку қаласы. Ресми тілі - әзірбайжан тілі. Ақша бірлігі - манат. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Жоғары заң шығарушы органы - Тұрақты парламент.
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-де орнатылды.
Қырғызстан өрт сөндіру қызметкерлерінің күні. 1994 жылғы қазанның 28-де Қырғызстан Республикасы Үкіметі Қаулысымен бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
69 жыл бұрын (1943) Петропавл 1-ші жылу энергия орталығы алғашқы киловат электр энергиясын берді.
19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Үндістан Республикасында Қазақстан Елшілігі ашылды.
16 жыл бұрын (1996) Абай шығармаларының жинағы Иранда парсы тілінде басылып шықты.
11 жыл бұрын (2001) «Шанхай бестігі» Өзбекстанмен толығып, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» құрылды.
34 жыл бұрын (1978) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР Орман шаруашылығы министрлігі құрылды. Министрлік 1992 жылы ақпанның 7-інде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен таратылды.
12 жыл бұрын (2000) Қостанай облысы Рудный қаласында «Өндірістік мекемелердегі жастармен жұмыс істеу тәртібі» туралы республикалық мәслихат ашылды. Мәслихаттың өткізілуіне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымын жүзеге асыру мақсатында Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі ұйытқы болды. Қатысушылар Соколов-Сарыбай кенішіндегі жастар саясаты бөлімінің тәжірибесімен танысты.
12 жыл бұрын (2000) жазушы С.Мұқановтың (1900-1973) туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит ауылында жаңа мектеп ашылды.
3 жыл бұрын (2009) Ақтау қаласында қан орталығы құрылысының бірінші тасы салтанаты түрде қаланды. Жоба республикалық бюджеттен қаржыланады. Орталық жылына 7000 литр қан қабылдай алатын болады.
ЕСІМДЕР
89 жыл бұрын (1923-1983) жазушы ЕДІЛБАЕВ Жұмабек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. 1944-1967 жылдары Шымкент, Қарағанды облыстық заң орындарында, Түркістан аудандық партия комитетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясында, өлкелік радио комитетінде, КСРО Журналистер одағының өлкелік бөлімшесінде істеген. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін бірыңғай шығармашылықпен айналысқан. «Оңтүстік самалы» атты өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1960 жылы жарық көрген. Кейіннен проза саласына ауысып, бірнеше әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынған. Пьесалары облыстық драма театрларында қойылған. Оның «Жоғалған кілт», «Сыр пернесі», «Бүгінгі ауыл адамдары», «Буырқанған бұлақтар», «Сын сағатта», «Түркістан», «Тереңдегі тебіреністер», «Алтын арал» атты шығармалары бар.
79 жыл бұрын (1933-1999) актер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БАҚТЫГЕРЕЕВ Мұхтар дүниеге келді.
Атырау қаласында туған. Алматы театр училищесін бітірген. 1949-1952 жылдары - Атырау облысаралық қазақ драма театрының актері, 1954-1956 жылдары «Қазақфильм» студиясында, Жастар мен балалар театрында актер болған. Бақтыгереевтің театр сахнасында орындаған Асанбай (Ш.Құсайынов «Біздің Ғани»), Құдияр (И.Байзақов «Ақбөпе»), Нұри (Н.Хикмет «Әпенде»), Ғафур (Х.Хамза «Бай мен кедей»), Осман (Р.Ғамзатов «Тау қызы»), Дәруіш (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Король, Петручио (У.Шекспир «Король Лир», «Асауға тұсау»), Науан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты»), Доғал (М.Әуезов «Алуа»), т.б. рөлдері бар. Актер 1954 жылдан 60-тан астам киноға түсіп, қазақ кино дубляжына белсене қатысқан.
74 жыл бұрын (1938) балуан, еркін күрестен спорт шебері АЙҚАНОВ Әбілсейіт Рүстемұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Сарқант ауданында туған. 1958-1969 жылдары Қазақстанның ауыр және жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі 11 дүркін чемпионы болған. Айқанов халықаралық жарыстарда 74 рет кілемге шығып, оның 72-сінде басымдық көрсеткен. 1961 жылдан Республикалық «Қайрат» еркін спорт қоғамының мүшелерін жаттықтырумен айналысқан. Айқановтың шәкірттері - спорт шеберлері А.Бұғыбаев, М.Есімов, М.Нәдірбеков, т.б. халықаралық жарыстарда республиканың намысын қорғаған.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
169 жыл бұрын (1843-1907) неміс композиторы, пинаист, дирижер, ұлттық композиторлық мектептің ірі өкілі ГРИГ Эдвард дүниеге келді.
108 жыл бұрын (1904-1981) кинорежиссер, оператор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЗЕККИ Осман Уәлиоллаұлы дүниеге келді.
Ол 1953 жылдан Алматы киностудиясында істеп, хроника секторына жетекшілік жасады. 1957 жылдан операторлықпен бірге режиссерлік қызметпен айналысып, бірқатар деректі фильм қойды. Олардың қатарында «Қара түнек сүрлеуі», «Халық таланттары», «Текке кеткен өмір», «Тұңғиық», «Ертеңгі Алматы», т.б. бар. Сонымен қатар ғылыми-көпшілік таспалар мен бір көркем фильм түсірді.
88 жыл бұрын (1924-1983) ақын, аудармашы АХМЕТОВ Әбдікәрім дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Лепсі педагогикалық училищесін, Алматы жоғары партия мектебін, Харьков әскери-медициналық училищесін бітірген. 1943-1950 жылдары әскер қатарында қызмет жасап, Германиядағы кеңестік қарулы күштер сапында, шекара округінде офицерлік қызмет атқарды. Елге оралған соң «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеттерінде, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан және Семей облыстарындағы бөлімшелерінде, Көркем әдебиет баспасында қызмет етті. Біраз уақыт «Жазушы» баспасының аға редакторы болды.
Шығармалары 1939 жылдан жарық көре бастаған ақынның алғашқы кітабы «Өлеңдер» деген атпен шықты. Оның «Толқындағы өмір», «Салқын самал», «Ашық аспан», «Маржандария», т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді. Көркем аударма саласында Л.Украинканың, С.Маршактың, Г.Зелинскийдің, В.Федоровтың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. 1973 жылы қарақалпақ әдебиетінің классигі Бердақ ақынның таңдамалы толғаулары мен дастанын қысқаша жырлап, жеке кітап қылып бастырды.
Бірнеше жауынгерлік-әскери медальмен марапатталған.
63 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Ғылым және білім мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі, Польша Республикасының Сенатымен, Корея Республикасының Ұлттық Жиналысымен ынтымақтастық тобының мүшесі БАШМАКОВ Анатолий Афанасьевич дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл педагогикалық институтын, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1978-1986 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі. 1986-1988 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1988-1991 жылдары - Петропавл қалалық партия комитетінің хатшысы. 1991-1993 жылдары - Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитетінің бөлім бастығы, комитет төрағасының орынбасары. 1993-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық кеден басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1999-2002 жылдары «Азық-түлік корпорациясы» жабық акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілдігі директорының орынбасары, Петропавл экономикалық колледжінің директоры қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
58 жыл бұрын (1954) Еуразиялық экономикалық комиссияның Қазақстан тарапынан алқа мүшесі (министр), экономика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі АХМЕТОВ Даниал Кенжетайұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Павлодар индустриалдық институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін «Павлодартұрғынүйқұрылыс» тресі үй салу комбинатының шебері, Екібастұз қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. 1987-1991 жылдары - Екібастұз қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1991-1992 жылдары - «Екібастұзэнергтұрғынүйөнеркәсіпқұрылыс» тресінің басшысы. 1992-1993 жылдары - Екібастұз қалалық әкімдігінің басшысы. 1993-1997 жылдары - Павлодар облыстық әкімдігінің басшысы, әкімі. 1997-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі. 1999-2001 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 2001-2003 жылдары - Павлодар облысының әкімі. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. 2007 жылдан ҚР Қорғаныс министрі. Қазіргі қызметінде 2011 жылғы 22 желтоқсаннан бері.
3-ші, 2-ші дәрежелі «Барыс», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
102 жыл бұрын (1910-1986) дәрігер-эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор МӘКІРОВ Қуаныш Аманбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ақтөбе облысында туған. Әскери медициналық академияны бітірген.
1936-1949 жылдары - әскери дәрігер. 1950-1959 жылдары - 2-ші Мәскеу медицина институтының эпидемиология және микробиология кафедрасының ассистенті. 1959-1986 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) эпидемиология кафедрасының доценті, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, микробиология және вирусология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ол ішек аурулары, пневмония, туберкулез, пиелонефрит дерттері микробиологиясы мен эпидемиологиясының Қазақстанға тән ерекшеліктерін зерттеген.
«Әскери эпидемиология», «Микробиология, вирусология және иммунология» атты еңбектердің авторы.
47 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Премьер-министрi, экономика ғылымдарының докторы МӘСІМОВ Кәрім Қажымханұлы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Бейжің тіл институтын, Ухань заң университетін (ҚХР), Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
1991-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің бөлім бастығы, бас маманы, «Казақпригранторг» фирмасы директорының орынбасары, ҚХР-ның Үрімші қаласындағы «Қазақинторг» өкілдігінің бас маманы, «Акцепт» ЖШС директорының сыртқы экономика жөніндегі орынбасары, Гонконгтағы Қазақ сауда үйінің атқарушы директоры, «Алматы сауда-қаржы банкі» ЖАҚ басқармасының төрағасы. 1996-2007 жылдары - «Тұранбанк» басқармасы төрағасының міндетін атқарушы, Халықтық жинақтаушы банктің басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Премьер-министрдің орынбасары. Аталған қызметінде - 2007 жылдың қаңтар айынан.
Қазақстандағы Тай боксы федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Таеквон-до федерациясының құрметті президенті.
71 жыл бұрын (1941), заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, Алматы облысы Жамбыл ауданының құрметті азаматы АҒЫБАЕВ Арықбай Нүсіпәліұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1970 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері. 1973-1977 жылдары - Алматы облыстық сотының мүшесі. 1978-1981 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1981-1990 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогиклық институтының доценті. 1991-1999 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің доценті, профессоры. Қазіргі қызметінде 1999-2008 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университеті Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының меңгерушісі, профессоры, доценті қызметтерін атқарған. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің мүшесі, университет жанындағы заң ғылымдары докторлық Диссертациялық кеңесінің ғылыми хатшысы, университеттің «Заң сериясы хабаршысы», «Заң», «Тура би» журналдарының редакциялық алқасының мүшесі. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 6-ы оқулығы, 7-і монографиясы және Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы батыр туралы бірнеше тарихи очерктері жарық көрген. Арықбай Ағыбаевтың жетекшілігімен 15 ізденуші заң ғылымының кандидаты, 2 ізденуші заң ғылымының докторы диссертацияларын қорғаған.
66 жыл бұрын (1946-1999) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, генерал-майор ДРУЖИНИН Анатолий Михайлович дүниеге келді.
Литваның Клайпеда қаласында туған. Павлодар индустральдық институтын, КСРО МҚК Жоғары курсын бітірген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғары курсын бітіргеннен кейін Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған облыстарында түрлі қызметтер атқарған. 1991-1995 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша, 1995-1998 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы болған. 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
56 жыл бұрын (1956) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ЧЖЕН Александр Моисеевич дүниеге келді.
Көкшетау(қазіргі Ақмола) облысы Келлеров ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қарағанды қаласы «Карагандажилстрой» тресінің ҮСК конвейер учаскесінің шебері болып бастады. 1980-1989 жылдары - Көкшетау қаласында өндірістік-техникалық ұйымдарында басшылық қызметте жұмыс істеді. 1989-1992 жылдары - Көкшетау облыстық атқару комитетінің Күрделі құрылыс басқармасының бастығы. 1992-2004 жылдары - Көкшетау қаласындағы «АГВА» агрофирмасы ЖШС бас директоры. 2004-2005 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының әкімі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Экономикалық дамыту департаменті бастығының орынбасары. 2005-2008 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қазан айынан бастап істейді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
60 лет назад (1952) Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі родился ЕСПОЛОВ Тілектес Исабайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасай ауылында (Михайловка) дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1975 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірді.
Өзінің еңбек жолын 1975 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының кафедра ассистентінен бастады, комсомол және партия комитеттерінің хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. 1978-1981 жылдары Мәскеу қаласындағы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқыды. Техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шыққаннан кейін 1982 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты сумен қамтамасыз ету және суландыру жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, оқытушысы және доценті, Алматы индустриялдық колледжінің директоры (1993 жылы), одан кейін Алматы индустриялды-педагогикалық академиясының ректоры болып қызмет атқарды. 1997 жылы экономика ғылымдары жөнінде докторлық диссертациясын қорғады. Бір жылдан кейін профессорлық ғылыми атағын алды. 2001 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры қызметін атқарады. 2003 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы Академиясының Вице-президенті болып сайланды. 2004 жылдың сәуір айында ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Аграрлық ғылымдар бөлімшесінің төрағасы және Құрметті академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Ресей ауылшаруашылық академиясының академигі, Халықаралық Жоғары мектеп академиясының академигі, 2008 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды.
2001 жылдан Қазақстан жоғары оқу орындары ректорлары Кеңесінің мүшесі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, Әлемдік аграрлық жоғары оқу орындарының Жаһандық Консорциум атқарушы комитетінің мүшесі, ТМД елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары кеңесінің атқару комитетінің төрағасы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің білім беру саласында ынтымақтастық бойынша Кеңестің мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдар саласында мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі ҚР Үкіметі жанындағы конкурстық комиссия мүшесі, докторлық диссертация қорғау бойынша Диссертациялық Кеңестің төрағасы қызметтерін атқарады.
Т.И.Есполов ғылыми жаңалықтары ел аумағын аридтік меңгеру тиімділігін арттыруға, Қазақстан экономикасының аграрлық секторында табиғи ресурстарды және техникалық ортаны оңтайлы пайдалануға, жайылымдар мен шөп шабындықтарын су жеткізу жүйелерін пайдалану және тазалауға арналған мелиоративтік техниканың неғұрлым жетілдірілген үлгілерін жасап, өндіріске енгізді, экологиялық әлеуметтік-экономикалық ортаны кешенді талдау мен бағалаудың, сондай-ақ, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің нормативті бағаларын анықтаумен жерді бағалық аймақтандырудың әдістемелік негіздерінің ғылыми әдістемесін жасады. Әлемдік аграрлық рынокқа кірігу жағдайында ҚР АӨК-ін орнықты дамытудың теориялық және әдістемелік негіздерін жасады.
Академик Т.И.Есполов жаңа экономист-аграрниктердің мектебін құрды. Оның басшылығымен ауыл шарушылығында ірі және орта тауарлық шаруашылықтарды қалыптастырудың механизмі, бірлестіктерді дамыту, шоғырланған бірлестіткерді құру (кластер), салаларда ресурстық әлеуетті тиімді пайдалануды ынталандырудың механизмі, сондай-ақ аграрлық секторда ұдайы өндіріс үдерісін қайта қалпына келтірудегі жер және еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы аграрлық сектордағы тиімді нарық жүйесін қалыптастырудың тұжырымдамасын әзірледі. Бұл талдамалар еліміздің Оңтүстік-шығыс облыстарда ауыл шарушылығының үдемелі индустриялау мен инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыруда қолданылады.
Т.И.Есполовтың шәкірттері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республиканың аграрлық секторындағы индустриалды-инновациялық технологияға көшу жөніндегі бағдарламаны іске асыруға белсене қатысады.
Ғылыми жетекшілігімен 54 ғылым кандидаты және 25 ғылым докторын даярлады. Ғылыми ұсыныстары республикадағы бірнеше министрліктердің жүйесінде, яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігінде, ҚР-ның Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар министрлігінде іске асырылып жатыр.
Алматы қаласы мәслихатының ІІІ шақырылымның депутаты болған.
2007 - 2012 жылғы IV шақырылған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, ғылым, білім, мәдениет және спорт сауалдары жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, «Нұр Отан» ХДП-сының Алматы қалалық мәслихатының депутаттық фракциясының жетекшісі болған.
Өзінің қоғамдық және ғылыми-педагогикалық қызметінде сіңірген еңбегіне төмендегі марапттарға ие болды: КСРО ХШЖК-нің медалі (1988 ж.), «КСРО өнертапқышы» медалі (1989 ж.), «ҚР білім беру ісінің үздігі» (1995 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», (1998 ж.) А.Г.Небольсин атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты (2004 ж.), «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» (2005 ж.), «Қазақстанның құрметті мәдениет қайраткері» (2005 ж.), «Парасат» ордені, (2005 ж.), Құқық қорғау және қорғаныс, қауіпсіздік мәселелері Ресей Академиясының Ломоносов ордені, (2005 ж.), «Қазақстанның Конституциясына 10 жыл» (2006ж.), Ы.Алтынсарин атындағы медалі (2006 ж.), «Жылдың үздік ректоры» («Жасыл ел» және студенттік құрылысы отрядтарын қалыптастыру жөніндегі белсенді жұмысы үшін (2007ж.), ҚР Сенат Парламентінің Құрмет грамотасы (2007 ж.), «ҚР-ның ғылымын дамыту үшін» төсбелгісі (2007ж.), «Астана қаласына 10 жыл» медалі (2008ж.), «Нұр Отан» партиясына 10 жыл» медалі, «Белсенді еңбегі үшін» (2008 ж.), ІІ дәрежелі «Барыс» ордені (2010 ж.), сондай-ақ Қазақстан Республикасының және ТМД елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің, Белоруссия мемлекеттік ауылшаруашылық академиясының, К.И. Скрябин атындағы Қырғызстанның аграрлық университетінің, Әзірбайжан ауылшаруашылық академиясының, Молдова Мемлекеттік аграрлық университетінің, Украинаның Ұлттық биоресустар мен табиғи пайдалану университетінің, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағына ие.