1,5 млрд: Алматы облысында жер сілкінісінен зақымданған тағы бір мектеп жөнделеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Бұл туралы Алматы облысы Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты.

1,5 млрд: Алматы облысында жер сілкінісінен зақымданған тағы бір мектеп жөнделеді
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Былтыр 2016 жылы салынған Алматы облысы Іле ауданындағы № 40 мектеп 2024 жылы ақпан айындағы жер сілкінісінен кейін жарамсыз болып қалғанын жазғанбыз. Кейін Іле ауданы Боралдай ауылының тұрғындары бұл мектепте жөндеу жұмыстарының аяқталмауына байланысты наразылық білдірген болатын

Бүгін брифинг барысында Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов айтылған мектеп 2025 жылдың басында пайдалануға берілгенін хабарлады.

- Аудан әкімдігі қаулысымен Боралдай кентіндегі №40 жалпы білім беру орта мектебінде жер сілкінісі кезінде туындаған төтенше жағдайға байланысты төтенше жағдайды оқшаулау және жою мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын істеуге ауданның жергілікті атқарушы органының резервінен 874,4 млн теңге бөлініп, 2025 жылдың басында мектеп пайдалануға берілді, - деді ол.

Сондай-ақ Қайыржан Жақсымбетов жер сілкінісі салдарынан зақым келген аудандағы тағы бір мектеп биыл күрделі жөндеуден өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, М.Түймебаев ауылындағы №20 орта мектеп ғимараты қазіргі уақытта төтенше жағдайда тұр.

- Қазіргі уақытта №20 орта мектептің 1591 оқушысының 552-сі М.Түймебаев ауылындағы № 19 орта мектепке, 475-сі Көкқайнар ауылындағы №53 мектепке және 564 оқушысы №44 орта мектепке тасымалданып жүр. Аталған мектеп бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мектептің күрделі жөндеуіне жұмсалатын жалпы сметалық құны - 1 млрд 541,4 млн теңге, - деді аудан әкімі.

Еске салайық, былтыр Алматы облысында жер сілкінісінен соң 44 нысанда жарықтар пайда болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар