158 мыңға жуық нәрестеге туберкулезге қарсы вакцина егілді — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Мамандардың айтуынша, сәбилер мен балалардың арасында туберкулездің алдын алуда екпе алу маңызды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фтизиатр-дәрігері Мәлік Әденов мәлім етті.
— 158 мыңға жуық нәресте БЦЖ (Кальметт-Герен Бацилла вакцинасы) вакцинасын алды. Аталған вакцинаны егу, әсіресе сәбилер мен балалардың арасында туберкулездің алдын алуда маңызды. Биыл 6 айдың қорытындысы бойынша перзентханада 158 776 бала (94,5%) БЦЖ вакцинасымен егілді, 1 жасқа дейінгі учаскеде тіркелген жері бойынша тағы 3 764 бала. Айта кетсем, елімізде 1 жасқа дейінгі балалардың 97,01 пайызы (ДДҰ стандарты бойынша 95%-дан кем болмауы керек) Кальметт-Герен Бацилла вакцинасын алды, — деді Мәлік Әденов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл алты айда елімізде туберкулез дертінен өлім-жітім 20 пайызға төмендеді.
Ал биыл наурыздағы есеп бойынша елімізде туберкулезден өлім-жітім 50 пайызға азайған.
Айта кетейік, АҚШ ғалымдары туберкулезге қарсы күресте үлкен жетістікке жетті.