Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

16 адамның өмірін қиған көлік жүргізушісі Д.Козлов 10 жылға сотталуы мүмкін

  АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Тамыздың 19-ы күні Алматы - Екатеринбург тас жолында орын алған ірі жол-көлік апатына кінәлі 34 жастағы Дмитрий Козловқа қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды.

16 адамның өмірін қиған көлік жүргізушісі Д.Козлов 10 жылға сотталуы мүмкін

«Қазіргі кезде Д.Козлов ауруханада жатыр. Оны сақшылар күзетіп отыр», - деп хабарлады Ақмола облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. «Жол-көлік апатына кінәлі 34 жасар Д.Козловқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы - екі және одан да көп адам өліміне әкеліп соқтырған жол жүру ережелерін бұзу әрекеті, екіншісі, 297-бап - оқиға болған жерден қашып кету», - делінген ресми хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 19-ы күні Алматы - Екатеринбург тас жолының 1309 шақырымында ірі жол-көлік апаты болды. Жүк машинасын басқарған Астана қаласының тұрғыны Д.Козлов жолдың қарсы жақ бетіне шығып кетіп, жолаушылар автобусымен соқтығысты. Автобустың артында келе жатқан «Audi-100» көлігі де апатқа ұшырады. Осы жол-көлік апатында 16 адам қаза тауып, 20-дан астамы түрлі жарақаттар алды. Оған кінәлі Д.Козлов оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Жақында тәртіп сақшылары оны ұстады.